Қаратал өзені қайраңданып барады
Қаратал өзені қайраңданып барады
688
оқылды
Балқаш көлінің басынан да бақ тая бастағаны, еліміздегі ең ірі су айдынының ластанып, жағалаудан шегініп бара жатқаны жайлы жылда жазылады. Осыдан он шақты жыл бұрын прокуратура осы күрделі мәселеге баса назар аударып, об­лыс­тық, республикалық деңгей­де алқалы жиындар өткізіп, болашақта болуы мүмкін экология­лық апаттың алдын алудың нақты жолдарын қарастыруға тырыс­қанына бірнеше мәрте куә болған едік. Сол кездері «Балқаш – Алакөл» бассейндік инспекциясын басқарған, осы саланың қыры мен сырына қанық, жағдайын бес саусағындай жақсы білетін Анар Тілеулесова көлдің деңгейі мен тазалығы оған құятын өзендердің жағ­дайына тікелей байланысты екенін айтып, тиісті орындарды мазалап, дабыл қағып жүретін. «Ілені көрші ел бірнеше жерден бөгеп тастаған» дей бермей, сол Іле мен Балқашты нәрлендіретін өзіміздегі өзен­дердің тазалығы жыл өткен сайын нашар­лап, арналары қайырланып бара жатқанын мойындайық. Заманында көктем мен күзде өткел бермейтін арналардың жарым-жар­ты­лай құрғап, жаяу кешіп өтетін жағдайға жеткенін көріп те, естіп те жүрміз. Жетісудағы асау өзендерді ауыздықтап, бірнеше тұсынан су электр стансаларын салудың соңы жақсылыққа апармайтынын осы саланы зерттеп жүрген ғалым ағамыз да айтқан. Қалай болғанда да, ол жылдары прокуратураның пәрмені зор ма әлде экологиялық талаптар күшті ме, бірқатар шара атқарылған еді. Алматы облысындағы Балқашқа құя­тын Қаратал, Іле сынды үлкен өзендердің көлге жетер тұстағы тарамдалып, батпақ­танып кеткен сағаларының арнасын таза­лай­тын, табанын тереңдететін механика­ландырылған арнайы топтар құрылып, қыруар қаржыға қажетті техникалар алы­нып, басында екпіндете жұмыс істегенін көрдік, насихаттадық. Алайда ол қарқын да көпке ұзаған жоқ, дабырлатып басталып, дамылдауы жиіледі, ақырында тоқтап қалды. Ал өзендерді бөгеп, каскадты су элек­тр стансаларын салу жалғаса берді. Талдықорған қаласын жарып ағатын Қаратал өзенінің жоғары жағында, Текелі қаласының маңынан, тауға жақындау жерде бірнеше каскадты су электр станса­сының ашылуына барып қатыстық. Талды­қорғанда орналасқан, электр желілеріне арналған құрылғылар мен тіректер шығара­тын «АСПМК-519» сынды алпауыт ком­панияның қаржысына салынған сол кас­кадты стансалар өндірген электр қуатының қызығын өздері көріп отырмаса, басқаларға беріп жатыр дегенді естімеппіз. Үшінші электр стансасын ашуға барған кезде салтанатты шараға шақырусыз кел­ген Ескелді ауданы мен Текелі қаласының фермерлері өзенді бірнеше жерден бөгеп тастаған стансалардың кесірінен жазда жайлауға шығатын жолдарының жабылып қалғанын, өзеннің маңы құлазып, қурап кеткенін айтып арызданған. Сонда бір ақ­са­қал: «Енді бірер жылдан соң Қараталдың Текелі мен Талдықорған қалалары ара­сынан өтетін бөлігіндегі бұлбұлды тоғайда бөдене де қалмайды. Су бірде азайып, бірде көбейген соң арнасы да жиі ауысып, таба­ны қайырланады. Балық та құриды» деген еді. Бүгінде сол шындыққа айналғандай. Кейінгі жылдары Талдықорғанда құ­рылыс қарқын алды. Мемлекеттің түрлі тұр­­ғын үй бағдарламаларымен баспаналар тұрғызылып, басқа да зәулім-зәулім ғимараттар салынды. Жекеменшік үйлер қатары да көбейді. Қала қанат жайды. Оның маңындағы ауылдар бір-бірімен қосылып кетті. Құрылысқа материал ке­рек. Қаратал өзенінің қала арқылы өтетін бөлігінде судың азайғанын күтіп, күрегін сайлап отыратындар өзен табанынан құм мен қиыршық тасты жабайылықпен алуға жаппай кірісті деуге болады. Оны айтасыз, бұрын облыс орталығынан Үштөбе бағы­тына шығар тұста, тура өзеннің жағасында қиыршық тас өңдейтін алып зауыт бар еді, оның қатарына Текеліге апаратын күре жолдың бойында, тура өзеннің аңғарына мінгескен тағы бір құм мен қиыршық тас өңдейтін кәсіпорын