Aqyl battle: қазақша IT жобаларға сұраныс жоғары
Aqyl battle: қазақша IT жобаларға сұраныс жоғары
1,391
оқылды
Қазір App Store мен Play Market-те интеллектуалдық ойындардың түр-түрі толып тұр. Уақытын тиімді пайдалануға ұмтылатын кез келген қолданушы сол ойындарды серігіне айнал­дыр­ған. Бірақ олардың дені – орысша. Ал жуырда қазақ тіліндегі Aqyl Battle ойыны жұртшылыққа жол тартты. Екі айдың ішінде қазақша викторинаны 400 мың қолданушы 14 миллион рет ойнапты. Көпшіліктің сүйіктісіне айналған қосымшаны Thousand IT Group компаниясының негізін қалаушы Айболат ҚҰЛАТАЙ жасаған. IT маманмен Қазақстан­дағы ІТ нарығы, Aqyl Battle ойыны жайлы әңгімелестік. Aqyl Battle – Айболаттың ал­ғашқы жобасы емес. Ол Ха­лық­аралық ақпараттық технология­лар университетінде оқып жүр­ген кезден бастап еңбекке ара­лас­қан. Университет қабырғасында жүріп оқушыларды ҰБТ-ға да­йындайтын білім беру орталы­ғын ашты. Оқу орталығынан бөлек, сол уақытта еліміздің туризм са­ласына инновация енгізу мақ­са­тына IT стартапта IRBI мо­бильді қосымшасының негізін салды. Бұл инновациялық жобаның жұмыс істеу барысы – Алматы, Астана қонақтарының нақты тұрған же­рін GPS технологиясы арқылы анық­тап, қала бойынша әр алуан жер­лерге, мәдени, тарихи орта­лықтарға апаратын және бұл объектілер туралы мағлұматты аудио форматта тыңдауға мүм­кіндік беретін ту­ристер мен қала қонақтарына арналған ақылды аудиогид бо­ла­тын. Осылайша, ол серіктес­те­рімен бірге көптеген халықаралық байқауларда бақ сынап, шетелдік танымал инвес­торлар мен еншілес қорларға жо­баны таныстырады.
– IRBI жо­бамыз арқылы біршама же­тістіктерге қол жет­кіздік. Атап айтар болсақ, 2016 жылы Вашингтон мем­лекеттік де­пар­­та­ментінің қол­­да­уымен CRDF Global ме­кемесі елімізде ау­қымды STEP-KZ-2016 кон­кур­сын жа­рия­лап, техноло­гиялық, бизнес жа­ғынан біздің IRBI жобамыз үздік та­нылып, 10 000$ қара­жат иелендік. Со­нымен қатар Крем­ний алқабында (Сан-Фран­циско, АҚШ) тех­ноло­гиялық бағдарламалаудан өтіп, топ компаниялармен тәжі­рибе алмасуға мүмкіндік алдық. 2016 жылы қараша айында Apple, Google, Facebook, Evernote, Plug&Play сынды компанияларда болып, инвесторлар, әлемдік дең­гейдегі новаторлардан, 500Startups инкубаторы, Стэнфорд универ­ситетінде болып үлкен тәжірибе жинақтадық. 2017 жылдың екінші жартысында МУИТ түлегі ретінде чехиялық ХоумКредитБанкте онлайн, мобильді банкинг пен бірге өзге мобильді қосым­ша­лардың бизнес иесі ретінде, са­рап­шы болып қызмет істеп, үлкен тәжірибе жинақтадым, – дейді Айболат Құлатай.
Жас маман елге оралған соң, жинаған тәжірибесін қолдана отырып, Thousand IT Group атты жеке компания ашады. 4-курс студенті бола тұра, Айболат жеке инновациялық жобалармен қатар әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін компанияның жұмысын бастайды. IT компания осы уақытқа дейін 200-ге жуық жобаны жүзеге асырған. Арасында миллиондаған қолданушы жинағандары да бар. Дегенмен Айболат биыл Thousand IT Group компаниясынан бөлініп, мобильді өнім жасауға бет бұрған. Aqyl Battle – сол бастаманың алғашқысы.
– Біз жеке тұлғалардан бастап, ірі компанияларға дейін мобильді қосымшалар жасап жүрміз. Карантин кезінде дәріханаларда дәрілердің бар-жоғынан хабар беретін i teka платформасын жаса­дық. 2018 жылы Saz alemi жобамыз миллион қолданушымен Forbes тізіміне кірді, – дейді жас маман.
Ал Aqyl Battle интеллектуалдық ойынын жасау идеясы Айболатта бұрыннан болған. Оның айтуын­ша, қазір жастар көп кітап оқы­майды, әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отырады. Олар ақпараттың аздығынан емес, көптігінен қина­лып, сүзгіден өткізбей барлық жаңалықты қабылдай береді. Жоба мамыр айында дайын болды. Зерендідегі «Жастар Рухы» жастар қанатының съезінде «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың алдында жобаны ресми түрде маусым айында таныс­тырады. Ойынның нарыққа шық­қанына 2 айдан астам уақыт өтті. Осы аралықта 400 мың қолданушы 14 миллион рет ойнапты.
