Көгілдір отын көсегені көгертсе игі...
Көгілдір отын көсегені көгертсе игі...
625
оқылды
Қазақстан Үкіметі газға қатысты стратегиясын күрт өзгертті: енді бұрын жоспарланғандай бірнеше облыс қана емес, бүкіл 20 өңіріміз болашақта көмірден толық бас тартып, газға ауыстырылады. Мұндай бетбұрыстың мәнісі жария етілмеді. Сарапшылар қазірдің өзінде газ тапшылығы байқалып отырғанына назар аудартады. Сонымен, бір мезгілде жаңа саясат газды турбиналардың қуатын арттыруды талап етеді. Жаңа стратегия қаншалықты орынды, оны орындауға елдің әлеуеті жете ме? Стратегия сойқан, ал тетігі айқын ба? Ресми деректер бойынша, Қазақстанда бар­лан­ған 300-ден астам кен орнында 170,2 миллиард тон­­надан астам көмір тұнып жатыр. Мемлекетіміз был­тырғы бір жыл ішінде 111 миллион тонна кө­мір өндірді. Қазақ жерінің астын­дағы аста-төк байлық­ты өзіміз ғана тұтын­сақ, ол кем дегенде 17 мың жыл­­ға немесе 170 ға­сырға жетеді екен. Алайда әлемде декарбонизация үрдісі басталды. Соның аясында жердің қызуының көтерілуіне, климаттың шектен тыс жылынуына ықпал ететін көміртекті шығаруды азайту бойынша Қазақстан да өз мойнына міндеттеме алды. Ал көмірден көп көміртек бөлі­нетіндіктен, әлем елдері одан біртіндеп бас тартып жатыр. Осы ен байлықтың үстінде отырған Қазақстан да сол дүрмекке ерді. Үкі­меттің 2022 жылғы 18 шілдедегі №488 қаулысымен бекітілген Қазақстанда газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2030 жылы 13,5 миллион адам тұратын елдің 65% территориясын газдандыру көзделген болатын. Салыстыру үшін айтсақ, газдандыру деңгейі 2021 жылы 9,8 миллион адамды немесе өңірлердің жалпы аумағының 53,07 пайызын құрады. Жоспарға сай, биылғы 2022 жылдың қорытындысында жалпы саны 11 миллион адам тұратын 57,67% аумақ көгілдір отынмен қам­тылуы тиіс. Сонымен бірге «Қазақстанды газ­дан­дырудың 2015-2030 жылдарға ар­налған бас схемасына» Үкімет енгіз­гелі отырған түзетулерге сәйкес, мем­лекет 65 пайызбен шектелмейді. Құ­жатта: «Қазақстанды газдандыруды одан әрі дамыту, жаңа аумақтарды газдан­дырумен қамти отырып, Қазақстан Республикасының барлық өңірін де газбен жабдықтау перспективасы» белгіленбек. Электр энергетикалық қауымдас­тығының есептеуінше, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкіметке бірнеше ба­ғытта қазірден белсенді, тегеурінді әрі ұтымды жұмыс істеу қажет болады. Біріншіден, қолданыстағы кен орында­рынан тауарлық газ өндірісі күрт ұл­ғайтылуы тиіс. Нақтылағанда, тауарлық газ өндіру көлемін 2021 жылғы 29,4 миллиардтан 2030 жылға қарай жылына 42,1 миллиард текше метрге дейін өсіру талап етіледі. Екіншіден, жаңа кен орындарын іске қосу керек. Үшіншіден, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, тауарлық газ ресурстарын ұлғайтқан жөн. Әйт­песе, барланған қорлар таусылады. Газдың ресурстық базасын арттыру үшін Имашев (172 миллиард текше метр газ қоры бар), Хвалынское (166,7 млрд), Қаламқас Теңіз (81 млрд), Каменско-Тепловско-Токаревск кен орындарының тобы (41,8), Рожковское (28,8), Аңсаған (22 млрд) сияқты кен орындарын игере бастау қажет. Төртіншіден, салаға