700 грамдық сәбидің оқиғасы
700 грамдық сәбидің оқиғасы
2,616
оқылды
Атыраулық ана 700 грамм сәбиін дәрігерлердің қалай аман алып қалғанын айтып берді. Перизат Қайырбаева – екі баланың анасы. Екінші сәбиін ерте босанған Перизат 700 грамдық шақалақтың өмірі үшін күрескен дәрігерлердің ерлігін көзіне жас ала отырып еске алды.
«Арада бір жыл өтсе де, өмі­рі үшін күрескен нәрестемнің әр күні есімнен кетпейді. Жүкті адамның ағзасы стандарттарға бағына бермейді ғой. Жүкті­лігіме 6 ай толған уақытта күт­пеген жерден босанып қалдым. Бұл 2021 жылдың 9 қазаны бо­латын. Бойы небары 30 санти­метр болған сәбиім 725 грамм сал­мақпен өмірге келді. 26 аптада өмірге келгендіктен, іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағза­сында инфекция­ның көп екен­дігін айтып, «үміт аз, кез келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті», – дейді Перизат.
Өмірге келген бойда сәби­дің өкпесінен қан кетіп, ірің­деген. Өмір мен өлімнің ара­сында жат­қан нәрестеге қысқа уақыт ішінде төрт мәрте қан құяды. Донор қанда қант мөл­шері кө­бейіп кеткендіктен, инсулин алып тағы біраз уақыт жатады. Оның үстіне, жүрегі дұрыс же­тіл­мегендіктен, бала тым әлсіз болған.
«Сол кездегі жағдайымды сөз­бен жеткізу мүмкін емес. Неше түрлі ой келетін. Ауыр ойдың жетегінде жүріп, кейде түрлі қорқынышты түстер көріп оянатынмын. Бара-бара от­басым­ның, дәрігерлердің қол­дауы бойыма қуат бітіргендей болды. Өз-өзімді қолға алып, мықты болуға бекіндім. Себебі «бала анасын сезінеді» дегенді еститінмін. Сөйтіп, әрбір үш сағат сайын жансақтау бөліміне кіргенде қызыма жақсы әң­гімелер айтуды бастадым. Ең бірінші, Аллаға жалы­натынмын. «Періштемді аман қалдыршы, денсаулығын мық­ты етіп берші, аман-есен өсіп кетсінші! Маңдайына жарқын өмір жазшы» деп жалбарындым. Одан әрі сөздерімді Райханыма арнап жүрдім. «Бізді үйде күтіп отыр. Мен саған сенемін, амандығыңды тілеймін! Біз жеңеміз!» дейтінмін. Миы то­лық дамымағандықтан, Рай­ханым ұйықтап жатқанда дем алмай қалатын. Сол кезде сату­ра­циясы төмендеп, санаулы ми­нуттарда баланың денесі қарайып кететін. Осындай жағдайда бірден массаж жасап, баланы оятып алу керек. Алға­шында қорқып кететінмін, кейін үйреніп, бірден іске кірісетін болдым. Бірте-бірте бойымда жақсылыққа деген сенім, үміт пайда бола бастады. Райханымды арада 33 күн өткеннен кейін ғана қолыма бірінші рет алған екенмін. Қызымды «кенгуру әдісі» бо­йынша кеудеме басқандағы сезімімді ешқашан ұмыт­паймын. Кіп-кішкентай етіп, қол-аяғындағы аппарат тоқ­тарымен бірге кеудеме салды. Сол кезде баламның жүрек соғысы жиілеп, сатурациясы көтерілді. Монтитып ұйықтап жатқан балапаным, осылайша өздігінен дем алуды үйрене бастады. Осылайша, Райханым ИВЛ аппаратында бір ай, СИПАП аппаратында аппа­ратында – 15 күн, жасанды оттегі аппаратында 15 күн жат­ты. Тура екі ай дегенде қызымды жан­сақтау бөлімінен палатаға ауыс­тырған кездегі қуанышым­ды көрсеңіздер... Тұтас әлем қы­зым екеумізге сый жаса­ғандай көрінді. Сөйтіп, Атырау қалалық перзентханасынан қызым екеуміз тура үш ай өткенде ғана шықтық. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайда­ланып, сәбиімнің өміріне араша болған дәрігерлер Гүлзейнеп Дюсуповаға, Әсел Каукеноваға, Гүлжан Шаймер­диноваға, Кәмшат Сағындық­оваға, Айзада Орынбасароваға, Индира Сабырқызына және медбикелерге аналық алғы­сымды білдіремін», – деп аяқ­тады сөзін Перизат.
Өмірге ерекше жағдайда келген Райхан жақында бір жас­қа толады. Сүйкімді бала­қай­дың денсаулық жағдайында қазір кінәрат жоқ. Тәтті қылық­тарымен отбасының қуанышы болып өсіп келе жатқан Райхан дәрігерлік кәсібилік пен өмірге деген құштарлықтың дәлелі десек те болады. Жалпы, бұл дәрігерлер аман алып қалған шақалақтардың жалғыз оқиға­сы емес. Осыдан бір жыл бұрын Атырау облыстық перинатал­дық орталығында сәби 800 грамм салмақпен өмірге келген болатын. 26 апталық қыз бала­ның өмірі үшін сол кезде об­лыстық перзентхана дәрігерлері күрескен еді. Ауыр хәлде болғандықтан, перзентханада 65 күн жатып ем алған Ясина да қазір бір жасқа толды. Бір қарағанда, ана мен бала арасындағы қарапайым оқиға болып көрінгенімен, шала туған балаларды аман сақ­тап қалу – ерлікке пара-пар іс. Осындайда әр сәбидің өмірі үшін уақытпен санаспай еңбек етіп, күресіп жүрген дәрігер­лерге шын жүректен алғыс айтқың келеді. Атырау облыс­тық перинаталдық орта­лығы­ның Шала туған нәрестелер патологиясы, II кезең күту бө­лі­мінің басшысы Түрлен Мұз­дыққызының айтуынша, соңғы он жылда елімізде шала туылған шақалақтардың өмір сүру көрсеткіші 2 есе өскен.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нәтижелі перинаталдық технологиялар­дың, медицина саласының іл­герілеуі нәтижесінде, шала туыл­ған сәбилердің өмірін сақтап қалу көрсеткіші көбейіп отыр. Кемінде салмағы 500 грамм, бойы 25 сантиметр бо­латын шақалақтың өмір сүру мүмкіндігі жоғары», – дейді ол.
Жыл басынан бері Атырау облыстық перинаталдық орта­лығында 446 сәби шала туы­лыпты. Сол 446 шақалақтың ар­тында қаншама тағдыр, қуа­ныштың көз жасы жатыр де­сеңізші...