Автожолдың азабы ауыр...
Автожолдың азабы ауыр...
© коллаж: Әсел Балтақызы
470
оқылды
Елімізде орта есеппен тәулік сайын жол апатынан 5-6 адам қаза табады. Ресми деректерге қарасақ, соңғы кездері жол апаты бойынша барлық көрсеткіштің өскені байқалады. Ал жауаптылар мұндай келеңсіз үрдіске куә­лігін оқымай алған жүргізушілермен қоса, жол сапасын да кінәлап отыр. Ілгеріден бері жемқорлық жайлаған са­ла аталатын жол құрылысы ақыры адамдардың өмі­ріне зиянын тигізе бастағанға ұқсайды. Министрліктің меңзегені көп Таяуда ғана Ішкі істер министрі Марат Ахметханов Үкімет отыры­сында жыл басынан бері елімізде жол апаты бойынша барлық көр­сеткіштің өскенін мәлімдеп, бір­неше күрделі жайттың бетін ашты. Оның айтуынша, жыл басынан бері елімізде 9 429 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қара жолда қан жұтқан­дар саны биылғы 9 айдың өзінде 1 478 адамға жеткен. Жарақат ал­ғандар саны 12 мың адамнан асқан. Бұл сандарға қарасақ, мәселеге назар аудармай өтуге болмасын ұғамыз. Ішкі істер министрлігі проб­леманың себебін ашпаққа талпынып, арнайы талдау жүргізген екен. Сөйтсе, талдау нәтижесінде автомектепте оқымай, көлік ай­дау­ды «өз бетінше үйренгендер» адам өліміне себепкер болған апаттың 50 пайызына жауапты болған. Біздің назарымызды аудартқан дүние, статистика бойынша Ал­маты қаласында, Жамбыл және Түркістан облысындағы жолдар аса қауіпті болып саналған. Қа­зақстандағы барлық жол апатының 56 пайызы, жарақат алғандардың 55 пайызы, қаза тапқандардың 41 пайызы осы өңірлерде болыпты. Жалпы 4,5 миллионға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталса, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған. Сондай-ақ, жол көлік оқиға­лары санының артуына техникалық тексеру орталықтарының жалған талондар беруі де себеп болуы мүмкін. Министр мұндай орталық­тар ашуға қойылатын талаптар төмендегеннен кейін, осындай фактілердің көбейгенін жеткізді.
«Мәселен, 106 мың жүргізуші техникалық регламенттердің та­лаптарына сай келмейтін көлікті басқарғаны үшін жауапқа тартылды, тағы 80 мың жүргізушіге жалпы техникалық тексеруден өтпегені үшін айыппұл салынды», – деді Марат Ахметжанов.
Еліміз әлемдік уран мен мұнай өндіру, цифрландыру бойынша рейтингтердің басында тұр­ға­нымен, жол қауіпсіздігі бойынша әбден артта қалды. Әлемде 107-орында тұр. Оның себебі де тү­сінікті. Да­мыған елдерге қара­ғанда, бізде жол апаттарынан қаза табу ықтимал­дығы 11 есе жоғары. Ал бұл ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елімізде жүргі­зушілердің көлік жүргізу мәдениеті өте төмен екенін сынапты. Жол ережесіне жиі ба­ғын­байтын 71 мың жүргізуші анық­талған. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет қайта бұзған.
«Жалпы, біздің елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі. 8 айда жол апаттарының саны 14 пайызға, қаза тапқандардың саны 18 пайызға көбейді. Орта есеппен жолда тәулігіне 5-6 адам қаза табады. Бұл өте ауыр жағдай», – дейді Премьер-Министр.