қосылды. Тапа-тал түсте, сырт көзден тасаланбастан, өзеннің арнасындағы жылтырап, жылап аққан суды оп-оңай бұрып жіберіп, қиыршық тас пен құмды қазып, тиеп әкететін алып экскаваторлар мен үлкен-үлкен жүк көліктерін күнде көретінбіз. Табиғат жанашырлары дабыл қаққан кезде дереу жиналыс өткізіп, әкімдігі мен полициясы іске кіріскен болады. Бірнеше мәрте рейд ұйымдастырады, ұсталғандарға айыппұл салады, материалдарды Экология депар­таментіне тапсырады. Сонан кейін іс бітті, қу кетті деген күйге қайта түсеміз. Біраз уақыт өткеннен соң бәрі қайта басталады. Ал өзеннің арнасы жиі ауысады, түбі қайыр­ланып, су азайып барады. Жағалау­дың тазалығы да жүрек ауыртады. Түн жамылып, көзден тасаланып келіп, күл-қоқысты, ескі-құсқыны, өндірістік қал­дық­тарды аударып кететіндер жиілеген. Бір жылдары зерттеушілер Текелі маңын­дағы кеніштерден шыққан қалдықтар қоймасының бүгінде тақыр төбешіктерге айналған үйінділеріндегі түрлі зиянды элементтер қар мен жаңбыр суымен өзенге қосылып жатқанын мәлімдеген. Ол мәселе де әлі шешімін тапқан жоқ. Оған өзен бойын қоқыс төгетін жерге айнал­дырған­дардан келген зиянды қоссақ, өзеннің суы азайып қана қоймай, ластану жағынан да оңып тұрмағанын көреміз. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, құзырлы органдар халық шулағанда ғана мәселеге назар аударып, қимылдаған болады. Елдің екпіні басылғанда, барлығы баяғы таз қалпына түседі. Мәселен, был­тырғы қазан айында Алматы облысының полициясы «Жер қойнауын қорғайық» сауықтыру шарасын өткізу барысында тек Қаратал өзенінің облыс орталығы маңын­дағы бөлігінен біраз заңбұзушылықтың бетін ашты. Айыппұл салды. Ешқандай құжатсыз, рұқсатсыз өзен арнасын тас-талқан етіп, құм мен қиыршық тас қазып алып жатқан бірнеше ұйымның жұмысын тоқтатты. Алайда өзен арнасын бүлдіру тоқтаған жоқ. Биылғы сәуір айында да табиғат жанашырлары тура қаланың тұ­сында өзеннің табанын қопарып жатқан­дарды бейнекамераға түсіріп, интернетте жариялады. Сол кезде қалалық әкімдік пен полиция кезекті рет «ұйқысынан» оянып, тағы «іске» кірісті. Бірнеше жүк көлігін ұстады, жүргізушілер мен экскаватор­шыларға хаттама толтырды. Қала әкімі журналистермен жолыққанында, алдағы кезде бәрін өзінің бақылауға алатындығын айтып, заңсыздықтарды тоқтатуға уәде берді. Бірақ Қаратал өзенін тонау әлі жалғасуда. Қазіргі кезде өзеннің бір тұсы тарылып, тағы бір жері жайылып кеткен. Түбі мүлде жалаңаштанып қалған бөліктері де бар. Жаз айларында облыс орта­лығындағы көшелерді бойлап, арықтарда сылдырап ағып жататын судың бүгінде арманға айналуының басты себебінің бірі де осы екені айқын. Қала жанынан өтетін Балықты өзенінің арнасын жылдар бойы қазып-қазып, батпаққа айналдырғандар Қараталдың түбіне жетпей тоқтамайтын сыңайлы. Өзеннің облыс орталығын жарып ағатын бөлігіндегі күйі осындай болса, шалғайдағы өзендердің жағдайын елестетудің өзі қорқынышты. Өзендердің суы азайып, арнасы табиғилығынан ажырап, батпақтанып, ластанып кетуінің кесірі еліміздегі ең үлкен көл Балқаштың да жағдайын күрделендіре түскендей. Балықшылар балық қорының азайып, кейбір түрлерінің мүлде құрып бара жатқанын айтады. Жетісу облысының Экология депар­та­менті өкілдері халықтың алаңдауы орынды екенін мойындайды. Қазір бұрынғы Алма­ты облысының екіге бөлінуіне байланысты қайта құрылымдау, ұйымдастыру жұмыс­тары аяқталып қалғанын, нақты шараларды енді қолға ала бастағандарын айтады.
«Балықты және Қаратал өзендерінің арналарынан заңсыз құм мен қиыршық тас қазуға жол бермеу мақсатында рейдтік шаралар жүргізіп жатырмыз. Бұл іске облыстық Экология департаменті мен Жер қатынастары басқармасының мамандары, сондай-ақ қалалық әкімдік пен поли­цияның қызметкерлері жұмылдырылды», – дейді экологтар.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы