Жазаны жеңілдету жауапкершілікті еселейді
Жазаны жеңілдету жауапкершілікті еселейді
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,020
оқылды
Жақында Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты істі болғандарға ра­қым­шылық жариялады. Көп кешікпей тиісті органдар «Рақымшылық туралы» заң жобасын әзірлеп, қазір Парламенттің қос палатасы құжатты талқылауға кірісті. Заң жобасы мақұлданса, Қаңтар қырғыны кезінде аса ауыр емес қылмыс жасағандардың жазасы жеңілдетіліп, бір реттік рақымшылыққа ілінеді. Өйткені, жаппай тәртіпсіздікке қатыс­қандардың дені елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты қыл­мысқа барғанын ескерсек, жазаны жеңілдетудің тиімділігі барын жоққа шығаруға болмайды. Әйткенмен қоғамда «Күні кеше күдікке ілінгендерді бостандыққа шығару – қылмыстың өршуіне алып келмей ме?» деген алаңдаушылық бар. Ал заңгерлер ізгілік шарасына ілінетіндерді анықтау маңызды екенін айтады. Өткенге өкініш білдіріп, істе­ген ісінен сабақ алған жазасын өтеушілер көп. Олардың көбі тағ­дырын таразыға салып, өмірге өзгеше қырынан қарай бастай­ды. Алайда «рақымшылық – жазасын өтеушіні ақтау» деп тү­сінетін бәзбіреулер бостандыққа шыққан соң бұрынғы әдетіне басатыны да бар. Себебі, бұған дейін дәл осындай игі іске ілініп, рақымшылықпен босап шыққан екі мыңға жуық адам қайта істі болған. Әйтпегенде бұған дейін жаза басып, қылмыс жасаған адамдарға тоғыз рет рақымшылық жасалыпты. Соңғы рет Тәуел­сіз­діктің 30 жылдығында түзеу ме­кемесіндегі 14 мыңнан астам сот­талған жан бостандыққа шықты. Соның нәтижесінде 2 236 сотта­лушыға, 11 310 проба­цияда тұрған адамға рақымшылық жасалса, мыңға жуық адам қамау­дан босап шыққан. Ал 3818 адам пробация­лық бақылаудан босаты­лыпты. Сонымен бірге 1294 сотта­лушы мен пробацияда тұрған 7294 адамға жаза мерзімі қысқартылып, сотқа дейінгі өндірістегі 5 мың қыл­мыс­тық іс тоқтатылды. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкер­шіліктен босатылса, 1471 адамға сот органдары жаза мер­зімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданды. Сөйтіп аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар жазадан босатылса, кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімі қыс­қартылды. Ал рақымшылық ар­да­герлерге, кәмелеттік жасқа толма­ғандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адам­дарға қолданылды. Бұдан бөлек, ізгілік актісі азаматтар мен мемле­кеттің қауіпсіздігіне қатер төндір­мейтін қылмыс жасап, істі болған адамдардың да үмітін оятқан. Атап айтқанда, бірінші және екінші топ­тағы мүгедектерді, жүкті әйел­дерді, сотталған, ата-ана құқық­тарынан айырылмаған және осы заң қолданысқа енгізілген күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы деп танылған және ата-ана құқығынан айырыл­маған әйелдерді де назардан тыс қалдырмады. Бірақ жаза мерзімін қысқарту – жазасын өтеушіге бе­рілетін жеңілдік акциясы емес. Сондықтан рақымшылық қыл­мыстық-құқықтық қатынастардың белгілі бір аспектілеріне ғана қа­тысты орындалады. Яғни, рақым­шылыққа ілінген күннің өзінде сотталушы толық ақталмайды. Ал Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға, тарқатып айтар болсақ, педофилдерге, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына қатысты рақым­шылық қолданылған жоқ. Ізгілікті шарадан үміттенбесе де болады
Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік жасап, құқық бұзу­шы­лыққа жол бергендердің әрекетін еш­кім де ақтамайды. Алайда мұндай жағдайға алғаш рет тап болып, жаппай тәртіпсіздікке көпшіліктің ықпалымен және өздерінің ба­сындағы әлеуметтік проблемаларға байланысты қа­тысқандар көп. Ендігі жерде Қаң­тар оқиғасына қатысып, істі болған осындай жа­уапкершілікке тар­тылғандар ал­дағы ізгіліктен үмітті. Тергеу ор­гандары жаппай тәр­тіпсіздік ба­рысында қылмыстық құқық бұзу­шылық жасаған 1,6 мың адамды анықтап, жауапқа тартып жатыр. Оның ішінде 351 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүр­гізілуде, ал 546 іс сотқа жолданып, 1069 адам сотталған. Сол 1069 сот­талғанның тек 112-сі немесе 10,5 пайызы ғана нақты бас бостан­дығынан айырылған екен. Сенат депутаты Нұржан Нұрси­патовтың сөзінше, осы жолы 1,5 мыңнан астам адамға ра­қым­шы­лық жасалуы мүмкін. Осы­лайша, заң қа­былданғаннан кейін бас бос­тандығынан айыру орын­да­рынан 42, келесі жылдың бірінші жарты­сында тағы 49 сотталған босатыл­мақ. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жа­заларға сот­талған 851 адамның шартты мер­зімдері мен бас бос­тандығын шек­теу мерзімдері қыс­қарады. Заң жобасына сәйкес, 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіз­діктерге байланысты құқыққа қарсы әрекеттерге қа­тысқан адам­дар, сондай-ақ олар­дың жолын кесу кезінде қыл­мыстық құқық бұзушылықтарға жол берген құқық қорғау орган­дарының қызмет­керлері мен әс­кери қызметкерлер де рақымшы­лыққа ілінуі мүмкін көрінеді. «Қыл­мыстық теріс қы­лықтар, онша ауыр емес және ауыр­лығы орташа қылмыстар жа­саған тәр­тіп­сіздіктерге қатысу­шыларға қа­тысты қылмыстық істер тоқтаты­лады. Олар бойынша сотталған­дар жазадан босатылады, ал жа­засын өтегендерден сотты­лығы алып тасталады. Егер сот­талған адамға осы заң қол­данысқа ен­гізілген күні бір жылдан аспай­тын жазаны өтеу қалса, негізгі жаза оның барлық өтел­меген мерзіміне қысқартылады. Ауыр емес және орташа қылмыс жасаған 125 адам жазадан босаты­лады. Ауыр қыл­мыс жасаған 507 адамға қатысты (тергеу сатысында және соттарда қаралуда) рақым­шылық үкім шы­ғару кезінде қол­данылады», – дейді депутат.
