Жас маманға шабыт берген
Жас маманға шабыт берген
© фото: Назгүл Назарбек
1,060
оқылды
Шымкент қаласында Қымбатай есімді он саусағынан өнері тамған қыз тұрады. Бала күнінен кесіп-пішіп, қолға іліккен заттан пайдалы дүние жасап жүретін ол мектеп бітірген соң ақыры тігіншілікті таңдаған. Адам өзі қалайтын салаға бет бұрғанда ол жұмысты бар ықыласы мен ынтасын төгіп беріле, рақаттана атқаратыны белгілі ғой. Қымбатай Теңгірова да дәл қазір өз орнын тапқанына қатты қуанып жүр. Әсіресе, жуырда 1 млн 225 мың теңгелік мемлекеттік грантты ұтып алғаны оны одан сайын шабыттандырған.
Шымкенттегі тігу және тоқу өндірісіне ба­ғыт­талған Жеңіл өнеркәсіп және сервис кол­леджін қызыл дипломмен аяқтаған Қымбатай түйме және арнайы киім тігетін KAZPLAST кәсіпорнында алғашқы жұмысын бастаған. Кейін тұрмысқа шығып, біраз уақыт саладан қол үзгенімен, жаны қалайтын істен алыстап кете алмайды. Көп ұзамай, үйде отырып ауыл-аймақтағы балалардың шалбарының балағын, келіндер мен апаларға көйлек-халат тігіп, тігін­шілігін жалғастыра берді. Бір күндері құрақ көр­пе тігуге қызығушылығы артып, оған да тапсырыс қабылдай бастайды. «Киімнен гөрі құрақ көрпе тігу жаныма жақын бола бастады. Себебі құрақ көрпе өзіңмен-өзің тыныш оты­рып, сабырмен ұзақ уақыт істейтін іс. Осы ба­ғытқа қатты көңілім ауып, білімімді одан ары жетілдіргім келді. Жұбайымнан рұқсат алып, Тараз қаласындағы «Тұмар» тігін мектебінде 3 ай бойы бірнеше бағыт бойынша білім алдым. Қыз жасауы, бесік жасауы, құрақ көрпе және балалар текстилі сынды бірнеше бағытты 200 мың теңгеге оқып бітірдім», – дейді Қымбатай бізбен әңгімесінде. Өзінің сүйікті мамандығына одан сайын жақындаған ол енді үйде отырып емес, орталық­тан арнайы тігін цехын ашуды жөн санайды. Үйіне жақын жерден ғимарат жалдап, «Бахыт бренд» атауымен тігін орталығын ашады. Енді туыс әпкесі Әлия екеуі осы істі жандандырмақ. «Бір адамның ісі өнбейді ғой, қолдау білдіріп көмектесетін адам керек. Әлия әпкем жуырда Алматы қаласына барып, 1 миллион теңгеге 10 күндік курс оқып келді. Құрақтың люкс түрін мең­геріп келген Әлиядан мұны да үйреніп жатырмын. Жалпы, біріміздің білгенімізді екіншімізге үйретіп, бір-бірімізді толықтырып жатырмыз», – дейді тағы бірде ол.
Құрақтың люкс түрінен тігілген сөмкедегі бір көрпешенің құны 90 мың теңге тұрады екен. Сөмкесіне де дәл сондай құрақ құралыпты. Инемен құдық қазғандай өте майда, жатық, ұқыпты тігілген құрақ шынында көздің жауын алады. Қолөнер деп осыны айт!
Бүгінде тігін орталығын кеңейтіп, негізінен қыз жасауына тапсырыс алатын қыздар Instagram әлеуметтік желісі арқылы да Қазақстанның өзге өңірлерінен тапсырыс қабылдай береді. Тапсырыс беруші түсі мен оюын таңдап берсе болғаны. Жуырда бір клиент қыз жасауын ашық қызғылт түстен тігуге тапсырыс берген. Көрпе-көрпеше тігу барысында мұндай түс тәжірибеде болмапты. «Тұрмысқа шыққан қызының қалауы бойынша бүкіл дүниесі, тіпті пәтері де осы түстен болатындықтан, мұны да еңсереміз» деп отыр Қымбатай. «6 көрпеше мен 6 жастықты 1 апта көлемінде бітіріп тастаймыз» дейді олар. «Базардағы қыз жасауы мен тапсырыспен тіккен бұйымды салыстыруға келмейді. Мәселен, артымнан келген дүниені анам базардан алған. Бір жуғаннан кейін-ақ қысқарып, мүлдем жа­рам­сыз болып қалды. Тігісі, жатуы да басқаша. Матаны тіккенде оның жіп бағыты деген болады. Біз оны әбден тексеріп аламыз. Мұның бәрі көздің еңбегі, әрбір тапсырыс берушінің көңілінен шығатындай сапалы дүние жасап шығаруға тырысамыз. Ең бастысы, өзім қалайтын жұмыстан ләззат ала отырып, әрқай­сысына ерекше көңіл бөліп тігемін», – дейді Қымбатай. Анасы да қызының кішкен­тайынан осы іске әуестігін айтып, бүгінде перзентінің өз орнын тапқанына риза болып отырады екен. Бәрінен бұрын бірнеше жылдан бері армандап жүрген грантқа қол жеткізгені Қым­бат­айды ерекше қуанышқа бөлеген. «Грант туралы бұрыннан да білетінмін. Бірақ ол кезде тұрақты жұмысым болғандықтан, талапқа сай келмедім. Тұрмысқа шығып, үйде жұмыссыз отырған соң бағымды сынап көрейін деп дайындалдым. Алғашында балаң кішкентай деген себеппен құжатым қайтарылды. Келесі жылы, яғни биыл тағы да бағымды сынап көрдім. Бизнес жоспарыма қыз жасауын, тігін цехы, балалар текстилін енгізіп, ерекше дайындалдым. Комиссияға дейін өтіп, қойған сұрақтарына мүдірмей жауап бердім. Шүкір, өз күшіммен өткеніме, комиссияның әділ екеніне көзім жетті. Басында қатты уайымдағанымды жасырмаймын. Неше күн бойы ұйықтамай алаңдап, күні-түні дайындалдым. Мемлекеттің берген бұл мүмкіндігі үшін алғыс айтамын. 29 жасқа толмаған жас маман ретінде осылайша мемлекеттің қолдауына ие болдым», – деп ерекше қуанды тігінші қыз. Енді ол қаржыға тігін машиналарын толық­тырып, үлкен стол мен кәсіби үтік алмақшы. Әзірге цехқа емес, үйге арналған кішкентай машина қолданып жүр екен. «Осы жұмысымды қатты жақсы көремін. Тіккенде кәдімгідей рақат аламын, сондықтан шығар, шаршамаймын», – дейді өз ісінің маманы.

Шымкент қаласы