Шекарамызды шегендедік, бірақ...
Шекарамызды шегендедік, бірақ...
1,312
оқылды
Қазақстан – халықаралық шекарасын заңды түрде толықтай рәсімдеп алған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекет. Делимитациялау ісін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастап, тек 2014 жылы ғана түгел аяқтап болдық. Сөз жоқ, бұл – тарихи маңызы зор үлкен жетістік. Әйтсе де, көрші елдермен ортамызда әлі де болса шекара сызығы нақтыланбаған, мемлекеттік белгі қойылмаған тұстар бар. Шекараның тұрақтылығы жөніндегі мәселе жақында Аста­нада өткен Орталық Азия және Ресей саммитінде де көтерілді. Жиында Мемлекет басшысы ел­дер арасында шекара дауы ушық­қанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблеманы тек бей­біт жолмен шешу керек екенін жеткізді.
– Тұрақсыздыққа алып келе­тін бір фактор – өңірдегі же­келеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қа­лыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау ар­қылы тек бейбіт жолмен ше­шілуі тиіс, – деген еді Мемлекет басшысы.
Стокгольмнің бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты­ның дерегіне сүйенсек, бүгінде әлемде мемлекеттер арасында­ғы құрлықтық шекараның 25 пайызы бекітілмеген. Бұл жағ­дай көрші­лердің жанжалдасуға, тіпті қару­лы қақтығыстарға ұрынды­рады. Соң­ғы кездері мем­лекеттер ара­сындағы соғыстың 15 пайызы шекара шатағынан туындаған. Мұның мысалын Үн­дістан-Қы­тай, Ресей-Жапония, Алжир-­Марокко, Ауған-Пә­кіс­тан, Үнді-Бангладеш арасын­да­ғы ұзақ жылға созылған кикіл­жіңді айтпағанда, жақын көр­шілеріміз қырғыз-тәжік, өзбек-қырғыз, әзер­байжан-армян, Прид­нес­тровье оқиғасынан кө­руге болады. Жер дауы өршіп тұр КСРО ыдырағанда, одан бө­лініп шыққан тәуелсіз республи­калардың шекарасы 1991 жылға дейін белгіленген аумақтық-әкімшілік бөлініс бойынша сы­зылды. Қазақстан шекарасы азат­тықты аңсаған Алаш арыс­тарының 1920 жылы 26 тамызда жанқиярлықпен бекіттірген Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жө­ніндегі декрет негізінде жасалды. Сол кезде ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мә­селесі» деуі аталған құжаттың қаншалықты үлкен талас-тар­тыспен қабылданғанын ұқтырса керек. Әлбетте, тоқырау заманында жалпы аумағы 13 400 шақырымға созылған, бес мемлекетпен шек­тесетін шекараны шегендеу бізге оңайға түскен жоқ. Бес мемлекет – бес мәселе. Себебі Кремль кезінде кеңестік республикалар­дың аумақтарын өз білгенінше кесіп-пішті, шаруашылық сипа­тына қарай бір ұлттық аймақтың жерін екіншісіне ойланбай бере салды. Соның кесірінен қазақтың қаншама жері көршілерге өтіп кеткені өз алдына (ол басқа та­қырып), бұл КСРО-дан бөлініп шық­қан жас мемлекеттердің ең үлкен бас ауруына айналды. Қазір басқасын айтпағанда, ТМД аума­ғында шекара дауы шарпымаған ел кемде-кем. Бұрынғы одақтас республикалардың арасындағы әкімшілік шекаралардың бәріне ортақ кемшілік – кейбір учас­келердегі шекара сызығы қолда бар құқықтық актілердің ереже­леріне сәйкес келмеуі. Мұндай жағдайларда тараптар ұлттық және экономикалық мүдделерді ескере отырып, өзара тиімді ше­шімдер қабылдады, аумақ­тарды теңдей бөлісті немесе алмасып отырды. Қазақстан өзімен шектесетін елдермен шекараны халық­ара­лық-құқықтық ресімдеуде ба­йыпты саясат ұстанды. Мәселен, ұзындығы 1 783 шақырымға со­зылған Қытаймен арадағы ау­мақты делимитациялау туралы келіссөз 1992-1998 жылдар ара­лығында қолға алынып, демар­кация толығымен 2002 жылы аяқталды. Соның нәтижесінде Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының өту сызығы мен оның шекаралық белгіленуін егжей-тегжейлі сипаттайтын ха­лықаралық шарттар