АЭС: Жеті рет өлшенетін шаруа
АЭС: Жеті рет өлшенетін шаруа
807
оқылды
Қазақстанда атом электр стансасын бірнеше елден құралған топ салатын болды. Отандық тұңғыш АЭС құрылысын халықаралық консорциумға беру туралы шешім қабылданыпты. Дегенмен отандық бірқатар энергетик ол атом стансасын жобалауды ресейлік «Росатомға» бер деп табандап, Үкіметке ашық хат жазды. Бұл тұрғыда ке­лесі жылдың ортасына дейін күрес жалғасатынға ұқсайды. Бұған қоса, АЭС құны қым­баттауы ықтимал. Сарапшылар айналадағы күрделі геосаяси ахуалға бай­ла­нысты АЭС ғимараты төбесінен атом бомбасын тастаса да, шыдауы шарт деп отыр. «Атом аралы» қайда? «Самұрық-Қазына» ұлттық ­әл-ауқат қорының басқарма тө­раға­сы Алмасадам Сәтқалиев Қазақ­станның алғашқы алып атом стансасын осы салада жетекші са­налатын бірнеше елдің ком­па­нияларынан тұратын халықаралық консорциумге табыстауға ұйға­рылғанын жариялады. Бұл – елде бұрыннан қолданылып келе жат­қан дәстүрлі тәсіл. Күрделі, ірі жо­балар осылай жүзеге асырылды. Қа­рашығанақ, Қашаған кен орын­дарында, 5 мың метр тұңғиықтағы жер қыртыстарында, қуатты қы­сыммен жатқан ауыр мұнайды игеру үшін халықаралық консор­циумдар құрылды. А.Сәтқалиев АЭС салуды ары ысырып, кешіктіре беруге болмай­тынын, 2030 жылға қарай қуат тапшылығы туындап, жаңа әрі ірі энергия көзіне қажеттілік пайда болатынын ескертті. Жалпы, энер­гетика саласының мамандары бұл жобаны «Балқаш АЭС-і» деп атап жүр. Бұл оның әлемде теңдесі жоқ бірегей (оның суы екіге бөлінген: бір жағы ащы, екінші жағы тұщы) Балқаш көлі жағалауында бой көтеретінін аңғартса керек. Осының алдында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр стансасын салу үшін Бал­қаш қолайлы деп танылғанын әң­гімеледі. Бірақ Курчатов ауда­нын­дағы Ертіс өзені бойындағы алаң да зерделеніп жатқан көрінеді. Ұлттық әл-ауқат қорының басшы­сы әзірге атом стансасының қай жерде орнайтыны түпкілікті ай­қындалмағанын хабарлады.
– Үкімет АЭС құрылысына ар­налған алаңды толыққанды анық­тауға жақын қалды. Ол алаң ресми айқындалған соң құрылыс вен­дорын, яғни реакторды жеткізу­шіні, станса салатын мердігерді анықтау рәсімдері де аяқталады. Бұған дейін сарапшылар тобы са­парлап, Түркия, Венгрия, Фран­ция, Оңтүстік Корея, Қытайда салынып жатқан жаңа АЭС-тердің құрылыс алаңында болып қайтты. Нәтижесінде, бұл құрылысты сөз­сіз, халықаралық консорциум жүзеге асырғаны жөн деген байлам жасалды. Яғни, бір ел бүкіл стан­саны өзі салып, өзі жабдықтайтын тәжірибеден бас тартылды. Оның орнына біз әрқайсысынан ең үздік технологияларын алатын боламыз, – деді А.Сәтқалиев.
Бұрынғы жылдары Ресей, Жа­пония және Франция техноло­гияларының бірі таңдалатыны айтылып жүрді. Алайда 2011 жылғы 11 наурызда жер сілкінісі және содан туындаған цунами кесірінен Жапонияның Фукусима-1 АЭС-інде алапат радиациялық апат болды. Бұл Ядролық оқиғалардың халықаралық шкаласының ең жо­ғарғы 7-деңгейіне жатқызылды. «Күншығыс елінің» Фукусима пре­фектурасының үлкен бөлігі ра­диациямен қатты ластанды. Содан кейін әлемде көп ел, соның ішінде Қазақстан да атом стансасын салу ниетінен қайтты. Үш жыл бұрын Қазақстан билігі бұл жобаға қайта оралды. Бұл жолы Жапония атал­мады. «Үздіктің» озығы керек «Самұрық-Қазына» қоры бас­шысының нақтылауынша, Үкімет пен мамандар «ядролық аралды» жасауда Ресей, Оңтүстік Корея және Франция ұсынатын техноло­гияларды ең тиімді деп таныпты. Солардың арасынан бірі таңда­лады. Бірақ ядролық реактор кө­бірек маңызды.
