Иең қайда, қазанат?
Иең қайда, қазанат?
1,609
оқылды
Қазанат – ердің қанаты. Қазақ пен қазанатты бөле-жара қарауға болмас. «Қа­зақ – жылқы тектес» дей­міз. Асқар Сүлейменовтің: «Бас­қа халық қайдан жа­ралсын, мейлі маймылдан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған» дегені тағы бар. Қазақ пен қа­за­натты байла­ныс­ты­ратын бір тылсым күш бары анық. Оны ешкім жоққа шы­ғара алмас. Қазақ ғасырлар бо­йы жылқының жүйрігін, мық­тысын бөлектеп, ірік­теп өсірген. Ал ұлт қайрат­кер­лерінің әрқайсысының сү­йікті тұлпарлары болыпты. Бүгінгі әңгіме – жылқының тарихы емес, қазанаты серігіне айналған қазақтың танымал тұл­ғалары туралы. Батырлар жырын оқыған әр қазақ жақсы біледі: Алпамыстың Байшұбары, Қобы­ландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасы, Ер Тар­ғынның Тарланы болды. Анталаған жауды қанатты әрі төзімді тұл­парсыз жеңу мүмкін емес еді. Сол себепті де батырларға қазанаты сенімді серік болды. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» (Абай) жылқы баласының сұлу жара­тылысы талай ақынға жыр да бол­ды, көркем образға да айналды. Жылқының ерекше қасиеті ба­тырлар жырында ғана көрініс тап­қан жоқ, одан кейін де талай тұлға­ға сенімді серік болды. Ақан сері­нің Құлагері туралы Ілияс Жансү­гі­ров ерекше поэма жазды. Ақын­ның «Құлагер» поэмасы талай жан­ның жүрек қылын шерт­ті. Тұңғыш Олимпиада чемпионы болғаны Абсент жылқысы да Лу­говойдан шыққаны белгілі. Жыл­қы мен қазақ егіз ұғым дейтініміз де сондықтан. Міржақыптың Алагөзі Міржақыптың атқа құмарлығы бала кезден басталса керек. Жүйрік ат, құмай тазы – ер жігіттің қайра­ты. Міржақып та сондай сұлуға құ­мартса керек-ті. Гүлнәр Дула­то­ваның «Шындық шырағы» атты кітабында әкесінің жылқыға құ­марлығын ерекше суреттейді. «Па­пам жылқы малын жақсы көретін, асылтұқымды жүйрік сәйгүліктерге құмар болатын. Елде өзі мініп жүр­ген талай аттарын сағынып, мақ­танышпен есіне алатын. Қы­зылордада таныстары сыйлыққа берген екі-үш аты есімде, бірақ мырза Міржақыптың қолынан тез тарап кететін, келген жегжаттарына мінгізіп жіберетін. Ақбоз атын ер-тұрманымен Шоңның Жүсіп қа­жысына (Ахметсафаның әкесі) бергенін білемін. Өзінің ұсталып кеткенінше мініп қызығын көрген жирен қасқа Алагөзін бәріміз жақсы көретінбіз. Оған байла­ныс­ты көп қызық оқиғалар өткен, оны қоя тұрайын. Папам Алагөзге мініп, редакцияға баратын, аңға да шығатын. Аңшылық дегенім – құс атуды әуес көретін, айтулы мерген еді» деп жазады. Құлагердей ат қайда? Атқұмар қазақтың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол туралы Сәбит Мұ­қановтың «Өмір мектебінде» ерек­ше суреттейді. Сәкеннің жылқыға арнаған өлеңдері де өте көп. Тар қапаста жатып, жырлаған өлең­дерінің бірі «Тұлпарым» деп ата­лады. Бұл бір жағынан еркіндікті аңсаған қазақтың өз тағдыры болса, екінші жағынан тұлпарын сүйген Сәкеннің өз зары болатын. – Темір торлы тас үйде, Көкірегім толды шерменен. Қанатты, тағы тұлпарым, Арқырап келші кермеден. Тұмарлап баптап, айдарын, Құйрығын сүзіп ерлеген. Құтқаршы мені қамаудан Шынжырлап ерік бермеген. Сәкен мұны түрмеде жатқан азапты күндерде жазған. Туған жерге деген сағынышын осылай жеткізген. Сол сағынышты «тұл­пар» образында беріп отыр. «Құлагер» – Ілияс Жансү­гі­ровтің шоқтықты поэмаларының бірі. Ақынның Құлагерді жыр­ла­уына Ақан серінің өмірі мен тұл­пары себеп болғаны даусыз. Әрі атақты серінің «Құлагер» өлеңі де ерекше әсер қалдырса керек-ті. Тарихтан белгілі, Құлагердің өлімі Ақанға оңай тиген жоқ. Ол ай­далада Құлагердің басын құшақ­тап, көзінен қанды жас аққанша жылағанын Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романында да жазады. «Осы кезде шапқылаған ат дүбірі еміс-еміс естілгендей болды да, іле «Қарағым! Қанатым!» деген иесі­нің дірілдеген даусы дәл құлағының түбінен шықты. Ақтық рет ышқы­нып, басын көтеріп алған Құлагер сары аттан домалай түсіп тізерлеп отыра кеткен Ақанның құшағына жағын төседі. Иесінің үсті де шыл­қылдаған су екен. Ағыл-тегіл боп аққан көз жасына малып алғандай. «Айдалада жалғыз қалдырмай, жеттің бе, үлгердің бе? Менің қа­зам енді жеткен шығар, ризамын саған, бақыл бол!» деп кісінегендей болды. Бірақ тағы да үні шықпай, ерні жыбырлаған күйі көзі жұ­мылмай қалды. Оқыс тұяқ серпіп, қинала керілген Құлагердің ашық қалған көзінде мөлтілдеген жас төгілмей тұнып тұр. Ақанның кө­зінен бір тамшы жас әлгі көлге үзі­ліп түскендей жан біткендей дір етті. Ақан аһ ұрып, он жыл серік болған аяулы досының жансыз көзін жапты»... Жауыздықтың шегі болмас, қаныпезерлер Құлагерді ғана өлтірген жоқ еді, ақынды да «тірі өлікке» айналдырған. Жан жүрегі паршаланып, Құлагерін құшақтап, егіліп жылаған Ақан бейнесі қалды... Батыр мінген Ақбоз ат Батыр Бауыржан Момыш­ұлы­ның есімі аталғанда, Ақбоз аты қатар айтылады. Ол туралы аңыз да, әңгіме де көп. Ақбозы туралы батыр өз естеліктерінде де жазып қалдырған. «Мен – атбаптар қа­зақ­тың баласымын. Жылқы жүй­рігін айтпай танимын. Егер білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жыл­қысы. Еркін далада құйынмен жа­рыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмай­ды, өзі және ақбоз екен, – деп ат­тың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қойдым» дейді есте­ліктерінде. Жанында тұрған стар­шина ақ боз атты таңдауының сырын сұрағанда: «Жылқының ақбозын халық қасиетті деп са­най­ды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген. Егер сол аттың иесі шейіт болса, оның асына ақбоз шалатын болған. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр, түсіндің бе?» дегені тағы бар. Сол тұлпары батырды талай оқ пен оттың арасынан алып шықты. Тіпті, кейде сапты жаяу аралағанда аты қасында бірге еріп жүреді екен. Тұрса – тұрады, отыр­са – отырады. Дауысы қатты шық­са, тұмсығымен түрткілейді екен. Батырдың нағыз сенімді серігіне айналған. Тұлпар мініп, ту алған қазақ­тың батырлары аз емес. Кәрпескеге дейін қазақтың бәрі атқа мінді десек, қателеспес, сірә! Кеңес ке­ліп, малын, жылқыдан түсіріп, та­қырға отырғызды да кетті. Атқа шапқан қазақ жаяу қалды. Алаш­тықтар арасында жылқы малына құмартқаны Міржақып Дулатов екенін жаздық. Одан бөлек, жылқы малын ерекше қадірлегені бар ма? Профессор, ғалым Айгүл Ісіма­қоваға бұл сауалды қойғанымызда, «Міржақыптың «Алагөзі» ғана еске түседі. Негізі, олар ат мінетін заман болмады ғой: патшаның қудалауы басталды, совет кезінде атқа тек коммунистер мінді», – дейді. Алаштан кейін атқа отырған – Бауыржан Момышұлы секілді. Қаһарман ұлдың ақ боздың үстін­де қасқайып отырған сәті тас­паланып қалған. Ел есін жиып, атқа құмарта бастағаны бертінде секілді. Оның өзінде бәйгеге шап­паса, жаппай атқа шапты деп тағы айта алмаймыз.  
P.S. Қазақ ашаршылық тұсында аттан айрылды. Қанаты қайырыл­ды. Біз атқа мінген арыстар тура­лы жазғанда ежелден жауынгер ұлт­тың ұландарының рухы жоғары бол­ғандығын айтқымыз келген. Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» дегенде, тұлпар мініп, ту ұстаған өршіл халыққа та­биғаттан дарыған осы еркін мінезді меңзесе керек. Осы күнгі замандастарымыз­дың көбіне бозөкпе, босбелбеу, ын­­жық­тау келетұғындығының бір себебі – ат үстіне үзеңгі артпаған­дық­тан емес пе екен?! Сөз кезегі ретінде қазіргі жылқы ұстап, ат баптаған азаматтар мініске арналған жылқыдан гөрі бәйгеге, ат жарыстырып, атақ шығармақ ниет­пен ғана ұстап жүрген сияқты кө­рінетінін айту артық болмас… «Ат – ер қанаты» дейміз. Ал қа­натынан айрылған қазақтарды не дейміз?