жасалды. Тіпті, кезінде Кеңес Одағы мен Қытайды қарулы қақтығысқа дейін апарған даулы аймақтың мәселесін ың-шыңсыз шешіп алды. Ал Қытай секілді алыппен келіссөз оңай болмасы белгілі. Бұл жерде Жұңго мемлекетінің 15 елмен көрші жатқанын, оның ішінде тек Қазақстанмен ғана шекараны жүз пайыз бекіттіргенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Ресеймен арадағы 7548 шақырымға созылып жатқан шекараны делимитациялау да үлкен табандылықтың арқасында келді. Екі елдің шекараны нақ­тылау үрдісі 1999 жылдың қыр­күйегінен 2005 жылдың қаңта­рына дейін жалғасты. Нәтиже­сінде, Мәскеу қаласында Қазақ­стан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа екі елдің прези­денттері қол қойды. Қазақстан-Өзбекстан арасындағы 2 351 ша­қырым шекараны делими­та­ция­лау 2000-2002 жылдар аралы­ғында өтсе, Қазақстан-Түрік­менстан ара­сын жалғап тұрған 458,3 ша­қырым бойынша келіс­сөздер 2000-2001 жылдары жүр­гізілді. 1 257 шақырым қазақ-қырғыз шекарасын делими­та­циялау 1999-2001 жыл аралығын­да бекітілді. Өңірлік дамуға кедергі Көрші елдермен шекарамыз бұрыннан анықталып, бекітіл­ге­ніне қарамастан, демар­ка­ция­­лау үдерісі әлі де аяқталған жоқ. Оның кесірі шекаралас аудан­дар­­да тұратын тұрғындарға тиіп отыр. Сондай келеңсіздік жазда қа­­зақ-қырғыз арасында наразылық-­­ тың тұтануына себепкер болды.
– Алматы облысы Кеген ауда­нымен шекаралас аумақта қырғыз тарапынан шекара шебі белгі­ленбеген және қандай да бір ин­женерлік бөгеттері жоқ. Қазақстан тарапынан шекара сызығына ті­келей жанасатын бірінші шептің инженерлік бөгеттері жоқ. Тек екін­ші шебі жол жиегіне па­раллель орнатылған, бөгеттер­мен белгіленген. Осылайша, бі­рінші және екінші шептердің арасын­дағы 4 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерлерін және 15 мың гектардан астам орман шаруашылығы жерлерін Кеген ауданының шаруа қожа­лықтары өз мақсаттары бойынша пайда­лана алмай отыр. Соның салда­рынан, бүгінгі күні бұл жер­лерді Қырғыз Республикасы аза­маттары пайдалануда (шөп ша­бу, мал жаю), өйткені көрші тарапта қандай да бір бөгеттер жоқ, – дейді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.
Оның айтуынша, шекаралық белгілерді қорғауға, оларды жа­ңартып-жөндеуге екі ел бірдей жауапты. Бірақ қырғыз жағы бел­гілерді орнатуға асығар емес. Сонымен қатар Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту, қолданыстағы өткізу пункт­терін айналып өту фактілері жиілеген. Одан бөлек, шекаралық бөліністерге инженерлік құры­лыстар мен шлагбаум жеткіліксіз.
– Мемлекеттік шекараның бүкіл сызығы бойынша қажетті инженерлік-техникалық құрал­дарды, құрылысжайлар мен бө­геуіштерді орнату қажет. Шекара маңы аудандары азаматтарының заңда белгіленген шеңберде шек­ара аймағы мен шекара белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учас­келерін пайдалану құқықтары­ның сақталуын қамтамасыз ету қажет, – деп санайды сенатор.
Айта кетейік, шекаралық аймақтарға қатысты мұндай дау-дамай Ресеймен де, Өзбекстанмен де ара-тұра көрініс тауып жатады. Бұл көрші мемлекеттердің өңір­аралық қарым-қатынастарын да­мытуға көп залал келтіреді. Оның бәрі бір кездері Кеңес үкі­метінің ұлттық шекараларды бөл­генде географиялық және этни­калық факторларды ескермеуінен болып отырғанын ескерте кеткен жөн. Яғни, бұл КСРО-дан қалған, әлі жазылмай келе жатқан «ескі жара». Әлі күнге көрші елдердің татулығына сызат түсіріп тұр. Мұн­дай жағдайда өңірлік қауіп­сіздік, сауда-экономикалық даму, әдеби-мәдени байланыстар тура­лы сөз айтуға ерте. Сондықтан Ор­талық Азия елдерінің ескі «өк­пені» ұмытып, өзара бәтуаласатын күні жетті.