Диқанның құты қашпасын десек...
Диқанның құты қашпасын десек...
727
оқылды
Астықшылар Азаттық мерекесіне үлкен тарту жасады: миллиард пұт астық жинады. Ауыл шаруашылығы министрі бұл көрсеткіш барлық оптимистік болжамнан асып түсті деп шаттанды. Себебі биыл астық шығымдылығы әлдеқайда аз болады деп күтілген. Аграршылар бабаларымыздың «арық айтып, семіз шық» деген аталы сөзіне сай болды. Дегенмен, салада көңілге қаяу түсірер күрмеулі проблемалар қордаланған. Сол астықты тасуға вагон жетпей жатыр. Тасымал тарифі екі есе артты. Ал Қазақстанды дәстүрлі экспорттық нарықтарынан Ресей ығыстыруда. Ел мерейін ерен ерлер өсіреді Елде орақ науқаны аяқталып та қалды. Мысалы, 2021 жылы егін жи­нау 17 қарашада ғана соңына жет­кен. Ал биыл фермерлер бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдар өскен барлық алқаптың 15,9 млн гектарынан немесе 99,5%-ынан қар түспей тұрып, астықты жинап алды. Бұл да қуантарлық жетістік. Кеңес кезіне осыдан кейін елде қаптаған Социалистік Еңбек ері пайда болатын. Ол заманда барлық сту­дент, оқушы, тіпті армияны жұмыл­дырып жинайтын миллиард пұтты қазіргі аграршыларымыз ың-шың­сыз, өз күшімен-ақ өсіріп, қамбаға құя алды. Олардың арасынан озат­тарына таяуда Астанада өткен слет­те ауыл шаруашылығы министрі мемлекеттік наградалар табыстады. Жаппай егін орудың аяқталуына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық диқаншыларды орасан табысымен құттықтап, ерен еңбектерін атап өтті. Мемлекет бас­шысы астықшыларымыздың жо­ғары кәсібилігінің, ісіне адал­ды­ғының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық да­мудың басты қозғаушы күшіне айналғанына екпін түсірді. Жалпы, астық деген сөз ауыл шаруашылығы дақылдарының бә­рін қамтиды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл бункерлік сал­мақ­та небары 19,5 млн тонна астық бастырылады деп жоспарланыпты. Ал енді бұл көрсеткіш 21,7 млн тоннадан асып түсті. Бұл қоры­тын­ды сан емес, алда шамалы өседі. Соның ішінде 2022 жылы бун­керлік салмақта бар-жоғы 13,4 млн тонна бидай жиналады деп болжан­ған. Қуаныштысы сол, қазір 16,3 млн тоннадан астам бидай алы­нып­ты. Ауыл шаруашылығы министрі «түпкі нәтиже ең батыл болжам­дардан кем дегенде 1 миллион тон­наға асып түскенін» мәлімдеді. Салыстыра кетсек, өткен 2021 жылы Қазақстан 11,8 млн тонна ғана бидай жинады. Салдарынан ас атасының шикізаты өзімізге жетпей қалуы мүмкін деген қауіп туып, ел Үкіметі бүкіл жаз бойы бидай мен ұнның шетелдік экспортын шектеп тастады. Жаңа астықтың бітік шы­ғуына байланысты Үкімет 14 қыр­күйекте экспортқа шектеуді жойды. Бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдардың шығымдылығы 2022 жылы бір гектардан 13,5 центнерден айналды. Былтырғыдан тәуір: 2021 жылы шығымдылық әр гектардан небары 9,3 центнерден келген. Ауыл шаруашылығы минис­трінің орынбасары Бағлан Бекбауов қазан ортасындағы жағдай бойын­ша 1,9 млн гектар алқаптан майлы дақылдардың 55,7% жиналғанын, жалпы түсім 1,5 млн тоннаны құра­ғанын жеткізді. Картоп 185,1 мың гектардан немесе бүкіл алқабының 93,8%-ынан жиналды, жалпы түсім 3,8 млн тонна. 161,2 мың гектар егістен көкөністің 93,4% жиналып, түсім 4,6 млн тоннаны құрады. Қажымас еңбегінің арқасында егіншілеріміз отандық нарықты астыққа қарық етті, сонымен бірге сапасы әлемде жоғары бағаланатын қазақ бидайын шет мемлекеттерге саудалауға жол ашылды. Астықшылар қаптаған қыспаққа тап болды Әйткенмен, дәл осы тұста, яғни тасымалдау мен экспорттауда үлкен тосқауылдар мен түйткілді проб­лемалар туындап жатыр. Себебі, елі­міздің орталығы мен солтүс­ті­гіндегі мол астықты оңтүстікке жет­кізу мұңға айналыпты. Фер­мерлер мен трейдерлер жеткізі­лім­дердің кешігіп жатқанына ша­ғым­дануда. Оған теміржол желісінің шектен тыс жүктелуі және локо­мотивтердің жетіспеуі себеп. Мы­салы, вагондар астық артылып жөнелтуін күтіп, босқа қаңтарылып тұрған көрінеді. Оларды тіркеп алып, сүйрей жөне­летін локомотив тапшы. Министр Ербол Қарашөкеев проблеманы шешуге уәде етті.
