– Саяси реформалардың қарқынды үдерісін айтпағанда, алдағы уақытта мемлекетіміз үшін аса жауапты кезеңдер тұр. Еліміздегі ең айтулы саяси оқиға ретінде кезектен тыс президент сайлауын айтса болады. Осындай маңызды уақытта елдің тұрақтылығы, ауызбіршілігі мығым болғаны қажет. Сол себепті қазіргідей геосаяси жағдай ушыққан, күрделі мезетте халық пен билік «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бәрін сабырға жүгініп, ақылмен шешкені жөн деп білемін. Елімізге ағылған көштің хақында айтылған әр түрлі пікірлер бар. Кез келген азамат ресейліктердің тектен тек осылайша ел кезіп жүрмегенін жақсы біледі. Майдан деген дүние кім-кімді де аямайтыны, қорқытпай тұрмайтыны белгілі.
Сын сағатта адам өз өмірін сақтап қалу үшін ауыртпалықтан құтылудың жолын іздейді. Міне, көрші халық осы мақсатта елімізге келгені сөзсіз. Ал оларға қамқорлық жасамай, түк білмегендей отыруға тағы болмайды. Не дегенмен байырғыдан бергі көрші, екі жақ бір-бірінің білгенін үйреніп, жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, аралас жұрттай болып кеткен. Көмек қылмаудың реті жоқ.
Әрине, жауаптылар қауіпсіздік жағын да ұмытпауы керек. Мемлекеттік мекемелер олардың бәрін бақылап отыр деп ойлаймын. Жалпы, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары көңілден шығып жатыр. Елде тыныштық болса, тұрақты дамуға кең мүмкіндік туады. Ал өзгелермен араздасып, соңына жетіп болмайтын ашу-ызаны қуғаннан ештеңе шықпайды. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалуда сабырмен, әр істі жете бажайлап, ақыл таразысына салып шешкен абзал.