Әлекке салған әлеуметтік көмек
Әлекке салған әлеуметтік көмек
721
оқылды
Қостанай Балалар үйінде тәрбиеленген Татьяна Водолазкина кәмелет жасқа жеткенше «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай» асыраған мемлекетіне дән риза екенін айтады. Сол берген тәлім-тәрбиесі үшін өскенде тәртіп сақшысы болып, адамдардың құқын қорғауды армандаған ол Ішкі істер министрлігі академиясына оқуға түскен. Әйткенмен, казарма қабырғасына келгеннен кейін мемлекеттің мейірімі таусылыпты. Осылайша, өзгелердің құқығын қорғауды мақсат еткен ол өзінің құқығын қорғаудың тым қымбатқа түсетінін кеш түсінген. Қостанай академиясының тү­легі Татьяна Водолазкинаның жа­йынан жұрттың дені жақсы таныс. Тек оқу орнына тікелей жауапты ми­нистрлік ғана меңіреу секілді. Әйт­пегенде, елдегі ІІМ академия­ла­рындағы жетім курсанттардың аза­маттық оқу орнындағы өзі тағ­дыр­лас студенттердің алатын әлеу­мет­тік көмегі арман ғана екені ай­тыл­мады емес, айтылды. Тіпті, бір­­­неше рет бұқаралық ақпарат құра­лында жазылды. Негізінде, «Әлеу­­меттік көмек көрсетілетін аза­мат­тарға әлеуметтік көмектің мөл­ше­рін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулыға сәйкес, жетім балаларға бе­рілетін әлеуметтік көмектің көз­дері мен түрлері, мөлшеріне дейін ЖОО-ның барлығында бірдей жү­зеге асуы тиіс. Ол азаматтық және ведомстволық оқу орны болса бұл қаулы барлығына ортақ. Ал «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 заңының 47-бабының 11-тар­­ма­ғында да олардың толық мем­лекет қамқорлығында ұсталатыны көр­сетілген. Бұл бойынша, аза­мат­тық оқу орнында оқитын жетім ба­лалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған білім алу­шыларға каникул кезеңінде білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың қаражаты есебінен олар тәрбиеленген ұйым­дар мен отбасыларға жол жүруін, тәуліктік шығыстарды заңнамада белгілен­ген тәртіппен қаржылан­дыруға міндеттелген. Сондай-ақ каникул кезінде ұйымдастырылған демалыс орындарына бармай­тын­дарға та­мақтануға арналған тәу­ліктік нор­ма құнының шегінде қол­ма-қол ақша бөлінеді. Бұдан бө­лек, олар­дың маусымдық киім­дері: пальто­дан бастап қолғаптары­на дейін мемлекеттен. Ал ІІМ ака­демия­сының курсанттарына 40 мыңның көлемінде стипендия бе­ріледі. Ай сайынғы берілетін сти­пендиясы жазғы 30, қыстағы 15 күндік де­ма­лысында ішіп-жегені, киер киіміне жетуі тиіс. Мысалы, өзге елге кеткен Татьянаның Ресейдегі сти­пен­дия­сы – 65 мың. Бірақ ақшаның 25 мыңы жалдамалы пәтерге, 5 мыңы ин­тернет үшін (қашықтықтан оқыту тұрақты, жоғары жылдам­дықты интернеттің болуын талап етілген) жұмсалған. Қалған 35 мың азық-түлікке есептеледі. Алайда тамақтың бағасы күн сайын өсіп жатқанын есепке алсаң, бұл да жет­пейді. Жеке гигиена заттары жар­ты айға ғана жетсе, қысқы киім сатып алуға мүмкіндігі болмаған. Осы мәселені бір кісідей білетін запастағы полиция генерал-ма­йоры, профессор Мирлан Қызы­ловтың өзі де талай рет жағдайды баяндап, министрлікке хат жазады. Бірақ зейнет жасына жеткенше құқық қорғау қызметкерін тәр­биелеп, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан ардагердің айтары министрдің құлағына жетер емес. Мүмкін жеткен де шығар, тек ми­нистрлікке әке-шеше мейірімін көрмей өскен жетімнің жайынан гөрі жүзеге аспайтын жобаларды дайындау