«Жасыл даму» да жарытпады
«Жасыл даму» да жарытпады
© коллаж: Елдар Қаба
672
оқылды
Утилизациялық алым дауының қайта тұтанатын түрі бар. Соңғы уақытта шетелден көлік әкелген азаматтар утилалым құнының қайта өсіп кеткенін айтып, шағымдана бастады. Кезінде «Оператор РОП»-тан құтылып, қуанған жұртшылық жаңа «Жасыл дамуға» өкпелі. Яғни, жаңасы ескісінің жолын қайталамаққа ұмтылатындай.  Баяғы жартас – бір жартас Жыл басындағы келеңсіз оқи­ғалардан кейін халықтың талабы­мен утилалым мәселесі қайта қа­ралғаны есімізде. Автокөлік ие­лерінен жылдар бойы негізсіз алым жинап келген «Оператор РОП» атты жекеменшік фирма жойылып, жиналған ақшасын же­­ңілдетілген автонесие ретінде таратқан еді. Осы арқылы қоғам­ның сенімі ояна бастаған. Утил­алым мөлшері 50 пайызға ке­мі­генде жұрт шетелден өзі қала­ғандай автокөлік әкелетініне қуанған. Құдды, көлік арзан­дай­тындай көрінді. Дегенмен бұлай емес сияқты. «ӨКМ Операторы» ЖШС орнына Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалған мемлекеттік «Жасыл даму» АҚ-ның жұмысындағы олқылықтар мен түсініксіз тірліктер азамат­тардың шағымын тудыра бастады. Мәселен, таяуда ақтөбелік қоғам белсендісі Асланбек Есов Эколо­гия, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігін мен «Жасыл да­му» ұйымын сотқа беру үшін құ­жаттар жинап жатқанын мәлімдеді.
– 2022 жылы 2 маусымда Toyota Hilux 2.7 пикапы үшін ути­лизациялық алым төледім. «Жа­сыл даму» сайтында 1 млн 148,6 мың теңге алым төлеуім қажеттігі көрсетілген есепшот шықты. Бұл сома қайдан шықты деп байыбына барсам, алым құнын автомо­биль­дің толық массасынан есептепті. Толық масса дегеніміз – багажы толтырылған және салонына жо­лаушылардың толық саны отыр­ған кездегі салмағын қоса алғанда, көліктің жүктелген жалпы салма­ғы деген сөз. Осыдан сұрақ туады. Әрине, оған сену қиын, бірақ егер осы машина ұзақ жыл шыдап, ақыры утилизацияға дейін жетсе, онда оны жоюға тапсырған адам­нан багажын жүкке, ал салонын жолаушыларға толтырып әкелуді талап ете ме? Солармен бірге жоя ма? Мұны қайдан шығарып жүр? Адамдарды кез келген жолмен көбірек төлеуге мәжбүрлемек пе? Аталған көліктің өз массасы, бос салмағы 2100 келі ғана. Бұл жағ­дайда алым сомасы екі есе аз болуға тиіс. Бұлар оның толық салмағын басшылыққа алып отыр, – деп ашыныпты азамат.
Қоғам белсендісі салаға жа­уапты Экология министрлігінен жауап күтетінін жеткізген. Соның негізінде сотқа талап арыз түсіруге ниетті. Қолында барлық құжаты бар. Сонымен қатар Асланбек Есов қазақстандықтарды маза­лаған тағы бір маңызды пробле­маға назар аудартты.
– Мен автомобильді сатып алғанда, утилалымды толық төлеймін. Бірақ біраз уақыттан соң ол машинаны басқа елге сатып жіберемін. Мұндай дерек­тер жетерлік. Бұл жағдайда «Жа­сыл даму» маған әлгі қызметті көр­сетпеген болып шығады. Се­бебі көлікті кәдеге жаратқан жоқ, жарата да алмайды. Ендеше ол менің төлеген ақшамды толық көлемде қайтаруға міндетті. Заң да, қисын-логика да осылай дейді, – деді ол.
Алайда бұл заңнамада мүлде қарастырылмапты. Бұрынғылар «Оператор РОП» ЖШС-іне ар­налған заңды да соған қолайлы етіп жазды. Заңнамада ӨКМ опе­раторы алдында халық пен биз­нестің міндеттемелері ғана тәп­тіштеп жазылып қойылған. Мы­салы, 2021 жылғы 2 қаңтарда қабылданған жаңа Экологиялық кодекстің 332-бабына сәйкес, утилизациялық алым төленетін тауарларды Қазақстан аумағына әкелген жеке және заңды тұлғалар «осы тауарлардың адамдардың өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету мақсатында өзіне кеңейтілген міндеттемелер қа­былдайды». Яғни, оператор ком­панияға алым төлеуі керек. Ал Экология министрлігінің түсін­діруінше, Экологиялық кодекске сәйкес, ӨКМ операторы тек ар­тық төленген соманы ғана қай­тарады. Оның өзінде азамат не өндіруші компания аталған опе­ратор салық органына корпо­ративті табыс салығы туралы дек­ларация тапсырғанға дейін 30 күн бұрын өтініш беріп үлгеруі керек. Бұл талап аталған кодекстің 389-бабының 1-бөлімінің 4-тар­мақ­шасында жазылған. Демек, нор­малардың барлығы әуелде та­разыға салынбастан, бір тарап­тың мүддесі үшін құрала берген. Басты саланы алға бастырмауда Біз осы мәселені бұрын да қоз­ғаған едік. Утилалымның ауыл шаруашылығына орасан зиян тигізіп отырғанын «Ата­мекен» ҰКП-ның Агроөнеркәсіп кеше­ні және тағам өнеркәсібі де­партаментінің директоры Ер­бол Есенеев осыған дейін бізге бір­неше рет айтқан болатын. Не­гізі, пайдалану мен жөндеудің тех­никалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен ауыл шаруашылығы саласындағы бас­қа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Бізде техникалардың тозбағаны жоқ, ауылдық жерлерде жарты ғасырға жуық жер жыртып жүрген темір-терсектер де кезігеді. 2019 жылы салада қолданылған техниканың 60 пайызының мерзімі өткені анық­талған. Бірақ бәрі қолда­ныс­тан шығарылмады. Себебі орнын басар жаңа техника жоқ. Енді биыл, арада 3 жыл өтісімен бұл көр­сеткіш 80 пайызға жетті. Жа­ңарта қояр қаржы жоқ, шаруалар шетелден техника алғысы келген күннің өзінде жол тосатын бірне­ше жайт бар.
