Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде студенттер, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен форсайт сессиясы өтті.
Сессия мақсаты – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында ғылым мен техника саласында жастар саясатының өзекті міндеттері мен мәселелерін талқылау, жастармен белсенді түрде диалог құру.
Президентіміз 1 маусымда Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық жиынында «Ғылым, технология және инновацияны дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптар мен ұлттық мүдделерге сәйкес анықтаймыз. Сондай-ақ Мемдекет басшысы сол жиында, «Сәтбаев университеті – Қазақстандағы техникалық білімнің флагманы, еліміздегі жалғыз ұлттық ғылыми-техникалық университет. Сондықтан ол жаңадан ашылатын техникалық университеттер үшін ғылыми-өндірістік базаға айналуы тиіс. Біз еліміздегі жалғыз техникалық университеттің негізгі даму бағдарламасын бекітіп, оның негізінде инженерлік білім мен ғылым бағытындағы жаңа технологиялардың зерттеу орталығын құруымыз керек», – деп атап өтті.
Бүгінгі форсайт сессиясы Сәтбаев университетінің Басқарма мүшесі-Корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректоры Ержан Көлдеевтің сөзімен ашылды.
«Форсайт сессиясында айтылатын барлық ұсыныстарыңыз, ойларыңыз бен идеяларыңыз назардан тыс қалмайды және олар міндетті түрде "АMANAT" партиялық желісі бойынша да көрініс табады. Атап айтқанда, партия адами капиталды дамытуға және әл-ауқатты арттыруға үлкен көңіл бөлетінін атап өткім келеді. Қазірдің өзінде біздің жас ғалымдарымызға қолайлы жағдай жасау және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ғылыми қызметтері жайлы болуы үшін атқарылатын басты міндеттер қойылды.
Университет стартап жобаны қаржыландыруға 6 млн теңге бөліп отыр. Бұл күнде оқу орнымыздың жас ғалымдары күн сәулесінен қуат алатын 3 көлік ойлап тауып, құрастырып шықты. Жақында осы көліктерімен Индонезияда өтетін жарысқа аттанып барады. Жас ғалымдардың барлық шығынын университет көтеріп отыр. Жалпы құны 11 млн теңге бөлінді.
Өздеріңізге белгілі, жас ғалымдарды қолдау шеңберінде 10 гранттық ғылыми жоба, 10 жас ғалым жобасы жүргізілуде, қазір ҚР ҒжЖБ министрлігінің Жас ғалым байқауына конкурс жарияланды. Осы аптада алдағы 3 жылға арналған үлкен гранттарға конкурс жарияланады. Соған барлығымыз жұмыла қатысайық», – деді проректор.
Одан кейін университеттің Ардагерлер алқасының төрағасы Ұлықпан Сыдықов сөз алып, «Болашағымызды жарқын ету үшін білімді жастар керек. Елімізді өркендетіп, мемлекетімізді көркейту үшін сапалы білім мен саналы тәрбие алу – әрбір жастың төл міндеті. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай заманауи озық технологияларды игеру, кез келген жас болашақтың қолынан келетін іс», – деді ол.
Тұңғыш рет өтіп жатқан шараға қатысқан Алматы қалалық мәслихатының депутаты, осы оқу орнының түлегі Руслан Нұрлыбаев: «ІТ технология, мұнай-газ саласына қажетті мықты мамандарды даярлауда сіз болып, біз болып, бәріміз бір кісідей атсалысып келеміз. Жастар, үн қосыңыздар! Президентіміз бізді қолдау мақсатында, біздің үнімізді есту мақсатында өзінің Жолдауында айтты, яғни кім кәсіпкерлікпен айналысқысы келсе, сол 2,5 пайызбен несие алады деді, ол сіз бен біздің кешегі берген ұсынымыз»,– деген пікірін айтып өтті.
Одан кейін сөз алған «Жастар рухы» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы Әкежан Кенесов жастарға өз ағалық тілегін арнады.