Аграршының бағын банк аша ма?
Аграршының бағын банк аша ма?
478
оқылды
Үкіметке азық-түлік бағасын ұстап қалу бәрінен маңызды болып тұр, себебі Президент инфляцияны құрықтай алуы не оған мүмкіндігінің жетпеуі Смайылов Үкіметінің шама-шарқын, оның алдағы тағдырын айқындайтынын анық білдір­ген. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, онсыз да экономикалық дағдарыс сал­дарынан басқа шауып, төске өрлеген қымбатшылықты Ресейдегі жұмылдырудан қашқандар тасқыны тіпті өршітті. Осы орайда сарапшылар мемлекеттік Аграр­лық банкті құру мәселесі қайта өзекті болғанын алға тартады. Өйткені коммер­циялық банктер ауыл шаруашылығын несиелендіруді қойып барады. Әлемді асырамас бұрын өзіміз тойынайық Осыдан он жылдай бұрын Үкі­метте «Қазақстан бүкіл әлемді асы­рай алады» деген сөз сән болатын. Осы арқылы еліміздегі аграрлық саланың аста-төк әлеуетін мең­зейтін. Алайда мемлекет сол мол мүмкіндікті пайдалана алмады. ­Қа­зіргі кезде қант, тауық еті, кө­кө­ніс, жеміс-жидек сияқты ауыл ша­руашылығы өнімдері бойынша импортқа тәуелді болып отыр. Ре­сей-Украина қарулы жанжалы сал­дарынан, жаһандық инфляцияның шығандауы Қазақстанның ахуалына теріс ықпал етті. Екі жыл бұрын 10 мың теңгеге дүкеннен үш пакет та­уар арқалап қайтатын жұрт қазір сол сомаға бір пакетті әзер толтыра алатын жағдайға жетті. 2020 жылы бір келісі орта есеппен 188 теңге ғана тұрған құмшекердің бағасы биыл 900 теңгеге дейін, яғни 5 есе­дей қымбаттады. Әрине, бүгінде ол баға орта есеппен 470 теңгеге түсті. Бірақ мұның өзі екі жыл бұрынғыдан 2,5 есеге көп. Ата-бабадан мұраға қалған ұлан-байтақ дала ұқсатып, ұтымды пайдалана білсе, шынымен, бүкіл адамзатты асырауға жәрдемдесе алар еді. Олай болмаған соң Үкімет өзге түгіл, өз халқымызды да арзан азыққа қарық қыла алмады.
Мемлекет басшысы дамыған агроөнеркәсіп кешенінсіз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтуға болмайтынын нық­тады. Бұл жердегі басты бір проб­лема – мерзімі ұзақ әрі арзан кре­диттің жоқтығы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып тұрғанын» мәлімдеді. Оның мәліметінше, Қа­зақстанда шағын және орта бизнесті (соның ішінде ауыл бизнесін) қар­жыландыру үшін 42 миллиард дол­ларға жуық қаражат жетіспейді. Бұл қазіргі бағаммен 20,3 триллион теңгеге пара-пар. «Сөйте тұра, банк­терде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайда­сын тигізбей босқа жатыр», – деді Мем­лекет басшысы. Отандық екінші деңгейлі банктерде 11 трил­лион теңгеден астам жоғары өтім­ділікті актив, қаражат жатыр. Олар аграршыларды несиелендіруге қы­зықпайды.
