CLIP MIND: замандас, ойын арзан, күлкі қымбат – Ұлмекен Сәндібекқызы
CLIP MIND: замандас, ойын арзан, күлкі қымбат – Ұлмекен Сәндібекқызы
636
оқылды
Aiqyn: Клиптік сана дегеніміз не? ҰС: Clip сөзі ағылшын тілінен енген, «үзінді», «фрагмент» деген мағына береді. Бүгінгі ақпарат ағыны көп заманда адам санасының белгілі бір мәліметті қабылдауға, қорытуға, одан ой түюге «уақыты» жоқ. Интернетке, әлеуметтік желілерге тәуелді жастардың басым бөлігі өзіне ұсынылған ақпаратты тек көреді (қарайды), бірақ оның мән-мазмұнына, айтар ойына зер салмайды. Байқасаңыз, бүгінде аса танымал Instagram, Tik-Tok сияқты әлеуметтік желілер тек 15 секундтық видео жариялауға мүмкіндік береді, ал жастар дәл сондай қысқа әрі мағынасыз контентке әуес. Әрі әлеуметтік желі арқылы күніне миллиондаған контент тарап жатқандықтан, сондай-ақ, бірінен екіншісі асып түсетін қызықты сурет-видео, мем және тағы басқалары еліктіріп отырғандықтан жастардың санасы көріністі тұтас қабылдаудан, ойланудан, ой қорытудан қалып барады. Яғни мән-мағынасыз бір үзік ақпаратты көріп, соны қанағат тұтады. Қазіргі ақпарат ағыны шаблонды ойлауға – клиптік сананың қалыптасуына әкелді. Aiqyn: Бұл құбылыс жастар санасына несімен қауіпті? ҰС: Адам санасының ең асыл қасиеті – ойлану, ой қорыту дейтін болсақ, клиптік сана жастардың дәл осы қабілетін шектейді. Жастар шешім қабылдау, сыни ойлау, мәселенің ақ-қарасын айыру, есте сақтау, іздену сияқты құнды қасиеттерден ажырайды. Сондай-ақ клиптік сана ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізу, пайдалы-пайдасызын сүзгіден өткізу, мазмұнын, мағынасын түсіну деген абзал дүниелерден ада. Үзік сана тек жаңа ақпарат тұтына бергісі келеді, сәйкесінше, жастар әлеуметтік желілерді аңдып, секунд сайын жаңалық көргісі келеді. Бұл – тәуелділік. Әрі ең өкініштісі, клиптік сана әлеуметтік желідегі контенттің аясынан шыққан ақпараттарды қабылдауға қабілетсіз. Бұдан жастар әдебиет оқымайды, ғылым-ілім меңгере алмайды. Мәселен, мектеп оқушысы қарапайым оқу бағдарламасын сіңіре алмауы мүмкін. Өйткені ойын жинақтауы, бір нәрсеге зер салуы қиын, оқиғаның бас-аяғын, тұтас мазмұнын көре алмайды. Бұған қоса, клиптік сана басқаруға бейім келеді, сәйкесінше, жастар жарнама, алаяқтық, арандату жағдайына жиі ілігіп қалуы ықтимал. Оның үстіне, жастар күніне алуан түрлі ақпарат тұтынатындықтан, түрлі эмоцияны, биполяр күйді бастан кешеді әрі күзейліске, беймаза, сабырсыз күйге үйір болады. Aiqyn: Клиптік сананы басқарудың қандай жолы бар? ҰС: Бүгінде әртүрлі психологиялық зерттеулер клиптік сананы «жүгендеудің» бірнеше жолын ұсынады. Мәселен, кітап, әсіресе, көркем әдебиет оқу. Эссе, шығарма, мазмұндама жазып, достарыңа айтып беру. Түрлі дебат, пікір-таласқа қатысу. Шығармашылықпен айналысу: бейнелеу өнері, еңбекке баулу сабақтарын еске түсіріңіз. Сондай-ақ, ата-анасы баласымен жиі уақыт өткізіп, түрлі тақырыпта сағаттап әңгіме-дүкен құрып, пікір алмасуы қажет. Бұл арқылы баланың қызығу­шы­лығын бағамдап жүруге болады әрі моральдық қолдау көрсете алады.