Доллар десе делебесі қозады
Доллар десе делебесі қозады
© коллаж: Елдар Қаба
724
оқылды
Экономикада долларлану үрдісі қарқын алса, ұлттық валютаға қысым артады. Эко­номис­тердің байламынша, долларлану деңгейі 60%-дан асса, кез келген елдің ұлттық валютасына девальвация қаупі төнеді. Қазақстанда қайтадан долларизация процесі белең алды. Бұған дейін бірқатар сарапшы алаңдаушылық білдірген, енді Ұлттық банк те мойындады. Халық пен бизнестің бір бөлігі тапқаны мен жинағын жанталаса долларға ауыстыруда. Дегенмен кейбір қаржыгер мазасыздыққа негіз жоғын айтады. Қаржы нарығында не болып жатыр? Валютаның көптігі елге құт па? Ұлттық банктің бұрынғы төра­ғасы, экономист Данияр Ақышевтің пайымдауынша, долларлану Қазақ­стан үшін үлкен проблема. Сон­дықтан мемлекет бұл үрдісті шек­теуге тырысады. Кеңес кезіндегідей, ел ішінде доллардың айналымын толық шектеуге болмас. Қатаң ша­раларсыз-ақ шетел валютасын ығыс­тыруға болады. Қазақстан тең­гедегі депозиттердің ставкасын кө­терді, ал шетелдік валютадағы салымдардың сыйақысы төмен­детілді. Нәтижесінде жеке тұлға­лардың, компаниялар мен ұйымдар­дың көбі өз активтерін ұлттық ва­лютаға ауыстырды. Жеке тұлғаларға доллармен несие беруге тыйым салынды. Жыл­жымайтын мүлік, барлық тауардың бағасын ішкі нарықта тек теңгеде көрсетіп, сату заңмен бекітілді. Сарапшы 2016 жылдың қаңтарында Қазақстанда долларлану 80%-ға жеткенін, жеке тұлғалардың барлы­ғы дерлік салымдарын шетелдік валютада жинауға тырысқанын еске салды. Салдарынан, банктер қыз­метін дұрыс жүргізе алмай, дағ­дарды: себебі, оларда теңге болмады, қоймасы тек шетелдік валютаға толып тұрды. Мемлекет қабылдаған шаралар нәтижесінде бұл үрдіс еңсерілді. Бүгінде валютадағы жи­нақтар үлесі – 45 пайыз. Мамандардың түсіндіруінше, долларизация шектен шықса, оның зияны көп. Біріншіден, елдегі мак­роэкономикалық тепе-теңдік бұзылады. Екіншіден, Ұлттық банк пен қаржылық реттеуші ұлттық, төл ақша-кредиттік саясатын жүргізе алмайды. Мемлекет АҚШ-тың қар­жы саясатына тәуелді болып қалады. Елдегі монетарлық, қаржылық сая­саттың ахуалын шетел билігінің шешімі айқындайды. «Долларланудың ТМД елдеріне үлкен залал келтіретінін» Fitch рейтинг агенттігі де ескерткен. Өйт­кені «долларизация ұлттық валю­таның құбылмалығын арттырады», девальвация қаупі жоғарылайды. Шетелдік валютаға деген импорт­таушылар тарапынан сұранысқа енді ішкі, халық тарапынан сұраныс қосылып, қысым артады. Басқаша айтқанда, доллардың құнын ша­рықтатады, ал теңгені «арықтатады». Fitch сарапшыларының тұжырым­дауынша, долларлану деңгейі жо­ғары елдерде қаржылық дағдарыстар да өткір сипатта өтеді. Айта кету керек, ТМД-дағы көп ел ұлттық валютасын деномина­циялады. Яғни, доллар құнының алапат қымбаттағаны сонша, жаңа банкноттар шығарып, бірнеше нөлді алып тастауға тура келген. Мысалы, Ресейде 1923 жылы бір доллар – 2,3 миллион рубль тұрған, Кеңес одағы жаңа ақша шығарып, нөлдерді алып тастады. Ал 1994 жылы 1 доллар бағамы 3 926 рублге жетті. Қазір көрші бағамды жасанды ұстап тұр, оны қоя берсе, тарих қай­талануы мүмкін. Беларусьте доллар бағамы 107 000 беларусь рубліне дейін жетті. Бұл ел 3 деноминациядан өтті: 1994 жылы бір нөлді, 2000 жы­лы үш, ал 2016 жылы 4 нөлді қыс­қартты. Бүгінде Өзбекстанда 1 дол­­­лар 11 084 сум тұрады. Биыл, әсіресе, Ресей Украинаға басқыншылығын бастағалы қа­зақ­стандықтардың долларға құштар­лығы мен іңкәрлігі күрт артты. Өт­кен бір айда қазақстандықтар, банк­тер және бизнесмендер 11,3 млрд долларды сатып алған. Доллар саудасының көрігі ары қарай қызды. Ел «қамбасын» долларға толтыруда Долларлану үрдісінің қарқын алғанын Ұлттық банк «2022 жылдың тамыз айындағы қаржы нарығын­да­ғы ахуал туралы» есебінде растады.
