«Жұрттың баласы» да жеңіледі...
«Жұрттың баласы» да жеңіледі...
843
оқылды
Екі рет қатарынан виза ала алмай қалғанмын. Үшінші рет жолым болмаса, анкетамның «Хобби» деген тұсына «Елшіліктің бас тарту хаттарын коллекция жасаймын» деп жазып қоярмын деп әзілдейтінмін. Сөйтсем, ешқандай әзілсіз, осындай хаттарды жинап, көрме өткізуге де болады екен. Бұл идеяның авторы Назарбаев университетінің Гуманитарлық ғылымдар мектебі студенті Гүлзада Ксанның айтуынша, «табысты жұрттың баласынан» шаршаған жастарға өмірдегі жеңілістердің де қалыпты дүние екенін түсіндіру маңызды. Осы аптада Назарбаев университетінің атриумында «Реджект хаттар көрмесі» өтіп жатыр. Реджект хат дегеніміз – сізді университетке, жұмысқа, тағылымдамаға болмаса қандай да бір бағдарламаға қабылдаудан бас тартқаны жөнінде олардың поштаңызға жіберген немесе қолыңызға ұстатқан хаты. Екі көзіңіз төрт болып жауап күтіп жүргеніңізде, олардың үн-түнсіз қалып, хабарласпауын да «реджект» ретінде қарауға болады.
«Биылғы қаңтардан мамыр айына дейін 53 реджект хат алыппын. Көбі – МИФ-тан бастап Penguin Books-қа дейінгі шетелдік кітап баспаларында та­ғылым­дамадан өтуге берген өтінішімді қабылдамаған хаттар. Оныншы реджектке дейін қатты қапаланбадым. «Кімнің ә дегеннен-ақ жолы болған дейсің?!» деп өз-өзімді жұбататынмын. Есесіне CV-імді жақсартып, бұрынғыдан да көбірек cover letter жазуға ынтам артты. Одан әрі тереңірек іздене түстім. Әлі есімде, асханада түскі ас ішуге кезекте тұрғанымда, соңғы реджект хаттарымның бірін алдым. Шынымды айтсам, жылауға да әлім қалмап еді. Ал жазға қарай осы тәрізді барлық хатымды принтерден шығарып, бөлмемдегі Ван Гог пен Қастеевтің картиналарының орнына соларды іліп қойдым. Осылайша, жетістікке жету жолында қандай сәтсіздіктерден өтуге мәжбүр болғанымды әрқашан біліп жүрейін деп шештім», – дейді Гүлзада.
Аталмыш көрмеге 300-ден астам хат келген. Олардың мазмұны әртүрлі: жұмысқа, оқуға, тағылымдамаға, студенттік клубтарға қабылдаудан, конференцияға тіркеуден, жатақханадан орын беруден бас тартқан, тіпті махаббат ұсынысына «жоқ» деген хаттар бар.
«Мен электронды поштамда Job rejections деген папка құрып, арманымдағы компаниялардан мені жұмысқа қабылдамағаны жайлы келген хаттарды сақтап жүретінмін. Он шақты хат жиналыпты, соларды жібердім», – дейді көрмеге қатысушылардың бірі Айман.
Көрме ұйымдастырушысы Гүлзаданың пікірінше, бүгінде адамдар өз сәтсіздіктері жайлы тек табысқа жеткеннен соң ғана айтады да, былайғы уақытта оларды барынша жасыруға тырысады.
«Сондықтан осы көрме арқылы біз фейлдардың да қалыпты екенін көпшілікке жеткізгіміз келді. Ал табысты қыз-жігіттер өз жетістігі жайлы Forbes-қа берген сұхбаттары мен LinkedIn-дегі посттарында-ақ айта берсін», – дейді ол.
Не де болса, таудай табысқа жеткен мінсіз репутация иелері қаптаған қазіргі заманда адамдарға, әсіресе жастарға құлап-сүрінудің қалыпты құбылыс екенін түсіндіретін осындай шаралар шынымен керек-ақ. Өйткені Мақатаев айтқандай: – Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып қақың бар жүгіруге...