әлдеқайда тиімді ме екен. Сырғытпа жауаппен созып келеді Туғаннан тағдырдың сынағына түскен Татьяна – тұлдыр жетім. Қостанай академиясына түскендегі жинаған балл көрсеткішінің жо­ғарылығы ескеріліп, Ішкі істер министрлігі оны Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы келісім негізінде Ресейдің Краснодар уни­верситетіне оқуға жіберіпті. Алайда қолына бір жапырақ жолдамасын ұстатқан министрлік жетімнен тезірек құтылғанға қуанған ба, өзге елде өмір сүрудің қажеттілігін қа­перге алмаған. Олай дейтініміз, ресейлік оқу орнында оқитын жетім қызды өз елі ойламай тұрғанда, басқа мемлекет басынан сипай қоймайтыны түсінікті. Ресей жағы да қалтарыста қалған қызға бір тиын да әлеуметтік көмек бермепті. Се­бебі бұл туралы екіжақты келісімде көрсетілмеген. Сонда дейсің де, ел ішінде жүріп қарыс адым жердегі аймаққа сапарлайтын сала бас­шылары ары-бері жолын, қонатын жерімен қоса ішіп-жегеніне дейін бюджеттен ақша бөлдіретінін біл­мей қалғаны ма? Өзінен басқа сенері жоқ жастың жат жұртта қалай жан бағарын бағамдамаған? [caption id="attachment_222499" align="aligncenter" width="1492"]көмек © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Курсанттардың сан қилы тағ­дырымен таныс академия басшысы бес жыл бұрын осы мәселені кө­теріп, жетім курсанттардың әлеу­меттік құқығын қорғау мәселесін және оны заңдастыру ісін қамта­масыз ету жөнінде Ішкі істер ми­нистрлігіне бірнеше хат жазыпты. Алайда ол ұсыныс қолдаусыз қалған. Жетімдердің жайы Бас прокура­тураға да хатпен жетеді. Құзырлы орын сұраққа жауапты сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне сілтейді. Олар сауалдың төркінін түсінбеген сыңай танытып, сыр­ғытпа жауаппен құтылады. Бір қызығы, телеарнаға сағаттап сұхбат беріп, блогерлердің жекелеген ютуб арнасының өзіне уақыт табатын Ішкі істер министрінің тиісті орындарға сан рет сауал жолдап, ұсынысы қолдау таппай келе жатқан профессорды қабылдауы қиямет қайымға айналыпты. Солқылдақ шешім Екі жыл бұрын ІІМ Қаржымен қамтамасыз ету департаментінің бастығы Р.Тұрсынбаев Үкіметтің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысы қайта қарауды қажет ете­тінін айтады. Қызығы сол, құжатта өтемақының мөлшері мен оны айқындау тәртібі белгіленбеген. Ал жетім балалардың білім алу кезіндегі әлеуметтік қолдау туралы жауабында Оқу-ағарту министрі «Ішкі істер министрлігі өз ауласындағы істі шарбақтан шығармай, өзі шешсін» деп қысқа қайырады. Негізінде, тастандылардың тағдырына бұл министрлік те тікелей жауапты. Өйткені жетім балалар ІІМ-нің оқу орындарына 17 жасында оқуға қа­былданады. Бірақ министрлік жа­нын­дағы Балалардың құқығын қор­ғау комитеті мұны қаперге ал­мапты. Жоғарыдағы қаулыға сәй­кес, әлеуметтік көмек оқу орында­рының меншік формасына қара­мастан, барлығына бірдей берілуі керектігі айтылған. Мысалы, Та­тьяна Водолазкинаның «Астана» университетінде оқитын туған сіңлісі Екатерина Водолазкина әпкесі қол жеткізе алмай жүрген әлеуметтік жеңілдіктердің барлы­ғын алады. Бар айырмашылығы – Татьяна Ішкі істер министрлігінің оқу орнын, ал сіңлісі азаматтық жоғары оқу орнының студенті. Хош, ведомство басшылығын тізгіндеп тұрған Ерлан Тұрғымбаев сол кезде әлеуетті құрылымдардың оқу орындарындағы жетім курсант­тарға ақшалай өтемақының белгілі бір мөлшерін белгілеуге қатысты