«Энергетикалық жабдыққа тоқталсақ, электр қуатын генера­циялайтын қондырғылар өндірі­сінде, біздің ойымызша, ең үздік технологияны америкалық General Electric пен кореялық өнді­рушілер шығарады. Ал қосымша, көмекші жабдықтарды – авто­матиканы, есепке алу жүйелерін, сорғы жабдықтарын және басқа­сын шығаратын өндірушілер көп. Негізінен, еуропалық: Франция, Германия, Siemens және басқасы», – дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Яғни, бұл жерде Ресейден не алуға болатыны түсініксіз. Оның үстіне қазір «Росатом» шетелдік, әсі­ресе батыстық компаниялармен серіктестік құрмайды. Қысқасы, ал­пауыттардың күшін бір АЭС ала­ңына төгу оңайға түспейтін сияқты. АЭС сияқты алып энергети­калық объектіні салу кезінде тех­никалық қадағалаудың биік дә­режеде болғаны маңызды. Әйтпесе, құрылыс сапасы нашар болып, іс насырға шабуы мүмкін. «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасының айтуынша, құрылыстың сапасын қатаң бақылауды қамтамасыз ету саласында көшбасшы саналатын бірқатар мемлекет бар. Олар да негізінен, еуропалық. А.Сәтқалиев бұл тұрғыда тағы француздарды бөле-жара атады. Ол АЭС құрылысы кезінде қа­уіпсіздікке қатысты қандай талап­тар қойылатынын баяндады. Оның мәліметінше, қауіпсіздік мәселе­лері бастапқы кезеңде өзара ке­лісіледі. Соның негізінде талаптар бекітіледі. Қор басшысы қандай компания ең жоғарғы қауіпсіздік шарттарын ұсынса, мердігерлерді іріктеу кезінде соның жеңімпаз атану мүмкіндігі жоғары екеніне екпін түсірді. Жалпы, МАГАТЭ ұйы­мы Фукусима-1 апатынан ке­йін атом стансаларына қойылатын жаңа талаптарды пысықтаған. Ол белсенді және пассивті қорғаныш элементтерінің болуын талап етеді. Мәселен, стансаның қабырға, кор­пусы ірі ұшақтың құлауы кезінде болатын алапат соққы мен жары­лысқа төтеп бере алуы тиіс. Дұ­рысы, ядролық соққыға төзгені абзал. Мұның сыртында 10 балдан жоғары жер сілкінісіне шыдауы керек. Себебі бүкіл Жер шарында сейсмикалық белсенділік кезеңі басталды. А.Сәтқаливтің түсіндіруінше, әрбір жеткізуші өз жабдығының қауіпсіздігі мен ақаусыздығы үшін өзі жауап береді. Бірқатар вендор бәсекелесін шаң қаптыру үшін қосымша опциялар ұсыныпты: мә­селен, АЭС үнемі шығаратын ядролық қауіпті қалдықтарды шетелге әкетіп, утилизациялау, қа­жетті кадрларды даярлау, персо­налды ұсыну сияқты қызметтер көрсетпек. Француздар, корейлер және қытайлар стансаның ядролық қалдықтарын утилизациялау – Қазақстанның өз проблемасы болатынын жеткізіпті. Яғни, ел Үкіметі оны өзі тасымалдап, өзі көміп, қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етеді. Ал «Росатом» ол қалдықтарды өзі Ресейге әкетіп, сонда утили­зациялайтынын білдірді. Алып жобаны кім қаржыландырады? АЭС құрылысының алгорит­міне қатысты алдын ала ақпарат та жария етілді: алдымен, Қазақстан тұңғыш АЭС-ін салатын компа­ниялардың тізімін, пулын айқын­дайды. Содан кейін олардың әр­қайсысымен келісім бекітіледі. Онда құрылыстағы қазақстандық мазмұнға қатысты міндетті та­лап­тар белгіленеді: оның үлесі қан­дай бола алатынын мердігерлер ай­қын­дайды. Келесі сатыда компаниялар стансаны жобалауға кіріседі. Алдағы бірнеше ай ішінде ком­паниялар пулы түпкілікті таң­да­лады. 2023 жылдың басында Үкімет атом электр стансасының бір бло­гының қуаты қандай болатынын, оның қай жерде бой көтеретінін