қаражатын салуы үшін инвесторларды ынталан­дырған маңызды. Соның ішінде газ өндірісі саласында жер қойнауын пай­даланушыларға салықтық-фискалдық жеңілдіктер, артықшылық-префе­рен­циялар беруге тура келеді. Бұдан бөлек, өндіруші компаниялар тауарлық газды жоғары бағамен сатқысы келеді. Олар үшін бұл өнімді шетелге экспорттау тиімдірек. Ал мемлекет кө­гілдір отынды неғұрлым арзандау баға­мен сатып алуға мүдделі, бұл халық пен бизнес үшін қолжетімді тариф белгілеу үшін қажет. Демек, баға сұранысы мен ұсынысы арасында екі жаққа да пайдалы болар тұсты анықтау шарт. Салаға санкцияның салқыны тиді ме? Энергетика министрлігінің түсін­діруінше, ел Президенті еліміздің сол­түстік және шығыс өңірлерін газданды­рудың оңтайлы нұсқаларын жасау ту­ралы тапсырма беріпті. Ал өзге өңірлерде газбен қамту көрсеткіші жақсы, 90 па­йыздан асады. Әйткенмен, оларда басқа проблема туындаған: газ тасымалдау жүйесі қатты тозды. Орта есеппен тозу деңгейі 75 пайыздан асты. Мұның сыр­тында жүйенің өткізу қабілеті жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан газбен жаб­дық­таудың жаңа нысандарын салу керек. Бұл қосымша қаражатты талап етеді. Мәскеудің басқыншылық соғысты бастауы, Батыстың Ресейге ауыр санк­циялар салуы да бұл салаға зардабын тигізді. Себебі Қазақстан біраз кен орындарын солтүстік көршісімен бір­лесе игеруге келіскен болатын. Ол уағ­даластықтардан бас тарта алмайды, кен орындары екі елдің шекарасында ор­наласқан. Бірақ Ресей санкция сал­дарынан шетелдік түгіл өз кен орын­дарындағы өндірісті доғаруға мәжбүр. Мысалы, Ресей Еуропалық одақтың өзімен түйісетін шығыс шекарасында миллиондаған текше метр газды алау­ларда босқа жағып жатыр. Өйткені Еуропаға көгілдір отын жеткізілімін тоқ­татты, газ құбырларын алапат жа­рылыс жоқ қылды. Der Spiegel басылы­мының сарапшылары Ресейдің күн сайын 13 млн еуро тұратын 4 миллион текше метр табиғи газды босқа жағып жатқанын есептеп шықты. газ 2011 жылғы сәуірде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Газпром» ЖШҚ арасында келісім бекітілді. Ол бойынша Имашев кен орнының опе­раторы болып «ҚазРосГаз» ЖШС ай­қындалды. 2013 жылғы 11 қарашада Қа­зақстан мен Ресей үкіметтері арасын­дағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын игерудегі ынт­ымақтастық туралы келісімнің хатта­масына қол қойылды. Биыл бұл газ кен орны игерілуі тиіс еді. Санкция сал­дарынан ортақ шекарада Имашев және Хвалынское кен орындарында жалпы 338,8 миллиард текше метр газ қоры игерілмей қалып тұр. Қазір Қазақстанда газ тапшылығы байқалады. Оның бірнеше себебі бар. Құрметті энергетик, техника ғылым­дарының кандидаты Ғалымжан Кәрі­байдың айтуынша, Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысында, барлық өн­дірілген ілеспе мұнай газының ша­мамен 32 пайызы жер қыртысындағы қысымды ұстап тұру үшін жерастына кері айдалды. Тағы 13 пайызы жер қой­науын пайдаланушылардың жеке тех­нологиялық мұқтаждықтарына жұм­салды. Олар одан өздеріне қажетті электр энергиясын өндірді. Қондыр­ғыларында кәдеге жаратты. Нәтиже­сінде, газдың 55%-ы ғана қайта өңдеуге