Газ мамандары сынға түскен күн
Газ мамандары сынға түскен күн
424
оқылды
Білікті, білімді және өз саласының нағыз маманынан құралған жұмысшылары бар мекеме әрқашан жетістіктерден көрінеді. Әрине, жас маман жұмысқа орналаса салысымен бәрін игеріп кете алмайды. Тәжірибесіз, теорияны ғана жетік білетін жас маманды сол ұжымдағы бесаспап қызметкерлер баулып, тәрбиелеп, өздерінің қатарына қосады. «QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамы өз жұмысшыларының қателікке жол бермейтін білгір, сайдың тасындай болуы үшін өздерінің ғылыми-техникалық орта­лығының оқу полигонында әбден машық­тандырып, тереңірек оқытып, біліктілігін арттырып алады. Одан кейін ғана сенімді түрде жұмысқа жібереді. Өйткені газ саласы өте кірпияз, мүлт кетуді кешірмейді. Бір жерден кеткен қателік бір қауым елді орны толмас өкінішке ұшыратуы мүмкін. Одан бөлек, жыл сайын жұмысшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау үшін дәстүрлі түрде «Үздік маман» байқауын өткізеді. Алдымен, өз аймақтарындағы өндіріс­тік филиалда бір-бірімен бақ сынасып жарысып, одан іріктеліп, жеңімпаз болып танылғандар республикалық байқауға жолдама алады. Ал республикалық «Үздік маман-2022» байқауы жуырда Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының маңында орналасқан «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың оқу-курстық комбинатының полигоны базасында өтті. «QazaqGaz» ҰК» АҚ Ғылыми-техникалық орталығының Оқу полигоны базасына осылайша 105 үміткер келді. Кәсіби шеберлікті жетілдіру, еңбектің озық әдістері мен тәсілдерін анықтау және тарату, газ тасымалдау жүйесінің апатсыз, жоғары өнімді жұмысын және жоғары техникалық сенімділігін қамтамасыз етуге қызметкерлердің моральдық және мате­риал­дық мүдделілігін күшейтуге бағыт­талған байқаудың ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Салтанатты шарада сөз алған «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мейірбек Ихсанов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев және республикалық газ саласының ардагерлер кеңесі төрағасы Ерқанат Темірханов бұл байқаудың ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Газ саласының еліміздің индустрия­лық-инновациялық дамуына және ұлттық экономикасына қосар үлесі зор. Сондық­тан оның кадрлық әлеуетін дамыту аса маңызды деп білеміз. Осындай ауқымды шараның ұйымдастырылуы соның жарқын дәлелі болмақ. 21 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған осынау дәстүрлі байқау кәсіби өсудің қуатты стимулына және озық тәжірибе алмасудың тамаша алаңына айналғанын атап өткен жөн. Бұл сайыста біздің мамандар өздерінің жоғары дайындық деңгейін тағы да дәлелдейтініне сенімдімін», – деп атап өтті өзінің құт­тықтау сөзінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ Бас­қарма төрағасының орынбасары Мейірбек Ихсанов. Одан бөлек, компания тарапынан әрбір жұмысшының маман және тұлға ретінде қалыптасуы үшін бар жағдайды жасайтынын тілге тиек етті. «Біз өндіріске, қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдас­тыруға, қызметкерлеріміздің кәсіби деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыруға қомақты қаржы саламыз. Өйткені сіздердің әрқайсыңыз компанияның табысты дамуы үшін қуатты іргетас болып табыласыздар. Осы салада білім беретін оқу орындарымен, алпауыт компаниялармен келісімшартқа отырдық», – деді ол. газ мамандары Ал республикалық газ саласының ардагерлер кеңесі төрағасы Ерқанат Темір­ханов болса, бұл жолғы бәсекеде мамандар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орна­тып, білмегенін үйреніп, біліктілікті одан әрі арттырып, нағыз маман болып тарқа­сатынын жеткізді. Мил­лиондаған тұрғын­ның алғысына бөле­ніп жүрген газшы­лардың осынау жанкешті әрекеттеріне алғыс