Кәсіпкерді әуре-сарсаңға салған кім?
Кәсіпкерді әуре-сарсаңға салған кім?
527
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысын­да жол құрылысымен айналыса­тын кәсіпкер өзі сатып алған қиыр­шық тасты пайдалана алмай отыр. Оған жергілікті полицейлер кедергі келтіруде. Соның сал­дары­нан жол жөндеу мерзімі ке­шеуілдетілуде. «Магнит – 2010» ЖШС аудандық қана емес, сондай-ақ республикалық маңыздағы жолдарды жөндеумен айналысады. Кәсіпорынның бірнеше өндіріс орны, асфальт-бетон зауыты бар. Сондай-ақ өз әріптестерімен бірнеше жылдан бері жолдастық қарым-қатынас қалыптастырып үлгерген. Биыл кәсіпорын «Көкше Табыс» және «Көкшетау жолдары» серіктес­тік­терімен келісімшарт жасасып, қиыршық тас жеткізіп беру міндеттемесін өз мойнына алған еді. Бұл материал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Тахтаброд-Гусаковка» жолын жөндеуге жұмсалуы тиіс болатын. 15 шақырымдай бұл жолдың асфальты біржолата тозып, ой-шұңқыры көп жолдан ауыл тұрғындары әбден мезі болған еді. Жоспар бойынша бұл жұмыс биыл аяқталуы тиіс. Алайда ілік іздеген полицейлер осы жолдың құрылысына арналған қиыршық тасты пайдалануға рұқсат бермей отыр. Амалы құрыған кәсіпкер облыстық кәсіпкерлер пала­тасына жүгінді.
«Полиция қызметкерлері заңсыз өнді­ріл­ді деген желеумен қиыршық тасты пай­далануды шектеген. Әрі оның заңдылығын растайтын құжаттарды назарға алар емес. Сондай-ақ полиция қызметкерлері құры­лыс материалын пайдалануды шектейтін жазбаша акт ұсынбаған, тек ауызша ғана тыйым салған», – деп түсіндірді кәсіп­керлер палатасының бөлім бастығы Айдос Кеңбейілов.
Кәсіпорын директоры Серік Нұрпейі­сов бастапқыда бұл жағдайды өз бетінше реттемек болған екен, алайда құқық қорғау органдарының араласу себебін анықтай алмай дымы құрыпты.
«Сәуір айынан бастап аудандық полиция бөлімі тарапынан менің бірнеше рет жолдаған ресми өтінішіме бірде-бір дәлелді жауап берілмеді. Аудандық про­куратура да қылмыстық істің қозғалу себебін ашып айта алмады. Бірақ біздің жүк көліктеріміз талай рет тоқтатылды. Ал «Көкшетау жолдары» ЖШС-ның қызмет­керлері болса, қараптан-қарап отырып алтын уақытын жоғалтуда. Біздің өңірде жол құрылысын жүргізу мерзімі онсыз да тым қысқа», – деп налиды кәсіпкер.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақов болса, заңсыз өндірілген қиыршық тас туралы ақпарат биыл сәуір айының соңында «102» пультына ауыл әкімінен түскенін айтады.
 «Ауылдық округ әкімінің айтуынша, белгісіз адамдар бірнеше күн бойы ауыл маңындағы карьерден қиыршық тасты заңсыз өндірген. Ол өзі сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлермен жеке сөйлескен. Олардың бірімен мен де әңгімелестім. Ол «Магнит–2010» ЖШС-ның жұмысшысы екенін, басшылықтың бұйрығымен сол жерде қиыршық тас өндіріп жатқанын растады. Біз олардан құжаттар мен әкім­діктің ресми рұқсаты бар-жоғын сұрап білдік. Әкімнің өзі ешқандай рұқсат бермегенін айтты», – дейді Нұрлан Ысқа­қов.