Салыстыру үшін айтсақ, Батыс Ресейге басқыншылығы үшін ауыр санкциялар енгізгенде, шетел сарапшылары оның экономикасы күйреп, халқы қатты күйзеліп, Ве­несуэла, Ауғанстандағыдай көшеде аштықтан бұратылып, құлай бас­тауы мүмкін деген үрейлі сцена­рийлерін жариялап жатты. Бірақ олай болмады. РФ басты банкі – Ресей Банкінің өкілі, қаржыгер Марина Асарәлиеваның айтуын­ша, биыл ресейлік ауыл ша­руа­шылығы тауарларын өндірушілер банк заем­дарын алуды еселеп арт­тырды. Агробизнес кредиттерінің жалпы портфелінің шамамен жартысы – Новосібір облысы мен Алтай өлкесінің еншісінде. Ал қазақстандық аграршылар мысалы, ауыл шаруашылығы тех­никасын лизингпен алу бағдар­ламасы аясында заемды 17 пайыздан алуға мәжбүр. Саланы түйткілдер мен тұйықтар сандалтты
Атап өтер жайт, әлемде өрке­ниетті елдерде де фермерлер бүкіл шаруашылығын кредитке жүргізіп, өркендетеді. Мұнсыз алға басу қиын. Бұл тұрғыда қазақстандық аграршылардың екі қиындығы бар: бір жағынан, комбанктер ауыл бизнесіне несиесін аса қымбатқа береді. Екінші жағынан, аграр­шы­ларды несиелендіргісі келмейді. Сондықтан биылғы Жолдауында Президент Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу агенттігіне және Үкіметке тізе қосып, нақты сектор­ды тұрақты әрі қолжетімді несие­мен қамтуға нақты шешімдер қа­былдауды тапсырды. «Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық таны­туы керек. Шетелдерде бұған қа­тысты оң тәжірибе бар», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда сарапшылар жеке Ауыл шаруашылығы банкін ашу идеясына қайта оралды. Себебі диқандар қазіргі нарықтағы несие серіктестіктерінен несие алу үшін құжаттарды дайындау, рә­сімдеу өте ұзақ уақыт алатынына, несиелер тек қысқа мерзімге бе­рілетініне әрі сол несиенің өзіне көп­шілігі­нің қолы жете бермей­тініне ша­ғымданып жүр. Сондықтан таяуда бір топ Парламент депутаты Үкі­метке Аграрлық банкті құру бас­тамасымен шықты.
«Біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Ресей, Бе­ларусь өн­дірушілерімен тең бә­секеге түсе алмайды. Өйткені бұл елдердің ша­руаларының жері мен мүлкін ке­пілдікке алып, ұзақ мер­зімге арзан несие беретін, бөлім­шелері барлық ауданда орналасқан Агробанктері жұмыс жасайды. Біріңғай экономи­калық кеңістікте бірдей жағдай жасау және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық шаруалардың бә­секеге қабілетін арттырып, арзан, ұзақмерзімді несиелер беру үшін осы кезге дейін Парламент қабыр­ғасында бірнеше рет көтерілген, бірақ шешімін таппай жатқан ма­мандандырылған ауыл шаруа­шы­лығы банкін ашу мәселесін арнайы қарауыңызды, оның оң шешілуін бүкіл шаруа күтіп отырғанына на­зарыңызды аударғымыз келеді», – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы депутаттық сауалында.
Агроөнеркәсіп саласына маман­данған, яғни тек қана ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілерге кредит беретін жеке мемлекеттік банкті құру бастамасын биылғы мамырда Мәжіліс депутаттары да көтеріп, Үкіметке депутаттық сұрау жолдады. [caption id="attachment_220313" align="aligncenter" width="1451"]агробанк © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Негізі, Қазақстанда Агробанкті құрып, ауыл шаруашылығы саласын кредиттеудің көпдеңгейлі жүйесін енгізетін уақыт жеткенін 2017 жыл­ғы 23 қазанда сол кездегі Мәжіліс­тің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Сапархан Омаров мәлімдеген болатын.
«Әрине, біз мал шаруашылы­ғын жемазықпен қамту, жайы­лым­дық қой өсіру, отандық ауыл шаруа­шылығы техникаларын шығару сияқты маңызды мәселелерге сал­мақты назар аударып жатырмыз. Бірақ аграрлық сала табысты дамуы үшін қаржыландырудың қолже­тімсіздігі сияқты жылдар бойы қордаланған түйткілді проб­лема­ларын шешу талап етіледі», – деді ол. Алайда С.Омаров ізінше Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалған соң бұл бастама­сынан тез бас тарта қойды. Бірақ қордаланған мәселелер сол бойы шешілмеді.