Бақылау комиссиясы жұмыс істеуі керек
Б.Бейсенов атындағы Қара­ғанды академиясы, Қылмыстық құқық және криминология кафе­драсының профессоры Совет Алтайбаев «жазасын өтеушілердің жазасын қысқарту қоғамдағы қыл­мыстың артуына әсер етуі мүмкін» дейді. Әйткенмен рақымшы­лық­тың да өз пайдасы бар. Оның ай­туынша, жеңіл жазаға тартылған немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағандар арасында өз кінәсін мойындап, өткен ісіне шын өкі­нетін көп. Сондықтан ең алдымен рақымшылыққа ілігетіндердің қо­ғамға қауіптілігін, заңға мойын­ұсынушылығын зерттеп-зерделеп, қылмысын қайталап жасамай­тынына әбден көз жеткізген соң ғана ізгілік шарасына іліндірген дұрыс. «Яғни түзелгені дәлелденуі керек. Бұл үшін бағалау комис­сия­сының құрамында мықты ма­ман­дар жұмыс істеген жөн. Сотталу­шының мінез-құлқын, іс-әрекетін медициналық-психологиялық тұр­ғыда тексеру өте маңызды. Жаза өтеудің қажеттілігі болмаған кезде ғана рақымшылық жасала­ды. Сондықтан тек түрме халқын азайту мақсатында жазасын же­ңілдету қоғамда олардың қайта қыл­мыс жасауына кепілдік бол­майды», – дейді ол. Өкінішке қа­рай, тәжірибеде жазасының жар­тысын өтеп, сырттай түзелген деген баға беріп шыққандардың алысқа ұзамай қайта қылмысқа барған жағдайлары жетіп арты­лады. Сол үшін Совет Алтайбаев «Рақымшылыққа іліккен Қаңтар оқиғасы қатысушыларының қа­уіптілік дәрежесі медициналық-психологиялық тұрғыда бақылау комиссиясының жіті тексеруінен өтуі керек» деп отыр.
Рақымшылыққа ілінетіндер қалай іріктеледі?
Соңғы күндері «Рақымшылық туралы» заң жобасы қызу талқы­ланып жатыр. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер маңызды құжаттың тиімсіз тұстары барын жасырмай­ды. Құжатты талқылауға қатысып жатқан жұмыс тобының мүшесі, заңгер Айман Омарова рақым­шылықты кімге пайдалану керек деген мәселе күн тәртібіне шығу қажеттілігін айтады. «Рақым­шы­лыққа ілінетіндер қалай іріктеледі? Мәселе осында. Мысалы, Қаңтар оқиғасына кімнің қашан қатыс­қаны, рақымшылықты қандай қылмыстық құрамдарға пайдалану керек, кімге пайдалану қажет, оқи­ғаның Қаңтар оқиғасына қатысы бар ма, жоқ па – соны анықтау өзек­ті болып отыр. Өйткені қыл­мысты зерттеу керек. Кейбір қыл­мыстар дәл сол аралықта болға­нымен, Қаңтар оқиғасына қатысы болмауы мүмкін. Ал Бас проку­ратура 4-7 қаңтар аралығында бол­ған қылмыстарды айтып отыр. Сол уақыт арасындағы жағдай­ларды айтады. Бірақ 4-7 қаңтардан бұрын бүлікке алдын ала дайын­далғандар, одан кейін қылмысын жасырғандар бар. Олардың да қ­а­тысы бар. Солардың ішінде өз ісін мәжбүрліктен жасағандар рақым­шылыққа ілінбей қалуы мүмкін. Көбісі алдын ала істі бағамдамай жатып, білместікпен қылмысқа қатысқан. Ал кейбір адамдар Қаң­тар оқиғасынан тыс ұрлық жасауы мүмкін», – дейді заңгер.
Сондай-ақ, адвокат Айман Омарова азаптауға қатыс­қан­дардың ісі рақымшылыққа ілінбеу керек екенін жеткізді. Әсіресе, отанға опасыздық жасағандар мен азаптауға қатысқандарға, бүлікті мақсатты түрде ұйымдастырып, террористік актіні жасағандарға кешірім болмау керек. Қорыта айтқанда, ізгіліктің игілігін көре­тіндердің тізіміне енетіндер мұқият зерделенбесе, рақымшылық қо­ғамға қауіпті болуы бек мүмкін. Сон­дықтан террористік, экстре­мистік, сыбайлас жемқорлық қыл­мыстар, мемлекетке опасыздық, азаптаулар, кәмелетке толма­ған­дардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарды, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйым­дастырғандарды, қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарды ізгілікті шарадан аластату аса маңызды.