Кәсіпкерге кедергі көп
Кәсіпкерге кедергі көп
314
оқылды
Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді жылу-электр орта­лығының жай-күйі, жер даулары, құрылыс материал­дарының бағасы, ауыл бизнесін қолдау шаралары, бидай бағасы сияқты мәселелер алаңдатуда. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс материалдары бағасының тым шарықтап бара жатқаны құрылысшылардың көңі­ліне кірбің ұялатып отыр. Сон­дық­тан олар бағаны индекстеу керек деп есептейді. Құрылысшылар қауымдастығының және кәсіпкер­лер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Владимир Богдановтың пікірінше, авто­мат­тандырылған бағдарламалар арқы­лы баға ай сайын индекстелуі қа­жет. Кәсіпкер құрылыс материал­дарының тоқсан сайын қымбаттай­тынын айтады. Соның салдарынан баға сметалық құжаттамада белгі­ленген деңгейден өсіп шыға келеді. Бұл жайт құрылыс-монтаж жұ­мыс­тарын мемлекеттік сатып алу са­ласында жұмыс істейтін компания­ларға үлкен қатер.
«Жобалау-сметалық құжат­та­малардың параметрлерін айқын­дауға өңірлік тәсіл енгізу керек. Әрі солтүстікқазақстандық өндіруші­лер мен импорттаушылар бағала­рының өңірлік салалық индексі деп аталатын толығымен 100 пайыз цифрлық өнім жасап шығару қа­жет. Бұл бағдарламалық өнім ба­ғаларды 1С-бухгалтериядан авто­мат­ты түрде алатын болады. Онда негізгі өндірушілер мен құрылыс материалдарын ірі жеткізіп беру­шілердің бағалар тізілімі бар. Осы­лайша өңірлік баға индексі авто­матты түрде қалыптасатын болады. Нәтижесінде бұл жаңашылдық өңірдегі баға өзгерістерін барынша дәл қадағалауға және белгіленген норма шегінде тендердің мөлшер­лік құнын түзетуге мүмкіндік бе­реді. Бұл тағы бір қиындықты жою­ға септігін тигізеді – бизнестің ре­сми статистикаға әсері өте тө­мен, ал жобалау-сметалық құжат­та­ма дұрыс емес статистикалық деректер негізінде жасалады. Жер­гілікті атқарушы органдарға өнді­рушілердің өңірлік баға ин­дексі негізінде баспананың бір шаршы метрінің құнын дербес белгілеу қажет», – деген Владимир Богда­нов осындай жоба Солтүс­тік Қа­зақстан облысында енгізуді ұсынды.
  Салықтық жеңілдік жоқ Солтүстікқазақстандық кә­сіпкерлер тап болған қиындық­тардың тағы бірі – салық. Ұлт­тық экономика министрінің бұй­рығынан Кеден одағының сырт­қы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы коды алы­нып тас­талғаны оларға бөгет бо­лып отыр­ған көрінеді. Осы бұйрық бұған дейін Қа­зақстанда баламасы жоқ ауыл ша­руа­шылығы техникасын шетелден сатып алған кезде шаруашылыққа қосылған құн салығын есептеуге құқық беріп келген болатын. «Целинное-2004» ЖШС өкілі Елена Пригоженконың айтуынша, кәсіпорын екі Bourgaul бидай себу кешенін Канададан сатып алып­ты. Техника кедендік ресім­деу­ден өтіп, Қазақстанға биыл көк­темде, атап айтқанда, 30 наурызда және 13 сәуірде енгізілген. Ал 17 сә­уірде министрліктің жаңа бұй­рығы күшіне еніп, бірқатар им­порт­тық техника салығы осы әдіс­пен есеп­телетін тізімнен алынып тасталған. Бұл тізімге Кеден ода­ғының сырт­қы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы коды да енгізіліпті. Шаруашылық сатып алған техника дәл осы кодқа жата­ды екен. Бұған қоса, дәл осы бұйрыққа сәйкес тізім құрастыру ереже­ле­рінен өндірушінің атауын көрсете отырып, Қазақстан Республи­ка­сының аумағында ұқсас тауарларды өндіру көлемі туралы уәкілетті мем­­лекеттік органның қорытын­ды­сын қоса беру керектігі туралы нор­ма да алынып тасталған. Ша­руа­шы­лық өкілі мұ­ны­мен де келіспейді.
