Сүйкімсіз қылығымен сыйы кеткен
Сүйкімсіз қылығымен сыйы кеткен
© коллаж: Әсел Балтақызы
489
оқылды
Пандемияның беті қай­тып, той көрігі қызғалы ол жиындардағы жын-ойнақ би әлеуметтік желіні «жа­рып», қоғамды «серпілтіп» жүр. Сарай-залдарды қай­тадан көрерменге тол­тыр­ған эстрада «жұлдыздары» көргенсіз қылығымен көз­ге түсіп қалудан жарыс ұйымдастырып жатқандай. Олар арзан пиар үшін осы­ған әдейі барады. Билік жақында осы саланы рет­тейтін заң қабылдамақ. Ол не береді? Цензура емес, әдеп қой бізге керегі Өздерін «жұлдыз» деп дәріп­тейтін өнерпаздардың өнерде, са­х­нада, өмірде әдепсіз қылық таны­туы сәнге айналды. Сол үшін еш­қайсысы жазықты болмайтынын бәрі біліп алды. Танымал медиа өнім­дер рейтингін түзетін Мedia­metrics есебіне жүгінсек, Қазақ­станда әлеуметтік желіде, ақпа­раттық құралдарда ең көп оқылып, көрілетіні, яғни халық тарапынан қызығушылық тудыратыны белгілі адамдардың тосын, оғаш, сүреңсіз тірліктеріне қатысты болып келеді екен. Содан көптеген сайт, басы­лым, ақпарат агенттіктері осы та­қырыптарды талғажау етіп, қа­ралым жинағанына мәз. Оқырман-көрерменін материалдарының терең мазмұнымен емес, жалаң әуейілігімен жаулауға бет бұрды. Сөйтіп, жұлдызсымақтардың ұят­сыз қылықтарына жарнама жасап, сол кесапат тірлігін ары қарай өрістетуге ынталандырады. Осы­лайша, тұйықталған кесірлі шеңбер шығады. Мәдениеттанушы Қанафия Елу­байдың айтуынша, бұл шең­берді мемлекет үзбесе, халық жо­ғары мәдениеттен теріс айналып, ар-ождан, ақыл-парасаттан жұрдай болуы ғажап емес.
«Билік қазірден бір батыл қа­дамдар жасамаса, жас ұрпақтың да танымы мен талғамына алапат қия­нат жасалып, ұлт азғындалу шы­ңырауына аяқ басуы кәдік. Ондай қоғамның көсегесі көгере қоюы не­ғайбыл. Алматыда өткен кон­церттің бірінде бір әнші сахнада қаңылтыр құтыдағы сыраны ішіп, банкілерін залға лақтырды. Ол бір жағынан ішімдікті насихаттаса, екінші жағынан жастарға қоқысты қалаған жерге тастай салуға үй­ретеді. Концерттен соң полицияға өтініш жаздым, олар қабылдамады. Бейнежазбаңызды көрсетіңіз дейді. Ұйымдастырушылардың опера­торы түсіріп жүрген. Бірақ полиция қызметкері өз бетінше ізденгісі кел­меді. Көшеде түкіргендермен кү­ресіп жүрген құқық қорғау орган­дары бұған да назар аударса жөн», – деді сарапшы.
Оның пайымдауынша, мемле­кет заңмен тосқауыл қоймаса, концерттер мен той-томалақтағы жын-ойнақтар толастамай, тек өріс­тейді. Қазір сахнада ұрпақ ауы­суда. Кеңес кезіндегі түрлі цензу­радан өтпеген, тіпті қарапайым әдеп дегенді білмейтін, өнердің оқуын оқымаған өнерпаздар өсіп-жетілді. Цензураны қайтарудың қажеті жоқ болар, бірақ заң жүзін­де шектеулер қарастырылғаны маңызды. Өркениетті елдің  үлгісі де озық Дамыған елдерде әншілер сах­нада темекі шексе, арақ ішсе, басқа әдепсіз іс жасаса, айыппұл төлетіп, қамауға алу қарастырылған. Мы­салы, Жапонияда бұқаралық іс-шаралар кезінде көпшілік алдында ұстау этикасы бұзылса, ұйымдас­тырушыларға, жеке тұлғаға ірі кө­лемде айыппұл салынады. Ұлы­британияда ұйымдастырушы тұлға бұқаралық шараны өткізу талап­тарды бұзса, түрмеге қамалады. Өр­кениетті мемлекеттерде жұлдыз­дарды тым шектен шығып, әдептің ала жібінен аттаудан аулақ болуға итермелейтін басқа да тетіктер бар. Айталық, 2004 жылы амери­калық футболдан «Супербоул» сал­танатында өнер көрсеткен әнші Джастин Тимберлейк әріптесі Джа­нет Джексонның абайсызда кеу­де­шесін жұлып алып, омырауын жа­ла­ңаштағаны бар. Америка жұрт­шылығы да, сарапшылар да мұның оқыс оқиға емес, алдын ала ойлас­тырылған қойылым екенін сынады. Қос әнші жаза тартты. Екеуіне де қайта-қайта кешірім сұ­рауға тура келді. Жанжал қос ән­шінің досты­ғына нүкте қойды. Осы оқиғадан соң «Грэмми» ұйым­дас­тырушылары Тимберлейктен бас тартып, жүр­гізушіні шұғыл ауыс­тырды. Бір­қатар радиостанса ол екеуінің әнін біразға дейін қоймай жүрді. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Қазақстанда мұндай қоғамдық тежеу тетіктері түзілмеген. Содан бассыз кеткен жұлдызсымақтар, мәдениеттанушы айтқандай, «ха­лықты дүр сілкіндірдім деп, арсыз қылығынан кринж, кайф аулай­ды». Мұндай нигилизмнің өршуі ұлт­тық құндылықтар мен идеал­дарға, адамгершілік нормаларына, моральдық, мәдени ұстындарға зор нұқсан келтіреді. Бұрыннан ұлтжанды азаматтар талмай айтып келе жатқан бұл сөздердің билікке жеткені бай­қалады. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі «эстрада өнері саласын­дағы концерттік қызметті реттеу бөлігінде қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге» кірісті. Заң жобасы «Ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде әртістердің нормативтік емес лексиканы қолданғаны, ал­когольдік ішімдіктерді ішкені, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде болғаны, сондай-ақ психо­троптық заттардың, олардың ана­лог­тары мен прекурсорларының әсерінен болатын мінез-құлқын тиісінше қамтамасыз етпегені үшін ұйымдастырушылардың және аталған әдепсіз мінез-құлық та­ны­тулары үшін әртістердің жауап­кершілігін» енгізеді. Биылғы 25 мамырда Алматы­дағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында «Ирина Кайра­товна» тобының концерті өткен. Әлеуметтік желіде тараған бей­не­жазбаларда бейнеленгендей, әнші­сымақтар сахна ортасында отырып, жұрттың, балалардың көзінше стақанмен арақ ішкен. Сорақысы сол, «шақырылған қонақ», Shiza лақап аты бар Асхат Жолшиев мемлекеттік туды алып шығып, залға, еденге лақтыра салған. Ар­тынан микрофоннан бұл үшін әкімшілік жаза ғана қарасты­рыл­ғанын, сондықтан пысқыр­майты­нын айтып, сандырақтай бастады. Ұйымдастырушылар оны сахна сыртына алып кетпегенде, мас Асхат біраз былапыт сөз айтатын еді. Бұл масқарадан олар топ қа­тысушысы Азамат Маркленовтің кешірім сұрауымен құтылды. Жанжалшыл әнші жарылқаушысын жарға жығады Заң жобасын әзірлеуші Мәде­ниет және спорт министрлігі өз талдауында бүгінде Қазақстан заң­намасында саладағы кейбір мәсе­лелер реттелмегендіктен, кон­церт­тік қызметті жүзеге асыру және даму үрдістеріне қатысты проблема «ерекше өткір тұрғанын» атап өтті.
«Мәдениет министрлігіне аза­маттардан концерттің төмен са­пасына, оны ұйымдастыру­шы­лар­дың жауапсыздығына, орын­да­латын шығармалар сапасының на­шарлығына және әнші-әртіс­тер­дің теріс мінез-құлқына қатысты шағымдар жиі түседі. Танымал әртістердің қатысуымен болған жан­жалды оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырады. Атап айтқанда, бұл 2022 жылғы мамырда «Ирина Кайратовна» шығармашылық ұжы­мының, Shiza және Нурик Смит әншілерінің қатысуымен өткен концерттегі оқиғаларға қатысты. Бұдан бұрын Павлодардағы кон­церт кезінде Төрағали Төреәлінің қатысуымен болған оқиға да қо­ғамның теріс пікірінің дауылын туғызды», – делінген министрлік талдауында.
