Қонаев қаласы тың қарқынмен дамиды
Қонаев қаласы тың қарқынмен дамиды
792
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдің жұртшылығымен кездесті. Президент кездесуде өлкенің еліміз үшін ерек­ше орны бар екенін атап өтіп, облысты бөлек әкімшілік аумақ ретінде құрудың және оның орталығын Қапшағай жағасына көшірудің маңыздылығына тоқталды.
– Жұрттың өтінішіне сай қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Мұны шын мәнінде, тарихи әділдіктің орнауы және халықтың ортақ қалауы деуге болады. Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы енді тың қарқынмен дамитын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл қадам өңірдегі әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге жол ашады. Алматы облысының экономикалық әлеуеті зор, инвестициялық мүмкіндігі де өте жоғары. Алайда аймақтың жетістіктерімен қатар, шұғыл реттелуге тиіс мәселелері де баршылық. Президент осы мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жергілікті әкімдік пен Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бірінші кезекте аймақтың территориялық теңгерімді дамуын жолға қою маңызды міндет. Бұл бағыттағы ең бас­ты көрсеткіш – азаматтардың әлеуметтік маңызы бар қызметтерге тең дәрежеде әрі кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту. Жыл басынан бері өңірде 686 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­геніне қарамастан, пәтер мәселесі аймақтың ең өзекті проблемасы болып отыр. Облыстың саяжай алаптарында 180 мыңнан аса адам өмір сүруде. Бұған қоса, аймақта ескі, апатты жағдайдағы үйлер өте көп, коммуникация желісінің тозығы жеткен. Мемлекет басшысы Үкіметке облыс орталығын дамыту мәселелерін шешуде әкімдікке қолдау көрсетуді тапсырды, сондай-ақ еліміздің барлық аймағын қаланы өркендетуге атсалысуға шақырды.
– Облыс орталығын Қонаевқа көшіру жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй қорын ұлғайту, инфра­құрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру жос­парын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынады, санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы «ақылды» қала ретінде дамыту керек. Жаңа облыс орталығына жаңа бас жоспар керек. Онда маңыз­ды ғимараттар, сәулетті ансам­бльдер мен нысандар салу үшін архитектуралық байқау ұйымдастыруды қарастырған жөн. Қаланың өзіне тән бірегей стилі болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Алматы облысы халқының саны ең көп аймақ­тардың қатарында екенін ескеріп, мұнда білім беру және медицина инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда мұның өзі жет­кіліксіз. Қазір облыс тұрғындары дәрігерге қаралу үшін көбіне Ал­матыға барады. Сондықтан ден­сау­лық сақтау мекемелерінің тап­шы­лығы қатты сезілмей отыр. Бірақ қаланың мүмкіндігі шексіз емес. Шаһардың медицина инфрақұ­рылымы шамадан тыс жұмыс істеп жатқаны белгілі. Енді облыс әкім­дігі қай жерге, қанша емдеу ме­ке­месі қажет екенін мұқият зерде­леуі керек. Қонаев қаласы Сонымен қатар Қасым-Жо­март Тоқаев аймақта үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі ше­шімін таппай келе жатқанын атап өтіп, 52 мектепте балалардың үш ауысыммен оқып жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, мектеп құрылысына мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік арқылы бизнес өкілдерін жұмылдырған жөн. Сондай-ақ алдағы жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 39 мектеп салынады. Сондай-ақ Пре­зидент Алматыға шамадан тыс жүктемені азайту үшін келешекте Қонаевта «академиялық қалашық» құру идеясын ұсынды.
