Әйтеке бидің шын бейнесі табылды
Әйтеке бидің шын бейнесі табылды
1,212
оқылды
Осыған дейін ғалымдар Кіші жүздің биі, мемлекет қайраткері Әйтеке Байбекұлының шын бейнесі сақталмады деп келеді. Алайда отандық тарихшылардың бірі бидің көзі тірісінде салынған портретін тауып, оны баспасөз беттерінде жариялағаны белгілі болды. Жуырда «Караван» газетіне берген сұхбатында антрополог Оразақ және Айнагүл Смағұловтардың бидің 300 жыл бұрын салынған көпшілікке беймәлім портреті мен бассүйегінің қалпына келтірілген нұсқасын салыстырғаны туралы мақала жарық көрді. Онда ғалымдар жақында «Жа­лаңтөс Бахадүр – тарихи тұл­ға» (Алматы, 2018) атты ең­бек­пен танысқаны айтылған. Кі­тапта Өтеген Қойшиевтің Әйте­ке бидің суреті берілген мақа­ласы бар. Ғалым 1998 жыл­дан бері «Әйтеке бидің шын бейнесі қандай?» деген тақырыпта бірнеше зерттеу материалдарын жазып келеді. Осыған дейін белгісіз болып келген суретті де сол кісі алғаш жариялаған. ҰҒА академигі, Болон академиясының коррес­пон­дент-мүшесі Оразақ Сма­гұлов­тың айтуынша, соңғы жаз­ба­сында Өтеген Қойшиев 20 жыл бойы Әйтеке бидің жаңа суретіне ешкім мән бермегеніне қапа­ланған. «Ғалым өз еңбектерінде бұл портрет қалай бүгінге жеткенін айтпаған. Өкінішке қарай, автор былтыр дүниеден озғандықтан суретті қайдан, қалай алғанын білмейміз. Бірақ мақалада автор испан суретшісі Хуан Харис 1698 жылы Әйтеке биді көзі тірісінде бей­нелеп алғанын айтқан. Ав­тор­ға сенсек, сурет 300 жыл бұ­­рын салынған. Алайда оның осы күнге дейін қайда сақталып, ав­тор­дың қолына қалай түскені бел­гісіз. Мақаланың тағы бір түсі­ніксіз жері – сурет Әмір Те­мір­дің тұсындағы халқаралық ке­лісім кезінде салынғаны. Ал Әмір Темірдің ХIV ғасырда өмір сүр­гені, суреттің ХVII ғасырда са­лын­ғаны белгілі», – дейді ғалым. Антропологтар бұрын Әйтеке би­дің бас сүйегінің қалпына кел­ген нұсқасымен таныс болған­дық­тан, бірден қолдарына түс­кен суретті сол деректермен са­лыс­­тырып көреді. «Қазіргі Өзбекстан аумағын­дағы Нұрата кентінде Әйтеке би­дің мазары бар. Ауыз әдебие­ті­нен жеткен дерекке сүйенсек, би сол жерде жерленген. Алай­да жаз­баша деректер жоқ. Біз 2005 жылы сол қорымда қазба жұмыстарын жүргізіп, бас сүйек­ті Мәскеудегі М. М. Ге­ра­симов атын­дағы антро­по­ло­­гиялық зерт­­ханаға қалпына келтіруге жі­бер­дік», – дейді Оразақ Смағұлов. Ғалымдардың пікірінше, қал­пына келтірілген бас сүйек не­гізінде жасалған бюст пен су­рет­тегі Әйтеке бидің бейнесі ұқсас болғандықтан, екеуін бір адам деп санауға болады. «Екеуінің арасы 300 жыл бол­са да, бюст пен портреттегі адам­ның бет бейнесі қатты ұқсайды. Суретші портретті адамның жы­ны­сына, жасына, бет әлпетіне, мі­незіне қарап салады. Ал бас­сүйекті қалпына келтіру ке­зін­де сүйектің рельефі мен жұм­­сақ тіндерді негізге алады. Сон­дық­тан антропологияда адам бейнесі тек нейтралды түрде беріледі. Осыны ескере отырып, екі бейненің бірдей өлшемдегі нұсқасын салыстыру керек», – дейді Оразақ Смағұлов. Екі бейненің арасындағы бірінші айырмашылық суреттің салыну кезеңі мен бидің қайтыс болған уақыты. Екі оқиғаның арасында екі жыл өткен. Алайда бастысы екеуінің де тұранойдтық нәсілге жататыны. Екеуінде де бет келбетінің биіктігі мен ені бірдей. Мұрындары да ұқсас. Бет сүйектерінің жалпақтығына келетін болсақ, көлденең бұры­шы да бір деңгейде. Екі бейнеде айырмашылықтан гөрі ұқсастық басым. Яғни, қайта қалпына кел­ті­р­ілген бюст пен суретші сал­ған портретте бір адам – Әй­те­ке би бейнеленген деуге негіз бар.   Барыс НҰРЛАН