өзгерістер енгізу туралы респуб­ликалық бюджет комиссиясына ұсыныс жолданғандығын мәлім етіпті. Сөйтсе, министрлік нысанды киімнің сыртында тұлдыр жетімнің басқа да қажеттілігі барын тағы ескермеген. Өйткені нысанды киім ІІМ оқу орындарындағы курсант­тардың барлығына тиесілі. Ал әлеу­меттік көмек жетім баланың күнде­лікті күнкөрісіне қажетті заттар мен киім алуына жұмсалуы керек емес пе? Мысалы, әлгі көрші елге барып күн көруі қиындаған курсанттың әлеуметтік құқығы бұ­зылғаны ту­ралы азаматтық іс Астана қала­сы­ның Алматы аудан­дық со­тында қа­рала­ды. Сот Ішкі істер ми­нистрлі­гі­нен Татьянаның ақ­ша­лай қаражат­ты өндіріп алу туралы талап-арызы ішінара қанағаттан­дырылу керек деген шешім шы­ғарады. Өкінішке қарай, заң тала­бын орындатуға жауапты құзырлы орган соттың шешіміне де осы уа­қытқа дейін жүрдім-бардым қарап келген. Неге? Себебі әділдік ор­натуы тиіс судья солқылдақ шешім шығарған. Онда Ішкі істер ми­нистрлігіне өтемақыны мәжбүрлеп өтеу шарасын қарасты­рылмайды. Осылайша, жетімнің конститу­ция­лық құқығын іс жүзінде қорғау тым қымбатқа түскен-ді. Ендігі жерде елдегі академияның курсанттары әлеуметтік жеңілдікке қол жеткізе алмай сенделіп жүр. Сүйінші хабарды сиырқұйымшақтатқан кім? Соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жағдайын айтып, әділдіктің орнауын сұрайтындар көбейді. Өйткені «еститін үкімет» естімейді. Бұл туралы Президенттің өзі де бірнеше рет айтты. Құзырлы орындар көз қиығын салмаған мә­селе Мемлекет басшысына да же­теді. Халық мүддесіне құлақ түре білген Президент көп күттірмей тиісті бұйрыққа түзету туралы нұс­қау беріп, жетім курсанттардың әлеу­меттік төлемін өтеп беруді қа­растыру енгізілгені жайлы сүйінші хабар жетеді. Өкінішке қарай, сол сүйінші­ленген хабардың соңы қазір қайта сиырқұйымшақтанып кеткен. Мә­селенің не себепті шешілмей жат­қаны туралы хат министрдің қолына жетпей келе ме, жауап тек орын­басарларының құрғақ уәдесімен қайтады екен. Ал уәде еткендей, елдегі ІІМ оқу орындарында оқитын жетім балаларға әлеуметтік көмек толық көрсетілмеген. Себебі осы уақытқа дейін министрліктің 4 ака­демиясында білім алған 31 түлекке 1 жылдық өтемақысы ғана қайта­рылған. Себеп – бюджеттен ақша­лай қаражат бөлінбеген.
Запастағы полиция полковнигі Елеужан Серімов те сала басшы­ларының салғырттығы Балалар үйін­де тәрбиеленіп жатқан бала­лардың арман-тілегін аяқасты етіп отырғанын жеткізді. «Әскери қыз­меткер Отанға адал болуға ант бер­ген соң, әрбір адамның құқығы мен бостандығының қорғалуына мүд­делі болу керек. Өкінішке қарай, біздегі басшылардың бекітілген бұйрыққа бүлк етпеуінің өзі құқық қорғау саласының қадағалаусыз қал­ғанын көрсетпей ме? Әйтпесе, есі дұрыс елдің Ішкі істер министрі бес жыл бойы көтеріліп келе жатқан жетімдердің жайын осы уақытта бюджеттің жыл сайынғы жоспарына енгізіп, жетімдердің көз жасын құр­ғататын уақыт болды», – дейді ол.
Әлеуетті құрылымдарға тиесілі оқу орындарында ата-ана қамқор­лығынсыз қалған Татьяна секілді білім алушылар аз емес. Дана қазақ «Жерде жетім жыласа, көкте періш­те күңіренеді» деп әлсіздерге сүйеу, жетім-жесірге қамқор бола білген. Өкініштісі, Құдайдың аманатына қиянат жасаудың күнә екенін бі­летін құзырлы органның басшы­лары жетімді жылатып, ақысын жеуден де арланбайтынына қайран қаласың.