«Теңге-доллар валюта жұбы бо­йынша операциялардың жалпы кө­лемі алдыңғы аймен салыстыр­ғанда 10,5%-ға ұлғайып, бір айда 11,3 миллиард АҚШ долларын құ­рады. Соның ішінде KASE арқылы сатылған биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд доллар (2022 жыл­ғы шілдеден 9,1%-ға төмендеді), ал биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 9,2 млрд доллар болды (бірден 16,4%-ға өсті). Биржадан тыс нарықтағы опера­циялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 82,8% немесе 7,6 млрд долларды құрады, бұл олар­дың меншікті капиталды ва­люталық тәуекелдерден хеджир­леуі­мен байланысты», – деп ха­бар­лады Ұлттық банк.
Яғни, банк те Америка валюта­сын көбірек сатып алып, қор жасап жатыр. Одан халық та қалысар емес. Ұлттық банктің ақпаратына жүгін­сек, 2022 жылғы тамызда халық 192,6 миллиард теңге сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алып­ты. Тарата кетсек, қазақстандықтар 147,9 млрд теңгеге – АҚШ долларын (сатылған барлық шетелдік валю­таның 76,8%-ы), 40,2 млрд теңгеге – еуроны (үлесі 20,9%), 4,5 млрд теңгеге – Ресей рублін (2,3%) сатып алды. Осы орайда халық шілде айына қарағанда, тамызда долларды 1,8 есе көп алған. Еуро саудасы 11%-ға өсті. Халықтың шетел валютасын сатып алуды еселеп арттырғанын ста­тистика дәлелдейді: қазақ­стан­дықтар 2022 жылғы маусымда – 91 млрд теңгесіне, шілдеде – 125 млрд теңгесіне, тамызда – 192,6 млрд тең­геге шетелдік валюта сатып алыпты. Жыл басынан бері доллардағы депозиттер 609 млрд теңгеге ұл­ғайды. Ал теңгедегі жинақтар кері­сінше, 223 миллиардқа құлдырады. Жалпы, депозиттердің долларла­нуы, яғни доллардағы жинақтардың үлесі былтырғы 39%-дан биыл 45%-ға дейін өскен. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары өз ұсыным­дарын жариялады. Олар ағымдағы ахуалда Қазақстан экономикасында долларизация процесі күшеюі ық­тимал екеніне назар аудартты.
«Егер бұл қысым шамадан тыс жоғары болса, адамдар теңгеге деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Нәти­жесінде, халық теңгедегі авуар-ак­тивтерін долларға конвертациялауға ұмтылады. Бұл өз кезегінде доллар­ланудың жаңа толқынын тудырады. Онда ол айырбастау бағамы және инфляция арасындағы теріс үрдіс­терге түрткі болуы мүмкін», – деп сақтандырды ХВҚ Қазақстан бо­йынша миссиясының басшысы Николя Бланше.
ХВҚ Қазақстанның Ұлттық банкіне жоғарғы инфляцияға және теңгеге деген сенімнің жоғалуына жол бермеу үшін базалық ставканы көтеруге кеңес берді. Қазір бұл көр­сеткіш 14,5%-ға тең. Ал инфляция 17,7%-ға шығындады. Ұлттық банк әзірге қалың ойға батуда: егер ба­залық ставканы көтере берсе, банк­тер беретін несие де күрт қымбаттап, бизнес дамуы үшін қаражаттан қа­ғылып, экономикаға соққы болады. Дағдарыс ушығуы ғажап емес. Егер көтермесе, теңге қосымша қолдау, тіректен қағылады. Экономикадағы ақша массасы артады. Бағалар ары қарай құнсызданып, инфляция жаңа өрістерге шығуы ықтимал. Ұлттық банк базалық ставка бо­йынша шешім қабылдайтын күнін тағы да ысырып, 26 қазанға белгі­леді. Алайда сол күні бұл мөлшер­лемені жоғарылататынын не түсіретінін айтпай отыр. Дүрбелеңге негіз бар ма? Мамандардың бір бөлігі доллар­ланудың 45 пайызға дейін өсуін сонша қорқынышты емес деп баға­лады. Мысалы, 2018 жылы бұл көр­сеткіш 49,4% болыпты. Ұлттық банк­тің талдауында бір қызықты құ­былыс сипатталған. Депозит­тердің долларизациясы салым кө­леміне тікелей байланысты екен: жи­нақ неғұрлым мол болса, доллар­лануы да соғұрлым жоғары болады. 