Димаш жоспарымен бөлісті
Димаш жоспарымен бөлісті
270
оқылды
9 наурыз күні Ресей астанасында өтетін Димаштың концертіне ар­нал­ған журналистермен бейрес­ми басқосуды Игорь Крутой ашты. Ол қазақстандық әншінің кеші сәтті ұйымдастырылатынына күмән кел­тір­­мейтінін айтып, бұдан бұрын­ғы концерттерді еске түсірді. Соны­мен қатар жас досына шығар­ма­шы­­лық табыс тіледі. Мәскеуде өтетін концерттің мән-жайы туралы Димаштың өзі айтып берді: «Бағдар­ла­маны «Арнау» деп атадық. Біз басқа елдерде, соның ішінде АҚШ-та бірнеше концерт қойдық, қазір Мәскеуде әсерлі кеш өткізуге дайындық үстіндеміз», – деді ол. Қазақстандық әнші өз концертінің әрқай­сысы бір «емтихан» екенін айтып әзіл­де­ді. Онда көрерменді алдауға болмайды. Димаш Игорь Крутойға да ризашылығын жеткізіп, бала кезінен бастап ресейлік ком­по­зи­тор­мен жұмыс істеуді армандағанын айтты. Өз ке­зегінде ресейлік композитор «Димаш құбы­лысы» деген ұғымның мән-маңы­зына тоқталды. «Димаштың ерекше дауысы, қайталанбас ырғағы бар. Оның музыканы өзі арқылы өткізуі өте маңызды. Өйткені ол керемет дарын­ға ие. Ал мен оның сауатты жанкүйері­мін! Себебі қанша тырыссам да, оған ұқсай алмайтыныма анық көзім жетеді. Оның таланты биік», – деді И.Крутой. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев алда өтетін Димаштың концертінде көрермен көптеген жаңалық пен өзгеріске куә болаты­нына уәде берді. «Дәл қазіргі таңда концерт қойып, бейне­таспалар түсіруді қолға алып жүрмін. Барлық турлардан кейін, әрине достарыммен демалғым келеді. Жұмыс кестесі мен концерт­тер әзірге босаңсуға мүмкіндік бермейді. Алайда мен бұған қиналмаймын, өйткені музыкасыз, шығармашылықсыз, қауырт жұмыссыз ұзақ өмір сүре алмайтынымды түсіне­мін», – деді әнші. Димаш кішкентай арманы туралы – қазақ тілінде жаһандық хит шығару жайын да тілге тиек етті. Мәселен, K-pop музыкасы арқылы бүкіл әлем корей тілінде ән шырқады. Қазақ­стандық әнші де жаңа әндерінің бірі дәл осындай нәтиже көрсетеді деген үмітте. Себебі «музыкада шекара мен ұлт жоқ». Димаштың бұл бағыттағы ойын әкесі жал­ғастырды. «Хит туынды тіл таңдамайды. Оның әндерін қазақ тілінде әртүрлі елдің тұр­ғындары қалай шырқайтыны мені шы­ны­­мен таңғалдырған болатын. Мысалы, Америкада өткен концертте 54 мемлекеттен келген жанкүйері болды, 44 штаттан келген көпшілік стадионда Димашпен бірге ән шыр­қа­ды. Орыс, қазақ және басқа тілдерде. Бұл – өте керемет! Көрермен өз әншісінің шы­ғар­­ма­ларын жақсы көретін болса, оған тіл де, ұлт та кедергі бола алмайды», – деді Қанат Айтбаев. Димаш Қытайдағы жанкүйерлерінің жағ­дайы­на да ерекше назар аударды, дәрігер­лер қауіпті коронавирусты емдеудің жолын тезірек табатынына сенімін білдірді. Басқосу соңында Димаш эксклюзивті жоспарымен бөлісті. Мәселен, ол өзінің рэпер досымен жаңа ән дайындауда. Сон­дай-ақ қазақстандық талант тағы бір жаңа ком­позицияны Мәскеудегі концертте көп­ші­лік назарына ұсынбақ. Алайда бұл туралы да толық айтқан жоқ.   Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