Қазынаға толы Қарағанды
Қазынаға толы Қарағанды
512
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды об­лысына жұмыс сапарымен барды. Президент Қарағанды жұрт­шылығымен кездесуінде облыстың тыныс-тіршілігімен таны­сып, нақты мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің тарихы мен оның ел руханиятында ала­тын орны туралы айтты.
– Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтық тарихи, рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғасы шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Сондай-ақ Тәттімбет күй толғап, Мәди ән салған қазақ өнерінің киелі бесігі. Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сынды әдебиетіміздің алыптары да осы қастерлі топырақтан шыққан. Облыс аумағында тамаша табиғатымен көз тартатын жерлер көп. Қарқаралы мен Шайтанкөл, Бектау ата және Бұғылы-Тағылы таулары қашанда қазақтың құтты мекені саналған, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қарағанды облысындағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда айрықша орын алатынын, мұнда республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85 пайыздан астамы өндірілетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау қажеттігіне баса мән бергенін еске салды. Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси ахуалға және әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан сайын арта түсті. Осы ретте мемлекеттің міндеті – орта және жоғары деңгейдегі тауар өндірісін ұлғайтуға қолайлы жағдай жасау.
– Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қо­сы­лып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға да ай­нала алады және айналуға тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы ке­рек. Үкіметке «Saran» индус­трия­лық аймағының инфра­құ­рылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент облыстың тран­зит­тік-тасымал әлеуеті мен жол ин­фрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет бас­шысының сөзінше, аймақты да­мы­туға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал етеді. Қазір Ор­талық – Оңтүстік көлік дәлізі са­лынып жатыр. Балқаш қаласы ар­қылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта ке­йінге қалуда. Сол үшін Қ.Тоқаев Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды. Сонымен бірге «Қара­ған­ды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 ша­қырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақ­сарады. Жүк тасымалы көбе­йеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Президент осы жолды жөндеу жұмысына ал­дағы жылы дереу кірісу керегін ес­кертті. Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ірі өнер­кәсіп кәсіпорындары орналасқан облыс тұрғындары экология мә­селесін жиі көтеретінін айтты. Осы ретте Президент ірі кәсіпорындарға қоршаған ортаның тазалығын сақ­тау жөнінде қабылданған мін­дет­темелерді, стандарттар мен норма­ларды қатаң сақтау керек екенін ес­ке салды. Президенттің айтуын­ша, облыстың өндірістік кәсіп­орын­дарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді.
– Қарағанды сияқты индус­трия­сы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМиттал­Те­міртау» АҚ объектілерінде жұмыс­шылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің өндірістік қуатын ғана емес, аграр­лық әлеуетін арттыру да аса ма­ңызды екеніне назар аударды. Сон­дай-ақ соңғы бес жылда елі­мізде жылқы саны 2 есе өсіп, 4 миллионға жеткеніне тоқталды. Осы орайда Қарағанды облысы – көш басындағы аймақтардың бірі. Себебі бұл өңірде малды жазда өріске, қыста тебінге шығаратын жайылым көп.
– Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыш­тан мониторинг жасалды. Респуб­лика бойынша иге­рілмей бос жат­қан 20 миллион­нан астам гек­тар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет менші­гіне қайтарумен айналысатын ар­найы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гек­тар­дан астам алқап қайтарылды. Со­ның ішінде 1,1 мил­лион гектар Қарағанды облы­сына тиесілі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мә­дениет инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс­тар азаматтардың тұрмысына ті­келей әсер етеді. Ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының баста­ма­сымен «Жайлы мектеп» ұлттық жо­басы қолға алынған. Ол бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жа­тыр. Алдағы 3 жылда осы өңірдің өзінде 28 мыңнан аса балаға арнал­ған жаңа мектептер салынатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қара­ғандының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қаланы одан әрі тұрақты дамыту үшін қосымша жылу көздері қажет екенін айтты. Осы ретте Үкіметке Қарағанды қа­ласының үшінші жылу желісінің құрылысына қажетті қаражатты шұғыл бөлуді тапсырды. Кездесу соңында Президент Қарағанды облысының бірқатар азаматтарын мемлекеттік наградалармен ма­рапаттады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы автобус және коммерциялық тех­ника өндіретін QazTehna зауыты­ның жұмысымен танысты. Зауыт 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шы­ғар­ған. Биыл жыл соңына дейін қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерге 700-ден аса автобус пен электробус жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйым­дарына жіберілмек. Бұдан соң Президент тұрмыс­тық техника шығаратын Silk Road Electronics және көлік дөңгелегін өндіретін KamaTyresKZ зауытын аралады. Зауытты биыл жыл со­ңына дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне ар­налған дөңге­лектер шығарады. За­уыттың жо­балық қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген. Ал құрылысы екі жыл­дан кейін аяқ­талуға тиіс Silk Road Electronics за­­уыты жыл сайын те­ледидар, электр сужылытқыш, шаң­сорғыш, асүй пли­тасы мен жел­деткіш се­кіл­ді тұр­мыстық тех­никаларды шы­ға­рады. Зауыттың болашақ өнімдері қо­йыл­ған шағын көрмені аралап шық­қаннан кейін Мемлекет бас­шысы зауыт басшы­лығымен әңгімелесті.