«Былтыр кәсіпорын ауыл ша­руа­шылығы техникасы паркін жа­ңарту және жұмыс орындарының жағдайын жақсарту мақсатында тұқым себу кешендерін сатып алу туралы шешім қабылдады. Заң­на­маны сараптай келе, біз алдымен Қазақстан аумағында отандық өндіруші шығарған мұндай техника бар-жоғын тексеруіміз керек еке­нін білдік. Болмаған жағдайда ғана, оны шетелден сатып алған кез­де Ұлттық экономика ми­нис­трі­нің бұйрығына сәйкес қосымша құн салығы есепке алынады. Яғни, мемлекет отандық тауар өндіру­шілерді қолдау мақсатында заңда бұл тізімге Қазақстан Респуб­ли­касының аумағында өндіріл­мейтін тауарлар енгізілетінін көрсеткен. Алайда, нәтижесінде сатып алын­ған техниканы елге әкелген кезде біз қосымша құн салығын есепке алу түріндегі мем­лекет ұсынатын преференция­лар­дан айырылдық. Яғни, тізімнен бұл тауар түрінің алынып тастал­ғаны оның Қазақ­стан аумағында шығарыла бас­тағанын білдірсе керек», – деп шағымданған Елена При­гоженко алынып тасталған тармақ пен Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы кодын қай­таруды өтінді. Оның ай­туынша, бұл Салық кодексінің 427-бабының 1-тармағына қайшы. Сондықтан кез келген өзгеріс не­гіз­делген болуы тиіс деп санайды ол.
Бар гәп мынада. Қазіргі уақыт­та Қазақстан аумағында ауыл ша­руашылығы өндірісінің тізбесі жоқ. Сондай-ақ осы мәселемен ай­налысатын мемлекеттік орган да бел­гіленбеген. Ол орган өндіру­ші­нің атауы мен өндірістің нақты кө­лемін көрсете отырып, Қазақ­стан Республикасының аумағында ұқсас тауарларды өндірудің жыл­дық көлемі туралы қорытынды берер еді.   Ауылдағы ағайынның жанайқайы Сондай-ақ кәсіпкерлерді №2 жылу-электр стансасының жылыту маусымына әзірлігі де толғанды­ра­ды. Бұл сұраққа жауап берген об­лыс әкімі Құмар Ақсақалов мәселе жер­гілікті биліктің бақылауында еке­нін, жөндеу жұмыстары жүріп жат­­қа­нын, қыста 12 қазандық агре­гаты­ның 11-і жұмыс істейтінін жеткізді.
«Биыл құлаған мұржаны толы­ғымен бұзып, орнына басқасын тұрғызамыз. Екінші мұржа да ес­кір­ген. 1-2 жылдан соң ол да бұзы­лады», – деді өңір басшысы.
Ал ауылдағы ағайынды толған­дыратын мәселе басқа. Олар елді мекендердегі бизнес-қауымдас­тық­ты қолдау тетіктерін енгізіп, банк­тердің кепілдеме саясатын өзгерту керек деп санайды. Жеке кәсіпкер Юлия Джемалединованың айтуынша, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары ауылдық жерде орналасқан жылжитын және жылжымайтын мүлікті кепілдікке қабылдамайды.
«Мәселен, «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның жылжымайтын мүлікті бағалау анықтамалығы бойынша бағалары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолданыстағы бағала­ры­нан жоғары. Айырмашылық 40-50 пайызды құрайды. Нақты баға­ларды қолдану әрбір қарыз алу­шыға қаржыландыру сомасын едә­у­ір ұлғайтуға мүмкіндік берер еді. Ауылда жаңа бизнес ашу және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңей­ту үшін қолжетімді несие қажет. Ауылдық жерлердегі кәсіпкер­лер­дің қарыздарын қамтамасыз ету ретінде «Бәйтерек», «Даму» хол­дингтері сияқты мемлекеттік қар­жы институттары мен ұйымда­ры­ның кепілдіктері көзделсе екен дейміз. Кепілге қойылатын талап­тарды төмендету үшін мемлекеттік қаржы институттарының кепілдік саясаты қайта қарастырылса жақ­сы болар еді. Бұл шаралар кә­сіп­керлерге, соның ішінде жастарға ауыл­дық жерлерде өз кәсібін бас­тауға, кеңейтуге мүмкіндік береді», – дейді Юлия Александровна.
Елімізде кәсіпкерлік саласына тиісті қолдау жасалып-ақ жатыр. Әйтсе де, отандық өнеркәсіптің көкжиегін кеңейтіп, талай адам­ның жұмыспен қамтылуына мұ­рын­дық болып жүрген кәсіп иелері өз­де­рін мезі еткен ортақ мәселе­лер­дің оң­тайлы шешілгенін қалайды.

Солтүстік Қазақстан облысы