Жаңа Үкімет неге ескі дәйекке үйір? Сарапшылардың байламынша, жаңа Агробанкке ауыл шаруа­шы­лығы саласына бағытталған бар­лық субсидия мен дотацияны бе­руге болады. Әйтпесе, несиесін арзандату үшін коммерциялық банктерге берілген субсидиялар аграршыларға жетпей жатады. Банкирлер не нысаналы мақсатына жұмсамайды, не мемлекетке қай­тар­майды. Бөлінген қаражатты бақылаудың жолға қойылған жүйесі де жоқ. Оның соңы былтыр Анти­кор, Қаржылық мониторинг агент­тігі және басқа да құзырлы орган­дардың аграрлық облыстардың бә­рінде дерлік субсидиялардың талан-тараж болуы деректерін ашуына қатысты жанжалға соқтырды. Есеп комитетінің тұжырымда­уынша, субсидиялауды өңірлер арасында бөлу кезінде әр облыстың ауыл шаруашылығы әлеуеті ес­ке­рілмейді. Мемлекеттен мол суб­сидия алған агрокешендер жобалық қуатына шыға алмаған, жобаларын іске қоспаған, кейбірі жабылып тын­ған. Дұрысы, субсидияларды нақты даму жоспары бар, өз тәуе­келдерін сақтандырған, өз ісінде нақты әрі ірі жетістіктерге жеткен аграршылар алуы тиіс еді. Жеке Агробанктің бі­лік­ті мамандары осының бәрін ба­ғалап, салмақтауы керек. Әлемдік тә­жірибеде солай. Ал бізде субсидия таратумен не жеке банктер, не жар­тылай жекеменшік порталдар айна­лы­сып келді. Олардың көздегені ауыл­ды дамыту емес, пайда табу. Қазір Қазақстанның аграрлық саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесінің жобасы талқыға салынып жатыр. Саланы тұйықтан алып шығуы тиіс ойын ережелерін қабылдауға аз уақыт қалды, әлемдегі күрделі жағдай аясында жайқалып жүруге мүмкіндік жоқ. «Атамекен» палатасының Агроөнеркәсіп кешені комитеті де мамандандырылған қаржы инс­титутын – Агробанкті құратын кез келгенін мәлімдеді. Себебі тәжірибе көрсеткендей, кредит ресурс­та­рының тапшылығы қазақстандық фермерлердің аяғына тұсау болып отыр. Палата комитетінің ұстаны­мынша, Аграрлық банктің қызметі жеке заңмен реттелуі керек. Аталған банкті Үкімет жеткілікті көлемде қаржымен қамтамасыз етуі шарт. Нәтижесінде, ол біртіндеп, аграр­лық сектор субъектілерінің арзан әрі ұзын несиеге деген қажеттілігін толық өтеуі тиіс. Бұл ретте ұлттық палата комитеті банктің бүкіл кредитінің кем дегенде 50 пайызын ұсақ және орта фермерлерге ба­ғыттауды ұсынды. Олай бекітпесе, банктің тым тартымды несие ресурстарын сала олигархтары өзара таратып алуы мүмкін. Осындай жеке банкті құру, соның көмегімен АӨК субъектілері мен ауылдағы кәсіпкер азаматтарды қаржыландыру Үкіметке саладағы қаржы ағынын бақылауға, олардың қаржылық хал-ахуалын біліп, бағалап отыруға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекет саланың тамырын басып, онда қалыптасқан жағдайды, оның өзгерістерін дер кезінде біліп отырады. Дегенмен әзірге Үкімет бас­шысы Әлихан Смайылов жеке Агробанкті құру идеясын құп­та­мады. Ол осы байламын депутат­тарға жауабында хабарлады. Оның айтуынша, қазір «Байтерек» ұлттық холдингі өзінің мамандандырылған еншілес компаниялары арқылы агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржыландыруды жүзеге асырады. Оларға кредит беру және лизинг қызметтерін ұсынады. Ал «маман­дандырылған банктің функциона­лы мен қызметі экономиканың тек бір саласына қызмет етумен ғана шектеледі».
«Агробанк қаптаған банк опе­рацияларының бәрін бірдей орындай алмайды. Агробанктің тар мамандануы салдарынан, оның тәуекелдері қордаланып, жоғары шоғырланады, яғни тәуекелдерін әр салаға бөліп, әртараптандыра ал­майды. Ал салымшылар қаржылық қызметтердің толық спектрін алуға болатын әмбебап банктермен жұмыс істеуді қалайды. Сол себепті тар мамандандырылған мемле­кет­тік, кооперативті банк халықтың депозиттерін тартуда қиындыққа тап болады. Бұған табыстылықтың төмендігі және жоғары, әртарап­тандырылмаған тәуекелдер қосыл­ғанда, оның қаржылық жай-күйінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Агробанкке бюджет қаражатын одан ары молынан құю талап етіл­мек. Осы айтылған негізінде Агр­о­банк құру орынсыз деп есептей­міз», – деді Премьер Ә.Смайылов.
Жасыратыны жоқ, бұл – бұ­рын­ғы Үкіметтер алға тартқан ескі дә­йектеме. Не десек те, талқылау жалғасуда. Ал Смайылов Үкіметіне Мемлекет басшысы ескі сүрлеу­мен салып-ұрып жүре бермей, жа­ңа жолдар, креативті тәсілдер табуды тапсырғаны есте.