Қытымыр қысқа дайындық қызу
Қытымыр қысқа дайындық қызу
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
818
оқылды
Бас қалада тұрғын үй алаптарын газдандыру жұмысы жаңа қарқын алды. Айталық, Алматы және Сарыарқа аудандары үйлерді газға қосу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Бұл – «Железнодорожный», «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Промышленный», «Оңтүстік-шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин» және «Интернациональный» тұрғын үй алаптары. Сондай-ақ Есіл және Байқоңыр аудандары бойынша газ тарату желі­лерінің құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. «Ильинка» (Үркер), «Өндіріс», «Пригородный», «Тельман» елді мекендері, бұдан бөлек, Family Village, Garden Villagе, «Шұбар» шағын аудандарында жобалау жұмыс­тары жүріп жатыр. Ал келер жылы орамішілік желілер салынады деп жоспарланған.
Алматы және Сарыарқа аудан­дарының әкімдіктерімен тығыз жұмыс істеп жатқан «Газ в дом» компания­сының өкілі Жәнібек Құсайыновтың айтуынша, жақында компания Есіл ауданының әкімдігімен бірлесіп жаңа ынтымақтастықты қолға алуды көздеп отыр. «Барлық қаржы табиғи газға қо­сылуға мүмкіндік бермейтінін байқама­дық. Кейбіреулер көмірмен жылыту ар­занырақ деп ойлайды. Дегенмен салыстыратын болсақ, онда бірдей сома шығады, бірақ тұрғын жайды газбен жылыту, әрине, ыңғайлы. Бұл қаланың экологиясына да оң әсер етеді. Егер орташа есеппен алатын болсақ, 100-150 шаршы метр үйге қазір текше метр үшін 38,9 теңгені құрайтын газ тарифімен есептегенде, шамамен 600 мың теңге шығады. Бірақ бұл – тек газға қосылу үшін төленетін бірреттік төлем. Егер ай сайынғы төлемді есептесек, қазір тұрғындар ең суық кезеңде айына 20-25 мың теңге төлейді. Бұл ретте біз әкімдікпен бірлесіп, көп жеңілдік қарастырдық, нәтижесінде елордадағы Шейх атындағы мешітке, тыл ардагерлерінің үйіне және бірнеше көпбалалы отбасыға тегін газ жүргізіл­ді», – дейді компания өкілі. Сонымен қатар қазір Алматы ауда­нына кіретін оң және сол жақ тұрғын үй кешендері, соның ішінде «Интер­национальный», «Мичурино», «Күй­ген­жар» тұрғын алаптарының тұтыну­шылары толығымен газға қосылды. Өз кезегінде тұрғын үй алаптарын газдан­дыру және газға энергия көздерін қосу кезеңі атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ газ баллондарын пай­да­лануға байланысты төтенше жағдай­ларды азайтады. Алматы ауданы әкім­дігі Тіршілікті қамтамасыз ету бөлі­мінің басшысы Ерлан Сәрсекеевтің сөзінше, қазір аудандағы газдандыру бойынша жұмыстар шеңберінде 6 290 абоненттен (үйлерден) 3 063 объект газға қосылған. Оның ішінде 69 ШОБ, сондай-ақ 3 КЖО бар. Сонда ауданда барлығы 29 ГРПШ-дан 29 ГРПШ іске қосылып отыр. Ал 3 359 газды қосу үшін техникалық шарт берілді. «Бұдан басқа, аудан әкімінің аппаратымен зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеу­меттік көмек көрсету бойынша Жұ­мыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына, көпбалалы аналарға 413 400 теңге сомасында өтініш беру­шілердің тізімі жолданған. Анықтама: қазіргі уақытта ұсынылған тізімге сәйкес 90 АЕК мөлшерінде 233 адам әлеуметтік көмек алады», – дейді Ерлан Таңатханұлы. Үйіне газ кіргізіп көңілі жайланған аудан тұрғыны Алма Бектембаева көмірге қарағанда әлдеқайда таза энергия көзіне қосылғанына дән риза. Оның үстіне, ақша мен уақытқа да үнем болатын газға қосылу туралы өтініші уақыт создырмай қабыл­даныпты. «Өтініш бердім. Үш күннен кейін тексеріс жасады. Сөйтіп газға қосылуға рұқсат берілді. Қыстың орта­сына дейін жүріп қаламыз ба деп ойлап едік, бірақ газды біз ойлағаннан да тез орнатып берді. Ұзын-сонар кезек те күт­пейсің. Өйткені техникалық шарт­тарды алуға арналған анықтамалар саны азайыпты. Таныстарымның арасында материалдық өтемақы ар­қылы үйлерін газға қолжетімді етіп жат­қандар да бар», – дейді елорда тұр­ғыны.