14 күндік карантин
14 күндік карантин
319
оқылды
Бұдан былай Қытайдан келген адамның барлығы 14 күнге дейін арнайы са­нитарлық орында тексе­ріс­тен өтеді. Алматы об­лы­сының Панфилов ауда­нындағы үш шекара бе­ке­тінде орналасқан меди­ци­налық пункттерді тексер­ген бас санитар Жан­дар­бек Бекшин осылай деп мәлімдеді. Қазіргі сәтте «Қорғас» ше­кара маңы халықаралық ын­тымақтастық орталығы  жабық. Орталықтың жұмысы 1 наурызға дейін тоқтатылған. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы қызметі тоқтаған Nur joly және «Алтынкөл» бекеттерінде са­нитар-эпидемиолог мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Аудан орталығы Жаркентте 100 адамдық арнайы оқшаулау орны дайындалды. Егер шұғыл жағдай орын алса, қосымша 160 орын қарасты­рыл­ған. Мамандар толық меди­ци­налық жабдықпен қамтамасыз етілді. «Ақпанның 20-нан бастап Қытайдан келген адамның бар­лығы 14 күнге дейін арнайы са­нитарлық орында болады. Өйт­кені коронавирусты жұқтырған адамнан бірден ешқандай сырқат белгілері байқалмауы мүмкін. Оның ағзадағы жасырын кезеңі 14 күннен 24 күнге дейін созылу фактісі анықталған. Сол себепті сақтық шаралары жүргізіліп жа­тыр», – деді Жандарбек Бекшин. Сондай-ақ Diamond Princess лайнеріндегі қазақстандықтар 14 күн карантиннен соң оралады. Олардың жағдайы қалыпты. Ор­талық  коммуникациялар қыз­ме­тінде өткен баспасөз мәслиха­тында инфекциялық аурулардың жетекші маманы Динагүл Бае­шева осылай деді. «Лайнерде біздің 4 қазақ­стандық бар. Денсаулық сақтау министрлігі олармен үнемі ха­бар­ласып отыр. Карантин бол­ған­дықтан, барлығы Сыртқы істер министрлігі арқылы ше­ші­леді. Карантин мерзімі жақын­да аяқ­талады», – деді Динагүл Баешева.   Дастан ДУМАН