Аса маңызды өзгерістің бірі
– 2021 жылы Мемлекет басшысы Парламенттің біріккен отырысында «Жастар саясаты туралы» заңды жетілдіру бойынша тапсырма берген болатын. Жалпы, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң 2015 жылдан бері жүйелі өзгерістер көрмеген. Осы заңның аясында біз қазір біршама нормаларды қарастырып жатырмыз. Оның ішінде жастарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет, жас қызметкер секілді дүниелер бар. NEET санатындағы жастарды заңдық негізде барлық мемлекеттік органның құзыретіне енгізіп жатырмыз. Олармен жан-жақты, жүйелі жұмыс істелетін болады. Ал 35 жасқа дейінгі шекке келетін болсақ, бұл жастардың мүмкіндіктерін ұлғайтып, жастардың санын екі есеге көбейтеді. Аса маңызды өзгерістердің бірі. Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттарға жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квота берілген. Енді таңдау мүмкіндігі 29 жас емес, 35 жасқа дейін өсетін болады. Бұдан бөлек, жергілікті өңірлердегі тұрғын үй бағдарламалары, жастардың кәсіп бастауына берілетін 2,5 пайыздық несиені алу мүмкіндігі де артады. Аяулым САҒЫНБАЕВА, демограф, Чехияның Карлов университетінің докторанты:Халықтың сұранысынан шыққан ұсыныс
– Сонымен, Қазақстандағы жастардың санаты ұлғаятын болды. Бірақ назар аударатын бір нәрсе бар: егер 35 жасқа дейінгілер деп айтылса, жастардың санаты 14-34 жас деп бағаланады. Яғни, 35 жасқа толғандар қосылмайды. Бір қызығы, деректе елімізде осы санаттағы 6,2 млн адам бар деп көрсетілген. Менің есептеуімше, шынында 5,6 млн адам болуы керек еді. 35 жастағыларды қосар болсақ – 5 млн 952 мыңнан астам. Тек 36 жастағыларды да қосқанда, 6,2 млн-ға жетеді. Мұның бәрін 2022 жылдың басындағы деректерді негізге алып айтып отырмын. Ал жауаптылар есепті қайдан алғанын білмеймін. Тағы бір түсініксіз тұсы, жастардың санатын неге 14 жастан бастағаны белгісіз. Олар өтпелі кезеңдегі жасөспірім саналады, әлі әке-шешесі жауап береді, төлқұжат алып үлгермегендер. Сондықтан санатты 18 жастан бастау керек еді. Меніңше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жас ерекшелігіне сай 18-44 жас аралығы деп белгіленсе дұрыс болар еді. Енді жастар санатын ұлғайту олардың әлеуметтік-экономикалық индикаторларына қалай әсер ететініне тоқталсақ. Біріншіден, жастар санатының өсуі олардың белгілі бір бағдарламалар арқылы тұрғын үй алуына, бизнес бастауына гранттар ұтуына септігін тигізуі мүмкін. Екінші жағы, жастар санының өсуімен бірге NEET үлесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, ауру, өлім, қылмыс, суицид сияқты әлеуметтік маңызды статистикалар да өседі. Яғни, жастарға қатысты деректер бұрынғыдай 14-29 жас аралығын емес, 14-35 жас аралығын қамтиды. Үшіншіден, 2006-2007 жылдардан бастап елімізде туу көрсеткіші өскенін ескерсек, енді жыл сайын жастардың саны көбейіп отырады. Төртіншіден, «Жастар кадрлық резервін» білеміз. Онда 35 жастағылар да конкурсқа өте алады. Ал мына жақта жастар санаты 29 жаспен шектеліп тұрды. Мүмкін, осы да себеп болды. Менің ойымша, ең басты себеп, жастар санатының өсуі – халықтың тілегі. Соңғы 5 жылдан бері жастардың градациясын көтеру жайында мәселе көтерілді. 2020, 2021 жылы да үлкен талқылауға түсті. Сондықтан жастар санатын өзгертуге тура келді деп ойлаймын. Мәселен, қазір жастар орта есеппен 24-25 жас шамасында магистратураны тәмамдайды. Одан кейін докторантураға түседі. Оқу біткенше жастардың санатынан шығып қалады да, түрлі әлеуметтік жеңілдікті ала алмай қалады. Еңбек нарығында жұмыс істеген уақыты аз болады. Міне, сондықтан керек болды. Қорыта айтқанда, бұл жастар саясатын жүргізуде өзгерістерге әкелуі мүмкін, әйтпесе демографиялық тұрғыда айтарлықтай маңызы жоқ. Рамазан САТТАРҰЛЫ, әлеуметтанушыЖастар санатын ұлғайту – дүниежүзілік тенденция
– Қазір жастар санатын өсіру – дүниежүзілік тенденция. Сол себепті еліміз де әлеуметтік-демографиялық жағдайды ескеріп, жастар санатын көбейтуді ұсынып отыр. Санаттың төменгі шегі түсінікті, физиологиялық, тұлғалық даму ерекшеліктеріне қарай белгіленеді. Ал жоғары шегі экономикалық әлеуетіне байланысты. 30 жасқа дейінгілердің бір бөлігі отбасын құрып үлгермейді. Материалдық жағынан әлі де өзгеге тәуелділері, әлеуметтік тәжірибесі қалыптаспағандары бар. Осы факторларды ескерсек, жастар санатын ұлғайтуға негіз бар. Бірақ мұның бір кері жағы бар. Үкімет пен әкімдіктерге жастар үшін біршама ресурс жұмсауға тура келеді. Өйткені жастарға арналған жеңілдетілген бағдарламаларға шығындалады. Мұндай кезде Үкіметке үміт артып отырғысы келе беретін жастар көбеюі мүмкін. Дәл қазір бұл амалдан мемлекет ұтады не ұтылады деп айту қиын. Жалпы, гуманистік тұрғыдан жастар санатын ұлғайтуға толық негіз болды.