Бұған қоса, елімізде жүргізу­шілерді даярлау сапасы да үлкен күмән тудырады. Мәселен, авто­мектептер жұмысындағы тәсіл­дерді өзгерту қажет, себебі бүгінде оларды бақылап жатқан ешкім жоқ, ли­цензия берілмейді. Екінші мәселе жоғарыда айтқанымыздай – жол­дардың сапасы. Бұл да көлік апат­тарының негізгі себебі екеніне даусыз. ІІМ дерегінше, көлік апат­тарының 75 пайызы жарығы жоқ, жолы нашар елді мекендерде бо­лады. Ал Үкімет әзірге жол апат­тары жиі болатын учас­келердегі қоз­ғалысты қадағалау жұмыста­рын күшейтіп, жол инфрақұ­ры­лымын жасау бойынша қосым­ша шаралар қабылдауды, камералар­ды көбей­туді тапсырумен шекте­ліп отыр. Жемқорлықтан шыққан жік Ал жол сапасы жайлы айтқанда кемшілігін жырлап тауыса алма­сымыз анық. Елімізде жол құры­лысына жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Шамамен республикалық және жергілікті бюджеттерден маңызы бар деп танылған жолдар­дың өзіне 200 млрд теңге көлемінде қаражат қаралады. Одан өзге аудан мен елді мекендер ішіндегі жол­дарды есепке алыңыз. Бұл іске 2019 жылы 200-ді былай қойып, 500 млрд теңге жұмсалды. Бірақ жол­дардың көбінің сапасына жолау­шылардың көңілі әлі толмайды. Бұған жол құ­рылысын жемқорлық жайлағаны кесірін тигізіп отырғаны даусыз. Сапасыз жолдардың кесірі дегенде бір мысал айталық, Батыс­тағы Орал қаласы мен Жәнібек ауданы ара­сындағы жол оншақты жылдан бері халықтың шағымына қарамастан жөнделмей келеді. Осы тас жолда ылғи жол апаты болып, жолаушылар небір қиындыққа тап болады. Орал мен Атыраудың арасындағы жолдың хәлі де осыған ұқсас. Тамызда Үкімет отырысында Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі Қа­йырбек Өскенбаев жеті облыста жауаптылар сапасыз салынған жол­д­ы қабылдай бергенін жария етті. Биыл жергілікті жол­дардың сапа­сына бақылау жүргізіп, 9 мыңға жуық сынама алған, соның 2,5 мың сына­масы (28 пайызы) талаптарға сәйкес келмеген. Маң­ғыстау, Алма­ты, ШҚО, БҚО мен Шымкент, Түр­кіс­тан қаласында жол сапасына қатысты шикілік көп шыққан. Бір қызығы, ведомствоның ескертуле­ріне қа­рамастан, тап­сырыс беру­шілер нысандарды қа­былдай берген. Енді осындай фак­тілер бойынша бірнеше өңірде қыл­мыстық іс ашылған. Айтпақшы, соның алдында ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов жол мәселесіндегі жем­қорлық жайын қозғап, «барлық ірі мердігерлер мен олардың артында кім тұрғанын білеміз» деп мәлім­деген болатын. Бектеновтің бұлай­ша белсенуіне өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында жол сапасының нашар бол­ғаны үшін жауаптылардың бәрін жазаға тарту керегін айтқаны себеп болса керек. Сол жолы Президент Қазақстанның біртұтас автожол ком­паниясын құру қажеттігіне тоқ­талған. Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салатыны да сөз болды. Көп ұзамай Сыбайлас жем­қор­лық қарсы қызмет Көлік ко­ми­тетінің бірнеше қызметкерін әшкере қылғаны есте. Былтыр да «Қазав­тожолдың» өңірлік филиал­дарының лауазымды тұлғаларының бірнешеуі сотталып кетті. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысы саласында жемқорлық­тың көп екенін бұған дейін де рас­таған. Агенттік бұл тұста шенділер мен мердігер компания­лардың қан­дай әдістермен айлаға бараты­нын көрсеткен екен. Талдау бо­йын­ша, қызмет жеткізушісін анықтау кезінде мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелерін бұзу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жобаның құнын арттырып жазу, сапасыз құрылыс материалда­рын алып, қаражат жым­қыру көп кез­деседі. Бір ес­керері, мұндай амал­­дардың бәрінде шенділер өз «үлесін» алады. Сон­дай-ақ нысан­дарды пай­далануға қабылдауды, реконструк­циялау және жөндеу кезінде тексеру рәсім­дерін лауа­зымды тұлғалар жүзеге асыратынын ойласақ, жем­қорлық құзырлы органдар арқылы «жай­қалып» отыр. Ал техникалық қада­ғалауды осы салада қажетті білімі жоқ тұлғалар атқарады немесе кем­ші­лікті көре тұра, оң бағалай са­лады. Жемқор­лыққа қарсы қыз­мет мамандары мұны шешудің жо­лын да ұсыныпты. Айтуынша, қо­ғамдық бақылауды күшейту керек. Яғни, жол құрылы­сын қа­былдар алдында халық пікірі ескерілуі қа­жет. Мә­селен, нысан­дарды пайда­лануға қабылдау кезінде арнайы комис­сиялар құрылады. Олардың құра­мына тапсырыс бе­рушінің, бас мердігердің, жергілікті атқарушы органдардың, сәулет және қала құрылысының өкілдері ғана кіреді. Алдыңғы Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігі 2025 жылға дейін Қазақстандағы автожолдың 95 пайызын мінсіз қыл­маққа мақсат қойған. Жоспар­ды орындауға республикалық бюджет­тен аста-төк ақша бөлінеді. Шетел­дік инвесторлар да қарап отырған жоқ. Үкімет жол төсейтін компа­ния­ларға қатаң талаптар қойып жатыр. 2020 жылы ең қиын учаскелерді анықтау үшін цифрлық карта сы­зылып, жолдардың сапа­лық рей­тингі түзілген. Жолдың 95 пайызын мінсіз ету шындыққа айнала ма, әлде құр қиял ма, әзірге беймәлім. Дегенмен жағдай рет­телмейтін бол­са, жол апаттарының саны да азаймауы мүмкін.