түбегейлі анықтап, құрылысы, қаржыландыруы және өзге де мәселелері бойынша ақырғы шешімді қабылдайды екен. Сол 2023 жылы стансаны жобалау, ала­ңын дайындау, инженерлік іздес­тіру жұмыстары басталады. Ал құ­рылыс жобалау жұмыстары аяқ­талған соң бастау алмақ. Қазақстан инженер-энерге­тиктері одағының бас директоры, Қазақстан мен ТМД еңбек сіңірген энергетигі Марат Дұлқайыров Энергетика министрлігінің дерек­теріне жүгініп, елде қуат тапшы­лығы сақталып отырғанына назар аудартты. Мысалы, алдағы қысқы маусымда электр қуатын тұтыну бойынша ең жоғарғы жүктеме 17 629 МВт-қа жетеді деп күтілуде. Бұл ретте елде 19 526 МВт қуат көзі бар. Алайда министрлік ресми түрде 1645 МВт тапшылық болады деп белгіледі. Өйткені қуат көз­дерінің бәрі бірдей, әсіресе жаң­ғыратын қуат көздері тұрақты жұ­мыс істемейді. Жұмыс істеп тұр­ғанынан сынған кезі көп. 2035 жылы Қазақстанда жүйедегі жүк­теме максимумы 22 714 МВт-қа де­йін шығандайды. Сондықтан ел­ді қуатпен толыққанды әрі тұ­рақты қамту үшін қуаттылық 27 829 МВт-қа дейін арттырылуы тиіс. Соның өзінде энергия тапшылығы жойылмайды: тек 730 МВт көле­міне дейін кемиді. Әрине, егер қуат көздерін 27,8 МВт-ға жеткізе алса. Осы мақсатта Үкімет біріншіден, жаңғыратын энергия көздерінің үлесін 30 пайызға дейін арттыруды, екіншіден, АЭС салуды, үшін­ші­ден, газ ресурсынан өндірілетін қуатты ұлғайтуды жоспарлады. Энергетик, техника ғылымда­рының кандидаты, «Айқын тариф» қауымдастығының төралқа төр­ағасы Петр Своик атом стансасы өндіретін тоқ қымбат болатынын меңзеді. Ол жобаға міндетті түрде қарыз тартылатынын ескертті. Ал оны тариф арқылы қайтаруға тура келеді. Салдарынан, капиталды шығындар да, несие сомасы мен сыйақысы да бизнес пен халықтың иығына түсуі мүмкін. Қазір электр қуатының көтерме на­рықтағы ор­таша бағасы – 1 кВт-сағат үшін 9 теңге.
«Қарапайым есептеулер көр­сеткендей, тіпті ең төменгі норма­тивтерді алғанның өзінде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, басшы­лардың «үлесі» құрылыс материал­дарының қымбаттауы сияқты фак­торларды ескермегенде, капи­талды салымдар 35 млрд доллардан арзанға түспейді. Осы соманы та­рифке салсақ, тек қана қуат гене­рациясының шығыны 1 кВт-сағат электр құнын 12-15 теңгеге артты­рады. Стансадан жан-жаққа тарай­тын электр сымдары мен мұна­ралары желісін тұрғызып, дамыту да тарифке осынша қосымша шығын қосады. Мұның бәрі – тек капиталды шығындар ғана. Оның эксплуатациялық шығындары да тарифке салығын салады. Басқаша айтқанда, халық пен бизнес үшін тарифтерді екі еседей қымбаттатуға тура келмек. Мұның экономикалық және саяси салдарлары болуы мүмкін», – деді П.Своик.
Сондықтан ол мемлекет АЭС-тің біраз шығынын өтеуге мәжбүр болатынын білдірді. Бүгінде қоғамдық талқылауға шығарылған 2023-2025 жылдар­дағы республикалық бюджет жо­басында АЭС құрылысына қаржы қарас­тырылмаған. Келесі жылы мерді­герлер мен жоба құны анық­талса, бюджет қайта қаралуы ықтимал. Энергетик сарапшы Үкіметке Балқаш АЭС-нің әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын алғашқы 2 блогын – 2030 жылы, ал тағы 2 блогын – 2035 жылдан кешіктірмей іске қосуды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, ол БЖЗҚ-да қордаланған 13,5 трлн теңге зейнетақы жина­ғын Балқаш АЭС-інің бірінші кезегін қаржыландыруға жұмсауды ұсынды.