Кәсіпкер Серік Нұрпейісов болса, жол жөндеуге арналған қиыршық тас мүлдем басқа жерден сатылып алынғанын айтуда. Тіпті тауар-көліктік жүкқұжаттарын көр­сетіп, инертті материал бұл карьердікіне ұқсамайтынын дәлелдеп те берген. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛМАҒАН Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшелері полиция өкілінен сәуір айынан бастап осы күнге дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері қандай жұмыс атқарғанын сұрап білді. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, о баста қылмыстық іс қозғалмаған. Алайда жинақ­талған материалдар шығынды анықтау үшін мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, облыстық әкімдікке, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инно­вациялық даму басқармасына, экология департаментіне жолданған. Ал қылмыстық іс биылғы қыр­күйекте ғана қозғалған. Ендеше неліктен сәуірден бастап бақандай жарты жыл бойы қиыршық тасты пайдалануға тыйым салынғаны белгісіз. Оның үстіне, бұл инертті материалдың жергілікті карьерден алынбағаны, оны «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларына «Магнит–2010» кәсіпорнының техникасы мүлдем басқа жақтан жеткізіп бергенін растайтын құжаттар бар. Алайда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оған мүлдем назар аудармаған. Соның сал­дарынан жол құрылысының мерзімдері кешеуілдеді. Кәсіпкер құрылысшыларды қажетті материалмен қамтамасыз ету үшін жоспарланғаннан басқа қиыршық тас сатып алуға мәжбүр болды. Серік Нұрпейі­совтің айтуынша, ол қосымша 1000 тонна қиыршық тас сатып алып, оған 3 миллион теңге жұмсаған. Жалпы, осы текетірестің салдарынан ол 15 миллион теңгеге дейін шығынға батқанын айтады. Күні кеше жинақтауыштағы қиыршық тасының жартысы жоғалып та кетіпті. Қолды болған материалды іздеп табу үшін полицияға арыз жазу керек. Шығын көлемін анықтау үшін геодезия маман­дарын шақыртып, қосымша шығынға бату­ға тура келеді. Сондықтан кәсіпкер арыз жазуға екі ойлы болып отырғанын жасыр­мады. СЕРГЕЛДЕҢНІҢ СОҢЫ
Ең бастысы, бірнеше жылдан бері жолдастық қарым-қатынас қалыптасқан сенімді серіктесі – «Көкшетау жолдары» кәсіпорнын биыл қажетті материалмен қамтамасыз ете алмай, міндеттемесін тиі­сін­ше орындамағанына қапалы. «Біз көп жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Керек кезде әрдайым бір-бірімізге көмек қолын созамыз. Бұл – бірреттік мәміле емес, үнемі азаматтық-құқықтық келісім­шарт жасасамыз. Биыл міндеттемені орын­дай алмай, серіктестеріміздің алдында ұят­қа қалған жайымыз бар. Өзім сатып алған материалға иелік ете алмадым. Егер шынымен де кінәлі болсам, құр босқа сан­далып, талай табалдырықты тоздырмас едім», – деп қынжылады кәсіпкер Серік Нұрпейісов.
Мәселені талқылаған кеңес мүшелері облыстық прокуратуға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі қызметкерлері әрекетінің заңдылығын тексеру туралы ұсыныс жасады. «Маг­нит–2010» ЖШС-нің дәлелдері расталған жағдайда полиция қызметкерлерін тәртіп­тік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қозғалып, кәсіпкердің құқықтарын қалпы­на келтіруге бағытталған ден қою шара­ларын қабылданатын болады.   Бет қатталып жатқанда: Кәсіпкер Серік Нұрпейісов хабарласып, облыстық про­куратура қылмыс құрамы болмағандықтан, қозғалған істі тоқтатқанын жеткізді. Бірақ әзірге қаулы қолына тимепті. Қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулы шыққан­нан кейін, кәсіпкер моралдық және материалдық шығынын өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек ниетте. Ал кәсіпкерге көпе-көрінеу кедергі келтірген аудандық поли­ция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мәселені ішкі қауіпсіздік басқармасы қарас­тырмақ.

Солтүстік Қазақстан облысы