Азиядағы ашық диалог алаңы
Азиядағы ашық диалог алаңы
530
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті басталды. Қазақстан Президенті өз сөзінде сам­мит­ке қатысушы мемлекеттердің басшы­лары­на ризашылығын білдіріп, бұл Кеңес­ті құру туралы бастаманың көтеріл­ге­ніне 30 жыл толып отырғанын атап өтті. Осы кезеңде АӨСШК көпжақты ынты­мақ­тастық платформасына және халық­ара­лық заманауи дипломатия институты­на айналды. Мемлекет басшысы ұйымға мүше мемлекеттердің қатарына кірген Кувейтті арнайы құттықтады. Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағ­д­айға ерекше назар аударды.
– Бүгін біз бұрын-соңды болмаған гео­саяси шиеленіс пен әлемдік эконо­ми­кадағы күшейе түскен дағдарыс жағ­дайын­да өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбы­лыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфунк­ция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейін­гі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлем­дік қоғамдастық ауыр сынақтарды бас­тан өткерді. Оның салдары жаһандық даму­ға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойым­ша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңыз­ды міндет – туындаған зор қауіп-қа­­тер­лер жағдайында халықаралық қаты­нас­тардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Оның айтуынша, Азия адамзат өр­кениетінің дамуына зор үлес қосты. Мың­даған жылдар бойы біздің макроөңір­дегі мемлекеттер бүкіл адамзаттың қоғам­дық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болды.
– ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады де­ген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды жалпы ішкі өнім мен са­тып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік эко­номикалық көшбасшы ретінде мойын­далды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұм­салатын 30 триллион доллардың тек 1 триллион доллары батыс экономикасына тиесілі болмақ. Дегенмен Азияның бола­шағы мәдениеттер, дәстүрлер мен дү­ние­танымдар арасындағы диалогты нығай­туға ұжымдық дайындығымызға байла­ныс­ты. АӨСШК-ті дамыту үшін қабыл­дан­ған қадамдар осы мақсатқа сай келе­тініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Қа­зақстан осы ұйымның төрағасы ретінде АӨСШК аясындағы үдерісті одан әрі ілгерілетуге бағытталған күш-жігерді арттыру міндетін өзіне алып отыр. Былтыр АӨСШК-тің сенім шараларының каталогы қайта қаралды. Оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақ­тас­тықтың жаңа басым бағыттары енгізілді.
– АӨСШК-тің талдау орталық­тарының форумы Азияның түпкір-түпкірінен келген сарапшылар мен мамандарға тәжірибе, идея алмасу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін әмбебап плат­фор­ма болады. Биыл Астанада АӨСШК-тің Іскерлік кеңесі мен Бизнес фо­румы, сондай-ақ АӨСШК Жастар ке­ңесінің бесінші отырысы өтті. Бү­гін АӨСШК Қоры құрылады. Оның мақсаты – АӨСШК жобала­рын іріктеуге және оларды жүзеге асыруға ерікті түрде қаражат жи­наудың арнайы тетіктерін қалып­тастыру. Сондай-ақ бақылаушылар мен серіктестердің саны артып келеді. Түрікменстан АӨСШК-ке бақылаушы ел ретінде қосылды. Еуразиялық экономикалық одақпен және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қа­уымдастығымен (ACEAN) ынты­мақ­тастық орнату туралы шешім қа­былданды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, Қазақстан өзінің төр­ағалы­ғы кезінде АӨСШК-ны то­лық­қанды халықаралық ұйымға айналдыруға негізделген бірқатар маңызды ба­сымдықты іске асы­руды көздеді. Азиядағы диолог алаңы Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жыл­дары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің алдында маңызды міндеттер тұрға­ны­на тоқталып, Кеңеске мүше мем­ле­кеттердің тығыз ынтымақтастығы мен қолдауына сенім артатынын айтты.
– Бірінші, экономикалық өл­шем. Өзара тұрақты байланыс жө­ніндегі АӨСШК Кеңесін құру дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын. Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономи­камыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртарап­тан­ды­рылған бағыттарын пысықтау ар­қылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға баса мән беру маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент АӨСШК-тің Қаржы саммитін тұ­рақты жұмыс істейтін алаңға айнал­дыруды ұсынды. Оның пікірінше, АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақ­таст­ығын жандандыру үшін ҚХР-дың бұл бастамасының маңызы зор. Трансформация экономиканы қал­пына келтіруге, орнықты әрі инклю­зивті дамуға, Кеңес аясындағы ай­мақтық және субаймақтық қаржы­лық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасауға септігін тигізеді. Мемлекет басшысы экологиялық өлшем мәселесіне де ерекше назар аударды.
– Климаттың өзгеруі уақыт өт­кен сайын болжап білуі қиын әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай та­биғи катаклизмдерден келетін ық­тимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкіс­тандағы жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге еке­німізді тағы да дәлелдедік. Кли­мат­тық дағдарыс әскери қақтығыстар­ға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін. Азия үшін экономиканы көмір­тегінен арылту – өте өзекті мәселе. Бұл міндетті шешу үшін бұрын-соң­ды болмаған көлемде инвестиция керек. Бір айдан кейін Мысырда кли­мат жөніндегі COP27 конфе­ренциясы өтеді. Сонымен қатар АӨСШК-ке мүше елдердегі экология проблемалары бойынша 2024 жылы Астанада жоғары деңгейде кон­ференция өткізуді ұсынамын. Атал­ған конференцияның нәтижелері экология саласындағы ынтымақ­тастық мәселелері жөніндегі АӨСШК Кеңесін құруға негіз бо­лады, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет екеніне назар аударды.
– Азия әлемдегі ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқы­лықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалау­дың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін АӨСШК-ге мүше мем­лекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет. Штаб-пәтері Ас­танада орналасқан азық-түлік қа­уіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен АӨСШК арасындағы ынтымақ­тастықты жолға қою перспективті болмақ. Сонымен қатар елдеріміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, біз мұқтаж елдерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдай алар едік, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Прези­денті адами өлшем, адами ресурс­тарды қорғау және дамыту басты назарда болу керек деп санайды.
– Биыл шілде айында Астанада Жастар кеңесі отырысының сәтті өткізілуі осы бағыттағы өзара іс-әрекеттердің келешегі зор болаты­нын дәлелдейді. Осыған байланысты 2024 жылы Астанада Жастар ке­ңесінің қолдауымен АӨСШК-ке мүше елдердің еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетін өткізуді ұсынамын. АӨСШК-ге мүше мемле­кеттердің жетекші университет­терінің серіктестік желісін құрудың да перспективасы зор. Осы желі арқылы IT, нанотехнология және жаңартылатын энергия көздері сияқты инновациялық салалардағы әзірлемелерді алмасуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның АӨСШК-ні одан әрі да­мытуға ниетті екенін тағы да нақ­тылады. Сондай-ақ кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенім білдірді. БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гу­терриш Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысушы­ларға бейнеүндеу жасады. Содан кейін Әзербайжан Президенті Иль­хам Әлиев, Иран Президенті Иб­рахим Раиси, Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаров, Пә­кістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестина Президенті Мах­муд Аббас, Ресей Президенті Вла­димир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ҚХР Төрағасының орынбасары Ван Цишань, Вьетнам Вице-президенті Во Тхи Ань Суан, сондай-ақ Беларусь Президенті Александр Лукашенко сөз сөйледі.