білдіріп, барша қатысушыларға шабыт берді. «Жылдан жылға жаңа технология пайда болады. Жұ­мыскерлер осыған дайын болуы керек. Елі­міздің түкпір-түкпірінен келген бай­қауға қатысу­шылар шығып жатқан жаңа құрылғылармен қалай жұмыс істеу керек екенін бір-бірінен үйреніп, саланы жетік меңгереді. Мәселен, кез келген уақытта газ саласында оқыс жағдай кездесуі мүмкін. Жұмысшылар сын сәтте дереу шешім қабылдай алуы, аз уақытта жылдам әрекет етуі арқылы апаттың алдын алуы тиіс. Бұл жарыста барлығы да шынайы көрінеді. Басшылар осында саладағы техникалық кемшіліктер болса оның орнын толтыруға жұмыс істейді», – деп атап өтті Ерқанат Уақ­байұлы БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында. Екі күнге созылған финалдық сайыста қа­тысушылар 15 конкурстық мамандық бо­йынша бақ сынап, практикалық тап­сырмаларды орындады. Олардың ішін­де «Технологиялық компрессорлар ма­ши­нисі», «Технологиялық қондырғыларды жөндеу слесарі», «Желілік құбыр өткізуші», «Газ тарату станциясының операторы», «Жерасты құбырларын тоттанудан қорғау монтері» және «Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі», «Ұңғымаларды зерттеу операторы» «Газ өндіру операторы» сынды бірқатар сайыс түрлері бар. Тартысты өткен байқауда қатысушыларды бақылаған комиссия мүшелері олардың өндірістік алаңда орындаған жұмысының сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануды, қатысушының өндірістік дербестік дәрежесін, тапсыр­маны орындауға жұмсалған нақты уақыт­ты, сондай-ақ дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын бағалап, жіті тексеріп отырды. Әрбір номинация бойынша ерекше қабі­леттері мен біліктілігін көрсеткен сайыс қатысушылары оза шауып, жеңіп шықты. Алайда барлығының да ерекше дайын­дықпен келгені байқалады. Деген­мен бай­қаудың аты – байқау. Шараның салтанатты жабылуында сөз алған «Ин­тергаз Орталық Азия» АҚ жергілікті кә­сіподақ ұйымының төрағасы Шалқар Ер­мекұлы да үміткер­лердің бір-бірімен бә­секе­лесіп емес, дос­тастықпен сайысқа түс­кенін, жанашыр­лықпен білмегенін түсіндіріп, адамгершілік көзқарас таныт­қанын сайыс барысында байқағанын жет­кізді. Сонымен, мәре соңы таяп, әр но­минация жеңімпаздары анықталды. Әр номинация бойынша 3 орыннан белгі­леніп, жеңімпаздарға дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ жоғары кәсіби шеберлігі үшін еңбекақысына жылдық үстемеақы бел­гіленді. Байқауға қатысушылар байқаудың шарт­тары мен тапсырмалары үнемі жетілдіріліп отыратынын, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерін білуге қойылатын талаптардың артқанын және қатысушылардың дайындық деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын жеткізді. «Бұл алаңда айтарлықтай өткір бәсекелестік тудырды. Ұйымдастырушылар қатысу­шыларға өз қабілеттерін толық көрсетуге мүмкіндік беретін ең қолайлы және жайлы жағдай жасаған. Орал қаласындағы өн­діріс­тік филиалда 12 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Өткен жылы да осынау сайысқа қатысып, екінші орынды ен­шілеген болатынмын. Биыл қалайда бірін­ші орынды иемденемін деген үмітпен, дайын­дықпен келдім. Өзімнің кәсіби мықты екенімді дәлелдегім келді. Мұндай шаралар бізді ынталандырып, жұмысқа деген қабілетімізді арттырады. Өзге өңір­лерден келген әріптестерімізден білме­генімізді үйреніп, тәжірибе алмасып, одан сайын білімімізді арттырып қайтамыз. Әр байқауда әртүрлі технологиялар болады. Былтыр мәселен тек электрмен дәнекерлеу болса, биыл оған аргонмен дәнекерлеу тәсілі қосылды. Енді күнделікті тәжірибеде бұл тәсілді енгізетін боламыз», – дейді байқаудың «Электр газбен дәнекерлеуші» номинациясы бойынша жеңімпазы, орал­дық Марс Ержанов. Осылайша, қатысушылар теориялық білімдерін практика жүзінде тағы бір дәлелдеп тарқасты.

Шымкент қаласы