Азия қауіпсіздігінің алтын белдеуі
Азия қауіпсіздігінің алтын белдеуі
672
оқылды
Әз ұямыз – Азияның қауіп­сіздігі, бейбітшілігі мен бақуат­ты өмірі ең алдымен азиялық елдерге байланысты. Ешкім де сырттан келіп, құрлығымызға құт қондырып, бақ тудырып бер­мейді. Қазақстан қауіпсіз­дік, экономикалық және гума­ни­­тарлық ықпалдастық сала­сында Азия қауымдастығының күш біріктіруіне белсенді атса­лысып келеді. Осы орайда апта бойы Астана төрін дүрмекке бө­леп, әлемдік ақпарат айды­нын дүр сілкіндіріп жатқан ірі сам­миттер Азия елдері ара­сын­­дағы ынтымақтастық пен диа­логты кеңейтуге жаңа сер­пін береді деген сенім бар. Сарапшылар қазақ елінің бас қаласындағы саммиттерді аймағы­мыздың саяси дамуы мен эконо­микалық өркендеуіне қатысты та­рихи оқиғаға балады. Осы аптаның сейсенбісінен бері елордамызға континенттің әр бұрышынан жоға­ры мәртебелі меймандар келе бас­тады. Қазақстан Президенті қадір­менді қонақтарының көбімен – мемлекеттер және үкіметтер бас­шыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, елдеріміз арасында саяси серіктестікті, экономикалық ынты­мақ­тастықты және қызу сауда-саттықты ары қарай өрістетудің қамын жасады. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен Азияда­ғы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті өтті. Азиялық ұлы құрыл­тайды құптап, құрмет көрсетіп, БҰҰ Бас хатшысы Ан­тонио Гутер­риш бейнеүндеу жаса­ды. Жиында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Қырғыз Республи­касы Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестина Прези­денті Махмуд Аббас, Ресей бас­шысы Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ҚХР Төрағасының орынбасары Ван Цишань, Вьетнам вице-президенті Во Тхи Ань Суан, сондай-ақ Беларусь басшысы А.Лукашенко сөз сөйледі. Ал бүгін, 14 қазанда Қазақстан лидері Қ.Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысы болады. Олар апта бұрын, 7 қазанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында бас қосқан, бірақ ол жай ғана бейресми жүздесу болды, ешқандай шешім қабылданбады. Ал Астанадағы саммит ресми құрылтай саналады және елдер арасындағы бірқатар мәселе бойынша уағдаластықтар бекуі мүмкін. Осы күні елордада «Орталық Азия – Ресей» саммиті де ұйымдастырылады. Осылайша, қашанда жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтаушысы болып келген Қазақстан «бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында», қа­зіргі буын мен болашақ ұрпақ игілігі үшін қауіпсіз, орнықты және да­мыған әлем құруға күш салып жа­тыр. Осы жолда жаһан жұртшылы­ғын, бірінші кезекте Азия қоғамдас­тығын топтастыруда.
«Қазақстан сенімді түрде бүкіл Еуразиялық өңірдің бір көшбасшы­сына айналуда. Оның маңызды дипломатиялық хабқа, бүгінгі күр­делі әлемдегі сарабдалдық пен ты­ныштықтың аралына айналары сөзсіз. Астанада 50-ден аса елдің ресми делегациясы, 11 мемлекет басшысы жиналды. Олар бірнеше саммитте бас қосып, қазіргі әлемнің көкейкесті мәселелерін талқыға салды», – деген пікір білдірді «AMANAT» партиясы Саяси ме­нед­­ж­мент академиясының ди­рек­торы Данияр Мұқитанов.
Қазіргі заманғы әлемде Азия­ның орны ерекше, рөлі дара. Мыса­лы, қалыптасқан жағдай бүкіл Еуро­паның қауіпсіздігі, оның ішін­де азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігі Азияға тәуелді екенін көрсетті. Яғни, Азия Батыс әлеміне өз ерік-жігерін, ықтиярын, мүдде­сін таңа алатын жағдайда. Энергети­калық дағдарысқа киліккен Еуропа Қазақстан, Түркия, Әзербайжан се­кілді түркі әлемінің жетекші елде­рінің қадірін түсінді, төрін ұсынды, ең жақын әрі маңызды стратегиялық серіктесі деп бағалады. Байырғы заманнан бері Азия адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосты. Медицина, матема­тика, сәулет және басқа да ғылым мен ілім Азиядан таралды. Қазақ­стан Президенті айтқандай, мың­даған жыл бойы біздің макроөңірдегі мемлекеттер бүкіл адамзаттың қо­ғамдық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айнал­ғанын жариялады. Азия номиналды ЖІӨ мен сауда мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ре­тінде мойындалды. Аймақ айтар­лықтай адами және табиғи ресурс­тарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұм­салатын 30 триллион доллардың тек 1 триллионы батыс экономикасына тиесілі болмақ. Қазақстан Стратегиялық зерт­теулер институтының халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Ай­дар Құрмашевтің тұжырымдауынша, бұл саммиттер Қазақстанның ха­лық­аралық қауіпсіздіктің ұйытқы­сына, татулық пен тұрақтылықтың ұстынына, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналғанын паш етті. Әйтпесе, бағы тайып, құты қашқан елге осынша көп лидер жиылмас еді. Жалпы, 1992 жыл жарияланған АӨСШК Қазақстанның бүкіл тарихындағы барынша елеулі әрі табысты сыртқы саяси бастама­лардың бірі саналады.
