Көгерген нан да кәдеге жарайды
Көгерген нан да кәдеге жарайды
1,487
оқылды
Халқымыз ежелден «Ас атасы – нан» деп, нан қалдығын жерге тастамай, ерекше қадір тұтқан. Алайда заман өзгерген сайын нанға деген көптің құрметі де азайып бара жатқандай. Бұған халық тұрмысының жақсарып, дастархандағы ас түрінің молайғаны да әсер етіп отыр. Елордалық кәсіпкер Руслан Уббиниязов осы олқы­лықтың орнын толтырып, көгерген наннан мал азығын дайындауды қолға алыпты. – Нан қалдығын өңдеп, жем жасау туралы идея қалай келді? Жұмысты неден бастадыңыз? – Бұл – әлемдік тәжірибеде бар өнеркәсіп. Дамыған елдердің нан қалдығын өңдеу технологиясын қарап, іздестірдім. Түркия, Корея елдері нан қалдығын сұрыптап жинайды екен. Бірақ одан ары қарай не алатындарын көрсет­пепті. Осыдан екі жыл бұрын Батыс Қазақ­станда жем-шөп жетіспей, шаруалардың малы қырылып қалды. Сол кезде осы кәсіпті ашуым керек деп бел будым. Көгерген наннан мал азығын жасау бірден нәтиже берген жоқ. Біраз уақыт түрлі эксперимент жасап, іздендік. Қолға алған кәсібіміз тек осы жылдың наурыз айында ғана оң нәтиже көрсетті. Содан бері 8 ай бойы нақты жұмыс істеп келеміз. Жем өндірудің технологиясын қолмен жасадық. Ресей мен Қытайдың мал азығын өндіретін технологиясы көгерген нандарға жара­май­ды. Сондықтан жем өндіретін аппараттарды қайта құрастырып, өз қолымызбен жаса­дық. Цехымыз Астана қаласында орналас­қан. Нан қалдығын жинайтын темір бөшкелерді де өзіміздің дәнекерлеушілер қолдан жасап шықты. – Сонда қаладағы қоқыс жәшіктерінің қасында орналасқан темір бөшкені сіздер қойдыңыздар ма? – Иә, нан қалдықтарына арналған темір бөшкелерді біз орналастырдық. Қазір қалада осындай 1500 бөшке бар. Оларды қою үшін қала әкімдігімен, табиғатты қорғау орталығымен меморандум жасадық. Қазір біздің жұмысымыз пилоттық жоба ретінде жүріп жатыр. Егер осы жоба оң нәтижесін беріп, нан қалдығынан жем алудың тиімділігін дәлелдей алсақ, қала әкімдігімен нақты келісімшартқа отыр­амыз. Бүгінде KOMP мал азығын өндіретін кә­сіпорнымызда 13 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта изоляторда жазасын өтеп жүрген азаматтарды жұмысқа тарту бойын­ша келісім жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ кәсіпорнымызды кеңейтіп, жұмыс күшін 35 адамға жеткізу ойымызда бар. – Нан қалдығынан мал азығын жасау сіздің кәсібіңіз бе? Әлде хоббиіңіз бе? – Мен негізі мамандығым бойынша спорт жаттықтырушысымын. Бірақ ол салада тәжірибем жоқ. Осы уақытқа дейін кәсіппен айналысып, әртүрлі саланы байқап көрдім. Нан қалдығын өңдеуге басында хобби ретінде қарадым. Бірақ қазір бұл салаға нақты бизнес ретінде көңіл аударып жатырмын. – Бұл кәсіп өз шығынын ақтай ала ма? – Бұл істі бастауға барлығы 150 мил­лион теңгеден астам қаржы кетті. Бірақ әлі де бұл кәсіп пайда әкелетіндей деңгейге жеткен жоқ. Себебі бұл бизнеске тағы да қар­жы салып, кеңейтуіміз керек. Қазір Астана қаласының 50 пайызын ғана қам­тыдық. Ары қарай елордамыздың барлық аудандарына темір бөшкелер орналас­тыруы­мыз қажет. Ал ашқан кәсібіміздің қашан өз шығынын толық жауып, пайда әкелетіні белгісіз. Біздің қазіргі мақса­тымыз – нанды жерден көтеріп, пайдаға жарату. Халқымыз «Ас атасы – нан» деп кетті емес пе? Ендеше үкіметке нанның қоқыс еместігін, оның қалдығын кәдеге жаратуға болатынын дәлелдеуіміз керек. Маған осының өзі үлкен жетістік. нан қалдығы – Көгерген наннан жасалған мал азығына сұраныс бар ма? Басқа жемнен артықшылығы қандай? – Нанның қалдығынан жасалатын жемге біз неше түрлі қоспалар қосамыз. Жемді 5-20 бас малы бар кіші шаруа қожа­лық иелері алады. Сұраныс соншалықты жоғары емес. Себебі біздің жем жайлы әлі ешкім нақты ақпарат білмейді. Өзіміз қожалықтарды аралап, оларға көрсетіп жүрміз. Нан қалдығынан жасалған мал азығының басқа жемнен артықшылықтары көп. Ең бірінші, біз арнайы экструдер аппаратымен нан құрамындағы зиянды токсиндерді, холориндерді өлтіреміз. Сосын жемнің құнарлығын арттырамыз. Бидай, сұлыларға қарағанда, мұндай жемнің құнарлығы 17 пайызға жоғары. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 45 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. – Астананың 50 пайызын ғана қамтып отырғанда, күніне қанша тонна нан қалдығын аласыздар? – Бір күнде 150-160 бөшкеден нан қалдығын аламыз. Одан артық жүруге мүмкіндігіміз жоқ. Өйткені тек 2 маршрут жүреміз. Сонда күн сайын 1 тоннадан астам нан қалдығы шығады. Адами тұрғы­дан қарасақ, мұншама нан қалдығының шығуы өте көп. Қазір адамдар нанның қа­дірін білмейді. Дүкенге барған сайын керек болса да, керек болмаса да тойым­сыздықпен нанды артығымен алады. Бүгін кешке алған нанын таңертең жемейтіндер де бар. Бөшкелердің ішінен жаңа піскен, бүлінбеген нандарды да жиі кездестіреміз. Ал бизнес тұрғысынан қарасақ, 1 тонна нан аз. Біздің кәсіпте нан қалдығының көп болғаны жақсы. – Алға қойған жоспарыңыз қандай? – Келешекке көп жоспар қойып отыр­мыз. Қолға алған осы кәсібімізге үкімет тарапынан қолдау тапсақ, оң нәтижесін көрсетсе, тойханалардағы бешбармақ қал­дықтарын да кәдеге жаратуды жоспар­лаудамыз. Себебі қазір қоқыстан тамақ қалдықтарын жиі кездестіреміз. Үкімет тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай қолдау болмады. Өйткені біздің мемлекетте нан қалдығына арналған арнайы бағдар­лама жоқ. Алдағы уақытта субсидия алуды жоспарлап отырмыз. Агробизнес бағдар­лама­сы аясында мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың жем-шөбіне жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бізді де осы бағдарламаға енгізсе деген ниетіміз бар. Сонда мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар қолындағы төлем қағазымен бізге келіп, жем алар еді. Сон­дықтан үкіметтің игі бастамамызды саты­лым жағынан қолдағанын қалаймыз. Сон­да біз ешкімге қол жаймай, кәсібімізді аяққа тұрғызар едік. Қазір бешбармақ, ет өнімдерін малдың қиымен араластырып, өсімдіктерге тыңайтқыш жасауды қолға алып жатырмыз. Бұл жобаға әлі де түрлі тәжірибелер жүргіземіз. Сондай-ақ қазір Астанада мал соятын орындар көп. Ол жерде малдың терілері толып жатыр. Шыбын-шіркейлер де соларға қаптап жатады. Біз сол терілерді кәдеге жаратып, протеин жасап берер едік. Бүгінде тауық еті мен жұмыртқаның бағасы да өсіп кетті. Мұның басты себебі – тауық фирмалары протеинді қымбат бағаға шетелден алдыра­ды. Дәл сондай протеинді бізге қолдау көр­сетсе, өз елімізде жасай аламыз. Сон­дықтан мемлекетіміз отандық өндіріс­ке ден қойса дейміз. Сонда біз шетелден емес, шетел бізден протеин алар еді. Себебі бізде барлығы табиғи. Химиялық қоспасыз шығаруға болады. – Бір сұхбатыңызда Маңғыстау, Атырау облыстарынан жиі хабарласып, осы кәсіпке қызығатын адамдар бар депсіз. Болашақта тек Астана ғана емес, нан қалдығын басқа өңірлерде де кәдеге жаратасыздар ма? – Иә, үйренгім келеді деп хабарласатын­дар көп. Біз оларға барлығын тегін үй­ретеміз. Бірақ бізбен 2-3 күн жүргеннен кейін азаматтардың барлығы бастапқы ниеті­нен айнып қалады. Оларды да түсінуге болады. Себебі қалада орналасқан бөшке­лерге барлық адам бірдей нан қалдықтарын ғана тастамайды. Арасында өзге де қоқыс­тарын тастайтындар бар. Нәтижесінде, бөшкелер сасып кетеді. Бұл жағдай жұ­мысшылардың тапшылығын тудырып отыр. Екінші себеп, цехтың жұмысы, көгер­ген наннан жем алу технологиясы оңай емес. Үшіншіден, бұл кәсіпті бастау үшін біраз қаржы керек. Осыдан кейін ниет білдіргендердің барлығы кәсіп ашудан бас тартады. Ал қалтасында жеткілікті қаржы­сы мен ниеті бар азаматтар болса, кәсі­бімізді тегін үйретуге дайынбыз. – Әңгімеңізге рақмет!