Ауызсу проблемасы шешілер емес
Ауызсу проблемасы шешілер емес
903
оқылды
Мемлекеттің барлық елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етеміз деп жар салғанына талай заман өтті. Үкіметтің айтқанына сенсек, су проб­­лемасы о баста 2010 жылы, сосын 2020 жылы түбегейлі шешілуі тиіс болатын, кейін оның мерзімі тағы 2023 жылға сырғытылды, енді, міне, 2025 жылға жоспарланып отыр. Әйтеуір, сөзбұйдаға салып, уәде беріп келеді, ал бұл уақытта мыңдаған қазақстандық ауызсудың зардабын тартуда. Судың сұрауы үлкен Азия елдерінің ішінде Қазақстан су тапшылығы жағынан 8-орында тұр. Біздегі оның қоры 429 текше шақырымды құрайды. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2040 жылға қарай тұтыну көлемі 46 пайызға артып, судың жетіспеушілігі жылына 12 текше шақырымды құрауы мүмкін. Ал 2050 жылға қарай су тапшылығы одан үш есе артуы ғажап емес. Су тапшылығына әсер ететін ең бірінші фактор – трансшекаралық өзендер жағ­дайы. Өйткені еліміздегі су ресурсының 44 пайызы шетелден келеді: Іле мен Ертіс Қытайдан бастау алса, Сырдария Өз­бекстан мен Қырғыз жерінен жетеді. Жайық – Ресейден. Шу өзені Алатау асып келеді. Ал енді Ертістің суы азайса – Зайсан көлінің, Іленің суы азайса – Қап­шағай мен Балқаш­тың, Жайықтың суы азайса Каспий теңі­зінің қоры сарқыла түседі. Сырдың суы дария бойын жайлаған тұтас аймақ пен беті бері қарай бастаған Аралға қауіп төндірмек. Екінші фактор – суды үнемді пайдалану. Ресми дерек бойынша судың 67 пайызы – ауыл шаруашылығына, 30 пайызы – өнер­кәсіпке, қалғаны тұрмыстық қажеттілік­тер­ге жұмсалады. Елімізде су тапшылығы өз ал­дына, біз оны текке төгіп-шашуға кел­генде «ерекшеленген» екенбіз. Finprom ха­лықаралық агенттігінің рейтингіcі бо­йынша Қазақстан жан басына шаққанда күнделікті 3,5 мың литр су тұтыну көрсет­кішімен әлемде 11 орында тұр. Салыстыру үшін: Ресейде – 1,3 мың литр, Грузияда – 1,2 мың литр, Украинада – 604 литр, Ұлыбританияда – 348 литр. Үкімет сол себепті «Су ресурстарын бас­қарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын әзірлеп жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген тұжырымдамада жерүсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 5-7 текше км-ге жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км дейін су үнемдеу, 15 текше км дейін жерасты сула­рын пайдалану жоспары енгізіліпті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 1 қыркүйек күні халыққа ар­наған Жолдауында елімізде су құбырла­рының жартысына жуығы ескіргенін айт­ты: «Су ресурстарының жетіспеушілігі еліміздің тұрақты экономикалық дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп, қазір ол ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көте­рілді», – деді. Президент су проблемасын 2021 жылғы Жолдауында да қозғап, Үкі­метке «бұл бірінші кезекті міндеттің бірі» деп бөле-жара атаған болатын. Сондықтан Қазақстандағы ең көкейтесті мәселелердің бірі – ауызсу екенін еске сала кеткен жөн.
Жолы болмаған жобалар Тәуелсіз еліміз алғаш рет 2002 жылы сумен жабдықтауға арналған «Ауызсу» бағдарламасын қолға алғанда жағдай өте ауыр болатын: сол кезде тіркеуде тұрған 7 231 елді мекеннің тек 513 кенті суды топтас­тырылған сутартқыштар арқылы және 2 мың ауыл жергілікті сутартқыштар арқылы алатын болған. Құрылғылардың ескіруіне байланысты олардың дені жиі істен шығып қалады екен. Аталған жоба бойынша 174 ауылды, 86 қала мен кентті ауызсумен қамтамасыз ету көзделді. Бағдарлама 8 жылға созылып, оған бюджеттен 195 млрд теңге бөлініп, бұл жоба ақыр аяғы сәтсіз деп танылды. Жос­пар­да бекітілген көптеген ауылдар мен кент­тер тұрғындарының қолы «тіршілік нәріне» сол беті жетпеді. Керісінше, осы жылдар ішінде суға бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғаны және сыбайлас жем­қор­лық схемаларына қатысты талай факті­лер әшкере болды. Тіпті 2008 жылы Бас про­куратура өкілі Сапарбек Нұрпейісов «Ауыз­су» бағдарламасына арналған 250 млн теңгенің өз мақсатында жұмсалмағанын» мәлімдеді. Экономист Меруерт Махмутованың айтуынша, миллиардтаған қаржы бөлінген бағдарлама үмітті ақтамады.
– Есеп комитеті анықтаған көптеген қаржылық заңбұзушылықтардың таса­сында сыбайлас жемқорлықтың құлағы қылтияды. Бірақ Үкімет табылған кемші­лік­терден сабақ алмады, қателерді түземеді. Сондай-ақ су комитетін бір министрліктен екіншісіне қайта-қайта ауыстыру да іске кесірін тигізді. Мәслихаттар өңірлерде бюд­жет қаражатының орындалуына тиі­сінше бақылау жасамады, – дейді сарапшы.
