Жамбылдағы «Ақмола» су қоймасының құрылысы келесі жылы басталады
Жамбылдағы «Ақмола» су қоймасының құрылысы келесі жылы басталады
1,025
оқылды
Жамбыл облысында құрылысы келесі жылы басталатын «Ақмола» су қоймасы өңірдегі Байзақ, Талас аудандарындағы 6,5 мың гектар алқапты ағын сумен қамтамасыз ететін болады.Президент Жолдауынан туған міндетке сай облыс аумағында дәл осындай 3 су қоймасы салынады. Бұл туралы «Қазсушар» кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалы мен өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп ұйымдастырған баспасөз турында айтылды. «Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асуы және вегетация кезеңінің қорытындысы» тақырыбында өткен баспасөз турында БАҚ өкілдеріне «Қазсушар» кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев «Ақмола» су қоймасының перспективасы жайында сұхбат берді. – Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қойма салынады деген болатын. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес ағын суға тәуелділікті жою мақсатында Жамбыл облысында 3 жаңа су қоймасы салынады. Мәселен «Ақмола» су қоймасының сыйымдылығы 11,1 миллион текше метрді құрайды. Талас және Байзақ аудандарының аумағында салыншатын гидротехникалық нысан жергілікті шаруаларды секундына 7 текше метр ағын сумен қамтамасыз ете алады. Қазіргі таңда су қоймасының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге қаражат бөлініп, жобалаушы болып «КазГидро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылды, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы. Сондай-ақ баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері Жамбыл ауданындағы инженерлік-ирригациялық дренажды жүйелерді жетілдіру жобасының 2-фазасы аясында жүргізілген жұмыстармен танысты. «Халықаралық қайта құру және даму» банкінің қаржыландыруымен қолға алынған жоба аясында, 212,2 шақырым болатын 51 нысан күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Бұл 15,1 мың гектар алқапқа ағын су жеткізудің техникалық мүмкіндігі артатынын көрсетеді. Мұнан бөлек журналистер вегитациялық кезең қорытындысы бойынша жергілікті шаруалардың алқаптарында да болды. Өз кезегінде диқандар биыл ағын судан таршылық көрмегенін атап өтті.