1 млн теңгеге дейінгі көлемдегі де­позиттердің 15%-ы ғана долларда сақталады. Ал 50 миллион теңгеден асатын депозиттердің 80%-дан ар­тығы долларға көшірілген. Қара­пайым адамдар жинағын теңгеде ұстайды, байлар Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыттың ақша­сына көбірек сенім артатын сияқты. Ұлттық банк төрағасының орын­басары Әлия Молдабекова «ұлттық валюта бірқатар сыртқы факторлардың қысымының астын­да қалып тұрғанын» жасырмады. Оның пікірінше, бірінші фактор – посткеңестік кеңістіктегі геосаяси қақтығыстардың, яғни Ресей және Украина арасындағы қарулы жан­жал­дың эскалациясы. Бұл біраз инвес­торды, нарық қатысушыларын біздің аймақтан үркітті. Мұның сыр­тында, өткен қыркүйек бойы әлем­де монетарлық жағдайларды қатайту жалғасын тапты. Мәселен, АҚШ Федералдық резерв жүйесі (FRS) төл ставкасын «агрессивті түр­де ары қарай көтеретінін» білдірді. Шынында, өткен айдың екінші жартысында АҚШ реттеушісі негізгі ставканы қатарынан үшінші рет 75 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл ретте FRS басшысы Джером Пауэлл мұндай шектеулі ақша-кредит саясаты ұзақ уақытқа созылатынын ескертті. Он­жылдықта алғаш рет АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының кірістілігінің 4%-дан асуы және АҚШ FRS-нің қатаң риторикасы АҚШ доллары бағамының жаһан бойынша одан ары нығаюына ық­пал етті. Яғни, әлемде бүгінде дол­лар қымбаттауда. Соның әсерінен, Ұлыбританияның фунты мен Жа­по­нияның иенасына дейін күрт құн­сызданды. Бұл екі ел жаңа тари­хында бұрын соңды болмаған тосын қадамға барды: нарыққа валюталық интервенция жасады. Ол аз болғандай, қазақстандық басты экспорттық тауар – мұнай арзандады. Әйткенмен, Ұлттық банк оптимизмін сақтап отыр.
– Теріс факторлардың әсеріне қарамастан, қазақстандық валюта нарығы теңгерімді қалпын сақтады. Ұлттық банк интервенцияларды жүзеге асырған жоқ. Теңге-доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі қыркүйекте тамыз­дағыдан біршама қысқарды. Ква­зимемлекеттік сектор долларын іш­кі нарықта сатып, валюта нары­ғына қолдау көрсетті. Ұлттық ком­паниялар мен холдингтер 583,5 млн доллар табысын валюта нарығында теңгеге айырбастады. Қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюд­жетке трансферттерді аудару үшін 85,1 млн доллар сатылып, теңгеге айналдырылды, – деді Ә.Молдабекова.
Finance.kz агенттігінің сарап­шылары да долларизацияға қатысты бос дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ деп тұспалдады.
«Әрине, халық өз жинағының бір бөлігін шетелдік валютаға ауыс­тырып жатыр. Депозиттердің дол­ларлануы өсті. Бұдан америкалық валюта басымдық ала бастағандай сезім қалыптасуы мүмкін. Сонымен бірге 50 миллион теңгеден аз депо­зиттердің долларлану деңгейі та­рихи минимумда – 15% межесінде тұр. Сондай-ақ халықтың доллар алу қарқыны бүгінде шамалы бә­сеңдеді. Жұрт алдымен 2020 жылғы мамырда пандемия басталғанда, енді 2022 жылғы 24 ақпанда соғыс басталғанда, айырбастау бекеттеріне жүгірді. Яғни, бұл тұрақты емес, маусымдық сипаттағы құбылыс», – деп болжады Finance сарапшылары.
 

P.S. Сарапшылар азаматтарды өз жинағын теңге мен шетелдік валю­тада бөліп ұстауды ұсынады. Қа­зақстан қаржыгерлері қауымдас­тығының сарапшысы Зарина Скрип­ченконың айтуынша, АҚШ Фе­дералдық резерв жүйесі ставкаларды агрессивті түрде қатайтуын жалғас­тырады. Яғни, әлемде доллар ары қарай қымбаттайды. FRS-тің Dot Plot жаңа диаграммасындағы бол­жамға сәйкес, жыл соңына қарай ставка 4,25-4,5%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Бұған дейінгі болжам 3,25-3,5% болатын. Эксперттер доллардың жаһандық нығаюы «АҚШ қатаң ақша-кредит саясатын белсенді жүр­гізуді доғарғанға дейін тоқтамайды» деп жорамалдап отыр.