Халықты ауызсуға қарық қылмақ бол­ған екінші «Ақбұлақ» бағдарламасы 2011 жылы іске қосылды. Жоба бойынша 2020 жылға қарай ауылдық жерлердің 85 пайызы, қалалық жерлер 100 пайыз сумен қамта­масыз етілу керек болатын. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 1,3 трлн теңге бөлінді. Жоба 9 жыл бойы жүргізіліп, ақыр соңы ол да тиімсіз деп танылды. 2013 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты Асқат Бекенов суға арналған екі жобаның да сәтсіздігін бетке басып, ал­ғашқы бағдарламадағы кемшілік пен жем­қорлық схемасының екінші бағдарламаға да көшкенін айтып, қатты сынға алды. Мә­жілісменнің пікірін көпшілік депутаттар қолдады. Сол кездегі Сената Спикері Да­риға Назарбаева Тәуелсіздік жылдарында сумен қамтамасыз етуге 540 млрд теңге бөлінгенін, бірақ бұл қаржының талан-таражға түсіп, орынсыз жұмсалғанына қынжылыс білдірді (сол кездегі ақша бағамы бойынша 1 млрд 400 млн доллар). Бұл ақшаның ұшты-күйлі қайда жоғалғаны әлі күнге жұмбақ. Үкімет сәтсіздіктерден сабақ алған жоқ Бірақ бұл сәтсіздіктер шенеуніктер­дің жүрегін шайлықтырған жоқ. Енді «Ақбұлақ» бағдарламасын «Өңірлерді да­мытудың 2020 жылға дейін мемлекеттік бағдарламасына» кіріктіріп, тағы бір ин­фра­құрылымдық дамуға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы іске қосылды.
– «Ақбұлақ» алғашқы «Ауызсу» бағдар­ламасының қателіктерін тағы қайталады: бюджеттің орындалуына бақылаудың осал­дығы, бағдарламаны жүзеге асыру ба­рысын бағалаудың жоқтығы, жемқорлық, тағы басқалары... Соның кесірінен бағдарлама­да көрсетілген міндеттер іске асырылмай, сол бетінше жоспар күйінде қалды, – дейді Меруерт Махмутова.
Ал 2019 жылы маусым айында Үкімет отырысында сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр елді мекендерді 2023 жылға қарай ауызсумен жүз пайыз қамтамасыз ететінін айтқан. Енді, міне, Индустрия және ин­фра­­құрылымдық даму министрлігінің мәліме­тінше, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарла­масы аясында халықты сумен 100 пайыз қам­тамасыз ету жоспары 2025 жылға ысырылыпты. Айта кетейік, бүгінде үш өңірде – Сол­түстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқының 100 пайыз орталықтандырылған сумен жабдықталған. Ауылдық жерлер бойынша Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда (97,6%) облыстарында сумен ең көп қамтылған. Ал өзге өңірлермен салыстырғанда Қостанай (64,7%), Жамбыл (82,2%) және Павлодар (88,4%) облыстары ауылдарының сумен жабдықталуы төмен. Ауызсу тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да толық тартылмаған. Мә­селен, өнеркәсібі дамыған Қараған­дының шеткі аймақтары сумен толықтай жабдықталмаған. Семейде де солай, қала­ның Водный және Восход аудандары­ның сусыз отырғандарына 30 жыл. Кент тұр­ғындары тіпті 2019 жылы судың зарын айтып Президентке хат жазған, содан бері екі жыл өтті, бірақ тұрғындарға «тіршілік нәрі» әлі жеткен жоқ. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы 683 елді мекеннің 67-іне су тартылмаған. Ақмола облысында жалпы саны 14 мың тұрғыны бар 24 ауыл сусыз отыр. Жаңадан құрыл­ған Ұлытау облысы да судан зардап шегуде. Жақында облыс әкімі Берік Әбдіғали Қ.Тоқаевтың алдында есеп бергенде об­лыстың 2022-2026 жылғы әлеуметтік-эко­номикалық даму жоспарында ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі жеке тармақ болып берілгенін айтады. Ал Жаңаөзен қаласында 18 сәуірден бастап 4 ай бойы су тек бекітілген кестемен жіберілетін болған. Мұндай сорақы мы­салдар аз емес. Егер сырттан біреу-міреу келіп Қазақстанның қалалары ХХІ ғасырда суға жарымай отыр десе, сенбес едік, бірақ нақты ахуал – осы! Қазіргі күні елдегі барлық арналардың 18 мың шақырымы жөндеуді қажет етеді, инфрақұрылымның тозығы кей өңірлерде 80%-ға жеткен. Ресми статистика бойынша Қазақстандағы 6 293 елді мекеннің 4 429-ы ғана орталықтан­дырылған су торабына қосылған (70,4 пайыз). Көріп отырғанда­ры­ңыздай, сумен жабдықтау саласында шоғырланған мәселе жетерлік. Әйтсе де Үкімет 2025 жылы халықты ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз деп әдеттегідей уәдесін беріп отыр. Оны да көрейік, оған да қол созым уақыт қалды ғой.