Ведомство «қазақстандық орын­даушы «Скриптониттің» кон­церттері жастарға кері әсерін ти­гізетінін» ескертті: себебі оның әндерінің мәтіндері былапыт сөзге толы, сондай-ақ «алкоголь мен есірткі заттарын пайдалануды на­сихаттау көріністері бар». Соған қарамастан бұл әртістің концерттері Қазақстанда еш кедергісіз ұйым­дастырылып тұрады. Пікір білдірген қазақстандықтар мемлекеттен шоу-бизнесті ретке келтіруді, оның өкілдерінің көр­генсіз қылықтарын тыюды талап етті. Құзырлы органдарды тиісті ба­қылау жасамайтыны үшін сынға алды. Алайда министрліктің түсін­діруінше, заңнамада әртістердің сах­нада өзін бейәдеп ұстағаны, бо­ғауыз сөйлегені, мас күйде шық­қаны үшін ешқандай жауапкерші­лік көзделмеген. Бұл үшін ұйым­дас­тырушылар да жаза тартпайды. Жаңа заң бұл олқылықты ішінара болса да, түземек. Ел Президентінің 2022 жылғы 22 маусымдағы тапсырмасын орындау және халық арасында әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін әзірленіп жатқан жаңа заң жобасы Әкімшілік кодекске түзе­тулер енгізеді. Оған сәйкес, егер әнші, әртіс ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қа­рым-қатынас кезінде нормативтік емес лексиканы қолданса, алко­голь­дік ішімдіктерді ішсе, алко­гольдік, есірткілік масаң күйде бол­са, сондай-ақ психотроптық зат­тардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының әсері­­­н­ен болатын есірік мінез-құлық та­нытса, онда жеке тұлғаларға – 150 АЕК (биыл 459 450 теңге) айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде теріс қылығын қайталаса, жазасы 250 АЕК-ке (765 750 тең­геге) дейін өседі. Осы аталған бұзушылықтарға жол берген ұйымдастырушыға: жеке тұлға болса – 150 АЕК, заңды тұлғаларға – 750 АЕК айыппұлмен жазаланады. Егер бір жылда қайта­дан жол беріп қойса, жеке тұлға­лардың жазасы – 200 АЕК-ке, заңды тұлғалардыкі 1 мың айлық есептiк көрсеткiшке (3 063 000 теңгеге) дейін ұлғаяды. Мәдениеттанушы Қ.Елубай бір концерт үшін 10-15 мың доллар (7,5 млн теңге) қаламақы алатын ән­шілер үшін 460 мың теңгені төлеп тастау түкке тұрмайтынын, тек қа­мауға алса ғана сабасына түсетінін айтады. Сарапшылар министрлікке айыппұл сомасын арттырып, оның көлемін ұйымдастырушылардың концертті өткізуден табатын табы­сына немесе той, концерт, ивентке қатысқаны үшін әртістердің алатын қаламақы мөлшеріне тең етуді ұсынды. Яғни, мас күйде келсе, та­бысынан қағылады. Сонда есі кірер еді. Бірақ бұл ұсынысты министрлік қолдамады. Ұйымдастырушылар да, әнші-әртістер де гонорарын жасырады. Тегін қатыстым дей са­лады. Онда жаза да болмайды. Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің Мәдениет комитеті бас­қар­масының бас сарапшысы Мадияр Тілебалдиннің айтуынша, осы атал­ған әрекеттердің бәрі де әкім­шілік құқық бұзушылыққа жатады.
«Сондықтан біз осындай бұзу­шылықтар үшін кодексте жеке және заңды тұлғаларға қарасты­рылған ең жоғарғы жазаның бірін алып отырмыз. Одан көп айыппұл салу көзделмеген. Егер Парламент болашақта кодекстегі жоғарғы айыппұл сомаларын көтерсе, мұнда да көтеруге болады. Егер әнші заңды бір жылда бірнеше рет бұзса, әрқайсысы үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Ол үшін ұйым­дастырушы да жазаланады», – деді Мадияр Тілебалдин.
Қайта-қайта жазалану ұйым­дастырушыларды мезі етері сөзсіз. Демек, олар жанжалшыл әртіс­терден іргесін аулақ салады деген үміт бар. Мәдениет комитеті басқарма­сының бас сарапшысы дерегінше, қазір елде 32 мемлекеттік концерт­тік ұйым, соның ішінде 2 респуб­ликалық ұйым эстрадалық кон­церттерді ұйымдастырумен айна­лысады. Бұған қоса, мәдени-бұ­қаралық іс-шараларды ұйымдас­тыру саласында 300-ден астам заң­ды тұлға мен жеке тұлға тіркел­ген. Сонымен қатар сахнада өнер көрсетіп, концерттік іс-шаралардан табыс тауып жүрген 1 мыңнан астам дипломы бар эстрадалық орын­даушы және 2 мыңға жуық білімі жоқ эстрада әншілері бар. Олардың қаншасы елді азғындап жүргені беймәлім.