Павлодардың Төтенше жағдайлар департаменті отқа оранған үйде қалып қойған әйелді құтқарған қала тұрғынын іздеп жатыр, - деп хабарлайды Павлодар қалалық ТЖД баспасөз қызметі Instagram парақшасында.
7 қыркүйек күні сағат 15.56 кезінде 101 пультіне хабар түскен.
Қоңырау шалған адам Гоголь көшесіндегі 284, 286 үйлер жанып жатқанын жеткізген. Жалынды ауыздықтауға 6 техника, 25 құтқарушы жұмылдырылған. Өрттен 2 азамат зардап шекті. 1957 және 1985 жылы туған әйелдер №1 қалалық ауруханаға жатқызылды.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті 7 қыркүйекте Павлодар қаласы Гоголь көшесі 284 және 286 мекенжайында болған өрттің куәгерлерін іздеуде. Сондай-ақ жанқиярлық танытып, жанып жатқан үйден әйелді алып шыққан Иса атты жас жігіттің жауап беруін сұрайды.