– АӨСКШ қамтитын салалар көп қырлы. Арасында негізгісі 5 бағыт, бұлар – әскери-саяси қа­тынастар, жаңа сын-тегеуріндермен күрес, экономикалық ынтымақ­тастық, экологиялық сала, адами өлшемдер. Президентіміз айтқан­дай, былтыр АӨСШК-тің сенім ша­раларының каталогы қайта қа­ра­лып, өзектіленді. Оған эпидемио­логиялық қауіпсіздік, денсаулық сақ­тау, ақпараттық және коммуни­ка­циялық технологиялар қауіп­сіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енді. Мұның бәрі Қазақстан мүддесіне сәйкес келеді. Бұл тәуелсіздігімізді, мем­ле­кеттілігімізді, ел қауіпсіздігін ны­­ғайтуға ықпал етеді. Біз АӨСШК сияқ­ты алаңдар арқылы ұлттық мүд­демізге сай мәселелерді ха­лық­аралық аренада ілгерілете ала­мыз, – деді А.Құрмашев.
Оның түсіндіруінше, саммитте қатысушы елдер Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қол­дады. Осы екі жылда Азия Кеңесін институционалдық дамыту мәселе­лері пысықталады. Ал бұл мүлдем басқа деңгей. Сонда жай бас қосып қоймай, ортақ нақты шешімдер қа­былдауға жол ашылады. Саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұловтың айтуынша, қазір континентімізде ірі саммит өткізе алатын елдер де көп қалмады. 50 елдің шешім қабылдауға қатысатын ресми өкілдерін, соның ішінде 11 мемлекеттің басшысын бір жерге жинай алудың өзі мәртебе.
«Тоқаевтың басты бір тұлғалық қасиеті – білікті, тісқаққан дипло­мат екендігі: ол осы тұста диплома­тия­лық әлеуеті мен активін молы­нан жүзеге асыра алатынын байқа­тып отыр. Мысалы, Украина Еуро­па­ның іргесінде отыр, сондықтан ол сыртқы агрессорға қарсы қуатты қолдау ала алды. Ал әлемге белгісіз болғандықтан, елеусіз ғана өзге ал­пауыттарға жұтылып кеткен елдер өте көп. Бұл тұрғыдан алғанда Қа­зақстанның саммиттер өткізіп, әлем­де салмағы бар көшбасшы­лар­ды жинай алуы еліміздің тәуелсіз­дігіне бір кепілдік болады. Прези­дент жыл басынан бері әлемдік ли­дер­лермен қаншама кездесу өт­кізді. Сонда державалар көшбас­шы­лары Қазақстанның тәуелсіздігі мен жерінің бүтіндігін қолдайтын­дарын мәлімдеді. Бұл бекер емес, дәл осы мәселе Қазақстан көшбас­шысын алаңдататынын түсінген­дік­тен олар тиісті мәлімдеме жа­сады», – деді саясаттанушы.
Бүгінде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Қазақстан онда көш соңында салпақтаған, жол жие­гінде жалтақтаған аутсайдер рөлін атқармайтынын, жаһандық процес­тердің белсенді қатысушы­сы, оң бет­бұрыстардың табанды жақ­тау­шысы болатынын қазірден аңғартты. Қазіргі қақтығыстардың бір себебі – мемлекеттер арасында өза­ра сенімнің болмауында, бір-біріне жаулық пиғылмен қарауында. Ушыға түскен жаһандық пробле­малар мен шиеленістер жаһан жұр­тын жаппай қамтитын өркениеттер текетіресіне ұласуы ықтимал. Мем­лекет басшысы Азия континенті «геосаяси айқастың басты майда­нына айнала бастағанына» алаңда­ды. Сондықтан саммиттер шақыру арқылы Қазақстан бүкіл әлемде, ең алдымен құтты мекен құрлығы­мыз­да қауіпсіздік, тұрақтылық пен өр­кениетті даму ұстындарын нығай­туды мақсат тұтады. Ал ХХ ғасырда мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені тек өзара сенім негізінде сындарлы шешуге болады.