– Ірі қалалардың жанынан инновациялық орталық құрған елдер аз емес. Үкімет бұл мәселе бо­йынша жаңа жылға дейін нақты ұсыныс берсін. Әрине, жастардың Алматы сияқты ірі қалада оқып, жұмыс істегісі келетіні түсінікті. Дегенмен Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Бұл жақта жатақхана салуға жер жеткілікті, пәтер жалдау да қымбат емес. Құзырлы министр­лік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен кол­ледждердің бөлімшесін ашу мә­селесін қарастыруы керек. Сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу жайын ойластыруы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңдеу өнеркәсібін дамытуды келесі бір маңызды мә­селе ретінде атады. Оның ай­туын­ша, Алматы облысы өңдеу өнер­кәсібін дамытуға зор үлес қосып келеді. Облыс азық-түлік, сусын­дар, қағаз бұйымдарын, пластик құбырлар мен өндірістік-ша­руа­шылық мақсатта қолданылатын заттар өндіру жөнінен көш бастап келеді. Құрылыс материалдарының 70 түрін шығаратын өңірдің бүкіл елдегі құрылыс индустриясына негізгі өнім жеткізуші болатындай мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы Алматы облысының энергетика саласын­дағы әлеуеті зор екеніне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда ай­мақта жүзеге асып жатқан Шелек дәлізіндегі жел электр стансасы, Райымбек ауданындағы шағын ГЭС және Еңбекшіқазақ ауда­нын­дағы Бартоғай ГЭС-і секілді ірі жобаларды қоса алғанда, жаңар­тылатын энергия көздері бойынша 24 нысан бар. Облыста өндірілетін энергияның 20 пайызы осы стан­саларға тиесілі. Бұл – жақсы көр­сеткіш. Алайда еліміз көміртегі мөлшерін азайту міндеттемесін алғанын ескерсек, бізге жаңарты­латын энергия көздерінің жиын­тық қуатын әлі де арттыра түскен жөн. Оның үстіне, электр энер­гиясын тұтыну қарқынының ұдайы өсуіне байланысты энергия тапшылығы қазірден сезіле бас­тады. Осы орай­да Президент атал­ған мәселенің тиімді шешімінің бірі атом электр стансасын салу екенін атап өтті. Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ал­маты облысының мүмкіндігі мол екеніне тоқталып, өңірдегі ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалану үшін бірқатар міндетті шешу керек екенін айтты. Өйткені өңірдегі арықтар мен каналдар әбден тозған. Бұл жағдай суармалы жерлерді игеруге кедергі келтіріп отыр. Судың көбі жерге сіңіп, бос­қа ысырап болуда. Соның кесірінен трансшекаралық өзендерге тәуел­ділік артып барады. Су тапшы­лығынан 80 мың гектар суармалы жер игерілмей бос жатыр. Биыл Алматы облысының суару жүйесін ретке келтіру үшін республика бюджетінен 5,7 миллиард теңге бөлінді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Үкімет бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қаржыны көбейту мәселесін қарастыруы керек. Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ іске қосылғаннан бері оған бір де бір рет күрделі жөн­деу жүргізілмеген. Президент Әкім­дік пен Үкімет бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс екенін жеткізді. Мемлекет басшысы жиында сөзін қорытындылай келе, об­лыстың дамуына еңбегі сіңген бір­қатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Пре­зидент кездесуден кейін Дінмұ­хамед Қонаев ескерткіші жанын­дағы аллеяда қаланың қалыпта­суына үлес қосқан еңбек ардагер­лерімен, республикаға, облысқа танымал спортшылармен жүздесті. Қ.Тоқаев Алматы облысының ор­талығын Қонаев қаласына кө­шіру туралы шешімі өңірді өркен­дету үшін маңызды қадам болғанын атап өтіп, енді қала одан әрі қар­қынды дамитынына сенім білдірді. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев G4 City жобасымен танысты. Алматы – Қонаев автома­гистралінің бойында орналасатын G4 City жобасы аясында Gate District, Golden District, Growing District және Green District атты төрт заманауи аудан салынады. Мемлекет басшысы аталған жоба бұрыннан талқыланып келе жат­қанын еске салып, инвесторлордан жобаның жүзеге асырылу мерзімін нақтылады. Сондай-ақ Президент инвесторларға G4 City қаласында қолжетімді баспана салу, қала орналасатын аумақ халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып, жобаның әлеуметтік жағына да мән беру керек екенін айтты.