«Аграршыларымыз кезіккен түйткілдер туралы білеміз. Бүгінде вагондарды ұсыну, астықты жет­кізу уақытынан кешігіп жатқанын кө­ріп отырмыз. Сіздерді сендіргім келеді: мүдделеріңізді қорғау үшін, сіздерге экспорттық әлеуеттері­ңізді іске асырып, астықты дәс­түр­­лі өткізу нарықтарына шы­ға­ру­ға көмектесу үшін біз қолдан кел­ген­нің бәрін жасап жатырмыз», – деді Ербол Қа­рашөкеев KazAgro/KazFarm-2022 халықаралық аграр­лық көрме аясында өткен Егіншілер слетінде.
Бірақ мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Астықшылар және ас­тық экспорттаушы трейдерлер өнімді ішкі нарыққа, өз облыста­рымызға жеткізу үшін де, сондай-ақ жаһандық нарыққа тасымалдау үшін де вагон жетіспей жатқанын айтып, дабыл қақты. Қазақстанда кезінде жекеше­лендіру жүргізілгенде астық тасушы вагондардың басым көпшілігі «Ас­тық Транс» компаниясының қо­лына көшкен. Бұл компания вагон жеткілікті екенін, алайда «тәулік бойғы жүктеуге қатысты Қазақстан темір жолы енгізген шектеулерге байланысты қазан айында астық тасу өтінімдерінің орындалмай қалу қаупі төнгенін» мәлімдеді. Өйткені вагон паркінің бір бөлігі астық тиелуін күтіп, босқа тұрған көрінеді. Компания өз хабарла­ма­сында экспортқа емес, бірінші ке­зекте ішкі республикалық бағыт­тарда астық жөнелтуге басымдық бергенін және соған бар күшін салатынын мәлімдеді. астық Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жаңа астықты сапалы тасымалдауды қам­тамасыз ету үшін өз жанынан арнайы штаб құрды. Сонда барлық тараптың басын қосып, дүркін-дүркін жиналып, туындаған мәсе­лелерді және олардың шешу жол­дарын пысықтайды. Теміржол бө­лімшелерінде Жедел астық топ­тарының тәулік бойғы жұмысы жолға қойылыпты. ҚТЖ мысалы, Қостанай стансасының қызметіне кешенді тексеру жүргізілгені жө­нінде хабардар етті. Стансаның маневрлік жұмысын жеделдету үшін оған басқа стансалардан қо­сымша маневрлік локомотивтер бағытталған. Вагондарға тұрақ орын жетіспегендіктен, стансаның Солтүстік паркінің тұйық жолдарын ұзарту жоспарланып отыр. Дегенмен, тасымал қарқыны баяу екені аңғарылады. 2022 жылғы 7 айда 5,1 млн тонна бидай жүкте­ліп, жөнелтілгені, оның 4 миллионы жаһандық нарыққа жол тартқаны жария етілген. Бірақ ол кезде елде шектеу болған еді (бидай мен меслиннің айына – 1 млн тоннасын, ал бидай ұнының – 300 мың тонна­сын ғана сыртқа өткізуге рұқсат етілген). Артынша Қазақстан темір жолының желісі арқылы биылғы 9 айда 6 млн тонна бидай ғана та­сылғаны анықталды. Оның 4,6 млн тоннасы шетелге бет алған. Яғни, шектеу жойылса да, экспорт күрт артпады. Мультипликативті проблеманы кешенді шара тыяды Бұл проблемалар аз болғандай, дәл астық тасу науқаны қызған шақ­та Астық Транс өз тарифтерін екі есе қымбаттатып жіберді. «Ас­тық Транс» АҚ бірінші вице-президенті Сергей Мосолкин бұған баруға мәжбүр болғанын айтып, ақталады. Ол компания бұрынғы өтінімдерді орындап жатқанын, жаңа өтінімдерді қабылдамауы мүмкін екенін ескертті.
«Ішкі мартшруттарда вагондар бағасы экспорттыққа қарағанда шамамен 30% арзан болатын. Мұ­ның әлеуметтік маңызы барын тү­сінгендіктен, бір жарым жыл бойы ішкі бағыттарға тариф көтермедік. Тарифтердің төмен болуы және вагондардың айналымының азды­ғы салдарынан, 2021 және 2022 жыл­дары ішкі қазақстандық тасы­малдар Астық Транс үшін шығынды болды. Біз бұған ұзақ төзе алмас едік. Мұның сыртында бүгінде та­сымал маусымы шырқау шегіне жетті. Астық тасушы вагондар баға­сы да айтарлықтай қымбаттады. Саладағы бағаны нарықтық тетік­тер айқындайды. Оның үстіне отан­дық нарық ашық, онда біз жалғыз вагон операторы емеспіз. Ресейлік экспедиторлар да кіре алады. Біздің бағамыз бәсекелестерден жоғары емес», – деді Сергей Мосолкин.
Оның түсіндіруінше, экспеди­торлардың көбі вагонын ұсынғанда клиенттен жеткізудің нормативтік мерзімі үшін ғана ақы алады. Дегенмен, локомотивтердің жетіс­пеуі, теміржолдың жүктелуі және басқа кедергілер салдарынан вагон жолға іс жүзінде 20-40% артық уақыт жұмсайды. Оның шығынын вагон иесі көтереді. Сол себепті вагондардың теміржол желісімен қозғалыс мерзімінің артуы аграр­шылар мен трейдерлерді ғана емес, вагон иелерін де шығынға отыр­ғызады. Яғни, бұл проблеманың теріс мультипликативтік әсері бар. Сарапшының мәліметінше, қазақстандық компаниялар астық тасушы вагондарды әлі күнге Ресейден сатып алуға мәжбүр. Ал рубль қымбаттады. Былтыр бір вагон 3,4 млн рубль немесе 19,4 млн теңге тұрса, биыл бұл баға кем дегенде 4,1 млн рублге немесе 32,8 млн теңгеге дейін шарықтаған. Қымбаттау 70%-ға жетті. Бұл жағ­дайда ескі тарифтерді сақтау қиын. Астық өндірушілер мен трей­дерлер де толарсақтан проблема кешуде. Мәжіліс депутаты Бауыр­жан Сартбаев олардың әлемдегі ең жақсы бағадан айырылып қалғанын айтады. Кремль көрші елге шап­қын­шылық жасап, Батыс оған қар­сы санкция енгізгенде, жазға қарай әлемде бидай, күнбағыс сияқты ауыл шаруашылығы дақылдарының құны шығандап кетті. Себебі, жа­һандық нарық сұранысының 20 пайызына дейін Ресей мен Украина өтеп келген еді.
«Маусым айында АШМ бидай мен ұн экспортына шектеу енгізді. Онысын таяуда, қыркүйекте ғана жойды. Диқандарымыз тамызда жаңа астыққа қол жеткізді, бірақ шетелге өткізуге қатаң квота мүм­кіндік бермеді. Мұндағы ең үлкен кемшілік сол, отандық өндірушілер әлемдегі ең жоғарғы бағадан қа­ғылды. Бүгінде жаһандық баға тө­мендеді. Соның кесірінен, көптеген фермерлер кредиті бойынша қа­рызын өтей алмай жатыр. Бұған енді басқа проблемалар жамалды. Астық тасушы вагондар жетіспей жатыр. Жүк тасушылар элеватор­лардан астықты қашан тиеп жө­нелтетінін нақты жоспарлай ал­мауда. Шетелдік клиенттермен ара­дағы контрактілер бойынша жет­кізу мерзімі бұзылды. Бұдан бө­лек, тасымалдау жоспарын орын­дамағаны үшін деп ҚТЖ айыппұл салады. Қалпымен шығынға бат­ты», – дейді депутат.
Қазір элеваторлардың көбі аузы-мұрнынан шыға толған. Бұл ретте өркениетті елдерден оқшауланған Ресей Азияға бет бұ­рып, мол астығымен Орталық Азия, Ауғанстан нарығынан Қа­зақстанды ысырып шығаруда. Мә­селен, қазақ бидайын биыл іргедегі Қырғызстан 20 есе аз сатып алған. Қырғыздың Ұлттық статистика ко­митетінің дерегінше, биылғы 8 айда осы елге ресейлік бидай экспорты былтыр­ғыдан 2,3 артыпты. Был­тырғы қаң­тар-тамызда 50,9 мың тоннасын ғана жеткізсе, биыл 117,2 мыңнан асырған. Ал қазақ бида­йы­ның экс­порты 20 есе кеміп, өткен жылғы 72,9 мың тоннадан биыл 3,4 мыңға құлдырады. Оның өзінде малға же­мазық түрінде ең құнсызын алады: 8 айда Қазақстаннан азық-түліктік бидайдың бірде-бір келісін алмаған. Өзге дәстүрлі нарықтарда да ұқсас жағдай қалыптасқан. Қа­зақстан бүкіл астығының 90 па­йызын ТМД елдеріне, Ауғанстанға сатады. Сарапшылар алыс шетелдің нарығын игеруге оралуды ұсынды. Мысалы, Ауғанстан биылғы бірінші тоқсанда 227,4 мың тонна қазақ бидайын небары 58,5 млн долларға сатып алыпты. Ал алыстағы Италия 110,1 мың тоннасын осыған жете­қабыл бағаға, 41,2 млн долларға сатып алды. Яғни, астықты өз ай­мағымызда емес, Батысқа сатқан тиімдірек. Бірақ ол үшін тасымал құнын қайтадан Үкімет субси­диялауы тиіс. Қорыта айтқанда, егіншілеріміздің тынбай еңбек етіп, қамбаға құйған мол астығын ұқсата жұмсап, зор табыс көзіне айналдыру бағытында тиімді шаралар мен пәрменді іс-қимыл талап етіледі. Оның шешімдері бар.