Келестің бренді – шаруашылық
Келестің бренді – шаруашылық
473
оқылды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қызметке келгеніне айдан асты. Осы уақыт аралығында облыс басшысы өңірдегі бірқатар аудандарды аралап, тұрғындардың жай-күйімен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мүмкіндіктерімен танысып, қажетті шаралар бойынша жергілікті басшыларға тиісті тапсырма беруде. Келестіктердің мұңын тыңдады
Осыдан төрт жыл бұрын қайта құрылған Келес ауданының әлеумет­тік-экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. «Бұл жұмыс жаңа қарқынмен одан ары жалғасады», – деді ауданға жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. Облыс басшысы мұнда келестіктермен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқы­лады. Тұрғындардың ұсыныс­тарын мұқият тыңдап, олардың барлық сауалдарына жауап берді. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, халық­пен жүздескен облыс әкімі бірде-бір мәселенің назардан тыс қалмай­тынын жеткізді.
Облыс әкімі халықпен кездесу ба­рысында өңірдің әлеуметтік-эко­номика­лық дамуын және Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауына сәйкес облыста жоспарланған және атқа­рылатын жұмыстар барысын баян­дады. Айта ке­те­йік, осыған дейін облыс басшы­сымен кездесуде тұр­ғын­дар көтерген бірқатар мәселелер шешімін тапқан екен.
– Келес ауданының орталығы Абай ауы­лынан тұрғын үй құрылысын жүр­гізу­ге жер телімдерін беру үшін 96 гек­тар жерге электрмен жабдықтау желі­лері­мен қамтамасыз ету жұмыс­тары жүр­гізілуде. Құрылыс жұмыс­тары қазан айында аяқталады. Кезек­те тұрған 500-ге жуық азаматқа ке­зең-кезеңімен жер телімін беру жоспарлануда. «Ақыл­бек­сай» су қоймасынан ауылға су беру мәселесі бойынша қажетті жұмыстары жүр­гізілуде. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспар­ланған. Мемлекет басшысының тара­пынан қо­йылған міндеттер елі­міздің эко­номика­лық өсімін жедел­детіп, халық­тың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар да ары қарай жалғасын табатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен­дей, Қазақстанның шынайы жаңа­ру кезеңіне сәтті қадам басуы жо­лында алдымызға қойылып отырған тап­сырмалар мен міндеттерді бүкіл қо­ғам болып жұмыла атқару үлкен маңыз­ға ие, – деді Түркістан об­лысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесу барысында, одан кейінгі жеке қабылдау кезінде де тұрғындар тарапынан өткір сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, үй салуға жер беру, кі­тап­хана салу, жұмыссыздық, жастар­дың синтетикалық дәріге құмарлығы, мал шаруашылығын дамыту, Келес өзенінің экологиялық ахуалы, бау-бақша шаруашылығына субсидия беру, спорт кешенін салу және өзге де мәселелер аудан үшін өзекті екені сөз болды. Өңір басшысы ұсыныстар орынды екенін, назарға алынатынын атап өтті.
– Ауыл шаруашылығы саласын Келес ауданының брендіне айнал­дыруға болады. Өйткені мұнда егін, мал шаруашылығын дамытуға бар­лық мүмкіндік бар. Бір жылда 2-3 өнім алынатын тәсіл жалғасуы тиіс. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жобаларды толық қолдай­мын. Ордабасы ауданында ірі мал шаруашылығы кешенін ашуды жоспарлап отырмыз. Мұны Келесте де жүзеге асыруға болады. Мал шаруа­шылығымен айналысатын 25 шаруа қожалығы мен кәсіпорын­дардың тізімі бекітіліп, Өзбекстан Республикасына ет экспорттауға рұқсат алынды. Келестік шаруаларды да осы тізімге қосып, ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік мол. Спорт кешенін, Оқушылар сарайын, кітап­хана салу мәселесін де қарастырамыз. Бұл аймақтың мәселелерін жақсы білемін. Жалпы өңір тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауыл-аймақтарда тұрады. Сондықтан енді аудандарға қолдау күшейтіледі, – деген Дархан Сатыбалды Келес өзеніндегі заңсыз карьер қазушылардың жұмысын тоқтату, синтетикалық дәріге қарсы күресті күшейту жөнінде жауапты­ларға тапсырма берді. Сарыағаш пен Келес ауданындағы қордаланған мәселелер бойынша арнайы жиналыс өткізіп, шешу жолдарын қарас­тыратынын жеткізді.
Жылыжай шаруашылығы дамыған өңір Иә, Түркістан облысының эко­номикалық драйвері ауыл шаруа­шылығы саласы екені белгілі. Өңірде өзгелерге үлгі болатындай шаруа­шылықтар көптеп кездеседі. Әсіресе, елімізде дамып келе жатқан жылыжай шаруашылығының басым бөлігі оңтүстік өңірде. Сонымен бірге, жылыжай шаруашылығына қажетті заттар Түркістан облысында шы­ғарылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданында болған жұмыс сапарында осындай кәсіп­орында болып, оның жай-күйімен танысты. Келес ауданы, Ораз ата елді мекенінде орналасқан «Келес Пласт» ЖШС қайта өңдеу цехында пленка, пресс жіп, жылыжайға арналған қысқыш, көшет өсіруге арналған стакан өнімдері шығарылады. Жергілікті тұрғын Нұржан Омаров жетекшілік жасайтын кәсіпорында жылыжай шаурашылығына қажетті заттар шығарылып, шаруалар арасында сұранысқа ие болып отыр. Жалпы құны – 150 млн теңге болған жобаға кәсіпкер өз қаражаты есебінен 127 млн теңге жұмсаған. Одан бөлек, несие қаражаты есебінен 23 млн теңге алып, жобаны жүзеге асырған. Кәсіпорын 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өңір басшы­сы кәсіпкердің қадамын жоғары бағалап, отандық өнімдерді көбейту – уақыт талабы екенін жеткізді. Облыс басшысы Келес өңірі сапары кезінде Біртілек ауылдық ок­ругі аумағында орналасқан «Оразов Ермахан» шаруа қожа­лығын­да да болды. Ашық егістік жерден жылына 2-3 рет көкөніс өсіретін және жылыжай шаруа­шылығын қоса атқаратын шаруа қожалығының басшысы Сейдахмет Бижігітов 6 гектар аумаққа қырық­қабат, дәндік жүгері, жоңышқа, қияр сынды өнімдерді өсіріп, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Жобаның жалпы құны – 9 млн теңге. Бір жылда 820 тонна көкөніс өсіріле­ді. Кәсіпорын мен шаруа қожа­лығын­да кәсіпкер­лермен, диқан­дармен кездескен Дархан Амангел­діұлы ауыл шаруа­шылығын мемлекет тарапынан қол­дау, осы бағыттағы жобаларды кө­бейту жұмыстарының жалғасатынын жеткізді. Кәсіпкер­лердің өтініштерін тыңдап, сұрақ­тарына жауап берді.

Түркістан облысы