жіберілді. Мол қазына игерілуімен құнды Бұған қоса, өзге елдерден айырма­шылығы сол, Қазақстанда қолданыстағы кен орындары арасында таза газ кен орны жоқтың қасы. Барлық ірі кен ор­нында өндірілетін газ ілеспе компонент ретінде мұнай-газ қоспасынан алынады. Салдарынан газ өндіру көлемі мұнай өндіруге тікелей тәуелді. Қара алтынға тәуелсіз, газ өндірісін арттыра алмайды. Ал мұнай өндірісін ОПЕК шектейтіні мәлім. Саланың тұйыққа тіреле бас­тауының бір себебі де осында. Қазақстанның көмірсутек шикізат қорлары жөніндегі мемлекеттік ко­миссиясы бекіткендей, елімізде алына­тын газ қоры 3,8 триллион текше метрді құрайды. Соның ішінде ілеспе (еріген) газ қоры – 2,2 триллион текше метр. Табиғи (бос) газ қоры – 1,6 триллион текше метр. Барлық барланған газ қорының 95%-дан астамы Қазақстанның батыс өңірлеріне тиесілі. Бұл ретте 85%-дан артығы Теңіз, Қашаған, Королев­ское, Жаңажол мұнай-газ кен орын­дарында және Қарашығанақ, Имашев мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Тарата кетсек, Қашағанда 1 353 мил­лиард, Қарашығанақта 741 миллиард, Теңізде 510 миллиард текше метр газ жатыр. Яғни, мол газ ресурстары қазақ­тың өзінде де бар, бірақ оларды игеру мәселелері толыққанды шешілмеген. Үкімет газды солтүстік көршіден тасымалдау үшін келіссөз жүргізуде.
«Біздің министрлік өңірлерімізді Ресейден газдандыру нұсқасын да қа­растыруда. Бұл нұсқа Қазақстан–Ресей жұмыс тобы аясында, екі елдің энер­гетика министрліктері арасында бел­сенді талқыланып жатыр. Ресей тарапы Қазақстан газды тек нарықтық, «ком­мерциялық бағамен» сатып алса ғана еліміздің солтүстік және шығыс өңір­лерін газдандыру нұсқаларын қарас­тыруға дайын екенін мәлімдеді. «Са­рыарқа» магистралды газ құбырын жал­ғастыру арқылы солтүстік облыс­тарды газбен жабдықтау жобасы да қарастырылады. Онда ұзындығы 298,1 шақырым магистралды газ құбыры тұрғызылуы тиіс. Жобаның болжамды құны 182,1 миллиард теңгеден асады. 143 елді мекен немесе 420 мың адам газдандыруға қол жеткізеді», – деді министр Болат Ақшолақов.
Үкімет бүгінде қос нұсқаның бірін таңдау үшін тиісті деректерді пысық­тауда. Елдің солтүстік өңірлерін газ­дандырудың түпкілікті нұсқасын әзірлеу бойынша шаралар қабылданатын болады. Бұл Қазақстанды толық газдан­дыру мақсатының түпкі межесін жа­қындата түседі. Қазақ елі газды басқа бір көршісінен де алу мәселесін пысықтап жатыр. Таяуда, 15 қазанда QazaqGaz бен «Түрік­менгаз» түрікмен газын импорттау ту­ралы контрактіге қол қойды. Қазақстан Түрікменстаннан жылына 1,5 миллиард текше метр газ импорттауға мүдделі. Елімізде ірі газ өңдеу зауыты са­лынса, автогазға қатысты да біраз мә­селе шешілер еді. QazaqGas ұлт­тық компаниясы Қашағандағы 2 және 6 миллиард текше метр газ өңдей ала­тын 2 ГӨЗ салу үшін инвестор іздеп жа­тыр. Үкімет оған италиялық Eni ­ком­­паниясын тарту үшін келіссөз жүр­гізу үстінде. Қорыта айтқанда, сарапшылар елді газдандыру перспективасы жақсы екенін айтады. Бірақ оған жету үшін қазіргі қордаланған мәселелер шешілуі тиіс. Мол газ ресурстарының үстінде оты­рып, оған жарымаған, әрине жа­рамайды.