– Студент кезімізде «Борьба Умов» ойыны кең таралып, көп­шіліктің сұранысына ие болды. Бұл бағдарламаны барлығы ре­сейлік жоба деп ойлайды. Бірақ «Борь­ба Умовты» Швецияның бір ауылындағы жігіттер ойлап табады. Кейін жоба әртүрлі атпен мемлекеттердің нарығына кіре бастайды. ТМД нарығына «Борьба Умов» атауымен танымал болды. Студент кезімізде осы ойынды ұстаздарымызбен жарысып ой­найтынбыз. Ал пандемия кезінде quiz planet атты жобаны достарыма таратып, жарысып ойнап жүрдік. Сөйтіп, мен Aqyl Battle бағдар­ламасын жасап шығамын деп ше­шім қабылдадым. Жоба жайлы ең алғаш Дәулет Төлеутайұлына айттым. Ол кісі бірден қолдау көрсетті,– дейді Айболат.
Aqyl battle Aqyl Battle-дың басқа ойын­дардан ең басты артықшылығы – ойын қазақ тілінде. Екіншіден, сұрақтар дайындағанда кате­горияларға ерекше назар аударған. Үшіншіден, басқа викториналық ойындарды телефоннан өшіріп тастаған кезде ойыншылардың ұпайлары сақталмайды. Осы жағ­дайды ескеріп, жинаған ұпайлар­ды эмоциялар мен реакцияларға айырбастауға болатындай етіп жасаған. Алдағы уақытта мұны жетілдіріп, ұпайларды шынайы тауарларға айырбастауды жос­парлапты. Көп ұпай жинап доцент, профессор деңгейлеріне жеткендер арнайы турнирге қатысып, сый-сияпаттарға ие бола алады. Бұл адамдардың Aqyl Battle ойнауына мотивация береді. Сәйкесінше, көбірек білім алуына әсер етеді. Осы арқылы IT мамандар хал­қы­мыздың дүниетанымын арттыруға үлес қоспақ. Қазір бұл ойынды мектеп оқушыларынан бастап, қарияларға дейін ойнап жүр.
– Сұрақтар арқылы идеоло­гияға әсер ете аламыз. Сондықтан қазақтың рухын көтеретін, ба­тырларымыз бен хандарымыздың өмір жолдары жайлы, тарих пен әдебиет туралы, ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз турасында сұрақтар дайындадық. Бұл жоба арқылы ағылшын тілін үйренуге болады. Қаржылық сауатын да арттырып, алғашқы медициналық көмек жайлы да білуге болады, – дейді IT маман.
Айболат Құлатайдың айтуын­ша, орысша, ағылшынша викто­риналық ойындарға сұраныс жо­ғары. Бірақ олардың да кемшілік­тері бар. Алдағы уақытта Aqyl Battle-ды басқа тілдерге аударып, ТМД нарығына шығаруға да бо­лады. Қазір ютубта да, инстаграмда да қазақша контентке сұраныс ар­тып келеді. Себебі қазақ тілді аудитория жылдан жылға өсіп жатыр. Тіпті, орыс тілді тұлғалар­дың өзі балаларын қазақ мектеп­теріне беруде. Сондықтан қазақша сөйлеу, қазақи болу – трендте. Одан ұялудың қажеті жоқ.
– Біздің бастапқы мақсатымыз қазақша викториналық ойын жа­сау болды. Ол мақсатымызға жет­тік. Алдағы 5 жылда қазақша кон­тент тұтынатын аудитория тек өсе береді. Бұл дегеніміз, қазақша IT жобаларға да сұраныс артаты­нын көрсетеді. Біз осыны ескере оты­рып Aqyl Battle-ды жасадық. Нәти­жесі де біз күткеннен әлдеқайда жоғары болды. PUBG, Garena, Durak, Roblox сынды ойындарды артта қалдырып, Қазақстанда ең көп жүктелген ойындар қатарында App Store мен Play Market-те бірінші орында тұрмыз, – деп қуанышымен бөлісті кейіпкеріміз.
Қазақстанда 2025 жылға дейін 100 мың ІТ маман дайындап шығару қолға алынғаны белгілі. Биыл 60 мың гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бө­лінді. Еліміздің осы сала нары­ғында жүрген маман ретінде Ай­болат Құлатайдың пікірін сұрадық. Оның айтуынша, 100 мың ІТ ма­маны деген көп болып естілуі мүмкін. Дегенмен олардың ішінен үздіктер шықса, жалпы жұмсалған қаражатты бірнеше жобамен-ақ қайтарып тастауы мүмкін.
– Беларусьтің World of Tanks компьютер ойыны сол елдің жал­пы ішкі өніміне әкелетін табысы «Қаз­Мұнайгаздың» Қазақстанға жалпы алып келетін пайдасынан көп. Израиль елінің басты табысы да – ІТ саласы. Бұл қазір күшпен емес, біліммен жарысатын заман екенін көрсетеді. Меніңше, ІТ саласы елімізде көп мүмкіндікке жол аша­ды, сол себепті бұл салаға ерекше көңіл бөлу орынды, – дейді ол.
Иә, жас келсе – іске. Айболат сияқты алған білімін кәдеге жа­ратып, халыққа тиімді жобалар ұсынып жүрген жастарды көргенде ІТ саласының болашағына сенім­мен қарауға болады.