– Ауыл шаруашылығы техни­касының паркі ескірген соң са­ланың дамуы кенжелеп қалды. Еліміздегі жалпы техниканың 80 пайызы тозған. Барлық шаруаның техникасын жаңартуға шамасы жетпейді. Көптеген ұсақ фермер тіпті отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алмай жүр. Ал импорттық ауыл шаруашы­лығы техникасына енгізілген утилалымы мәселені одан сайын күр­делендірді. Қазір фермерлер өнім­ділігі жоғары ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 миллион теңгеге дейін утилалым төлейді. Бұл аздай, 12 пайыз мөлшерінде қосымша құн салығы бар. Мынадан кейін фермерлер мүлде техникасын жаңарта ал­майды, – деді Есенеев.
Жаңа техникаға утилалым алсын дейміз ғой, мейлі, бірақ Экология министрлігі одан да сорақыға барғалы отыр. Енді ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшектерге де утилалым енгізуді жоспар­лапты. Экология министрі Серік­қали Брекешевтің «Өнді­ру­ші­лердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қол­данылатын өнімнің жекелеген түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығының жобасы талқылауға шығарылды. Бұдан бұрынғы Эко­логия министрі Мағзұм Мырза­ғалиев 2019 жылы ауыл шаруа­шы­лығы техникасына утилизация­лық алым енгізгенін білеміз. Қаңтар оқиғаларынан кейін жа­уаптылар ауыл кәсіпкерлерінің ашынған үніне құлақ асқандай бо­лып, алым сомасын екі еседей азайтты. Бірақ алымды түгел жой­мады. Аздаған жеңілдік саланың дамуына күш бере қойған жоқ, есесіне министрлік бөлшектерге утилалым енгізу арқылы мәсе­лені одан әрі күрделендірді. Ауыз­екі тілмен айтқанда, «зап­час­ті­лер­ге» де утилалым төлейсіз. Бұ­дан кейін шаруалар қалай ашын­байды? Қазір «Атамекен» Ұлт­тық кә­сіпкерлер палатасы бұл ше­шімге үзілді-кесілді қарсы шы­ғып отыр. Палатаның Агро­өнер­кәсіп кешені департаментінің дирек­торы Ербол Есенеев шешім күшіне енсе жағдай тіптен қиын­дайтынын айтып отыр. – Бұйрық жобасында дөңге­лекті тракторлар, жартылай тір­кемелер, соның ішінде ершікті тартқыштар үшін утилалым жи­налатыны көрсетілген. Ал соң­ғы 3 жылдағы ахуалға талдау көр­сеткендей, Қазақстан жыл сайын орта есеппен 5 692 тракторды шетелден тасиды: 2019 жылы – 6 930, 2020 жылы – 5 385, 2021 жылы – 4 763 трактор әкелінді. Бұл техника фермерлеріміз ара­сында үлкен сұранысқа ие. Құ­жаттағы өзге тауарлық позициялар бойынша ауыл техникасын жөн­деуге арналған запастық бөлшек­тердің барлығы дерлік импорт­талады. Тауарлардың аталымы 1 мың­ға дейін жетеді», – деді маман. Мысалы, 2021 жылдың қоры­тындысында, жобада көрсетілген СЭҚ ТН (сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номен­кла­турасы) 8409990009 коды бо­йын­ша запастық бөлшектердің им­порты – 65,1 миллион долларды (шамамен 31,6 млрд теңгені), ал СЭҚ ТН 8708509909 коды бо­йынша – 7,7 млн долларды құра­ған. Есенеевтің айтуынша, қазір ӨКМ операторы ауыл шаруа­шы­лығы техникаларынан алым жи­нап отыр. Яғни, аграршыларымыз, фермерлер ол алымды техника, ауыл шаруашылығы көлігін сатып алғанда бірден төлейді. Енді сол көлік сынып қалғанда, ауыл ша­руашылығы өндірушісіне дәл сол көлікті жөндеу үшін тағы алым төлеуге тура келмек. Сондықтан қосалқы бөлшектерден алым жинауды абсурд деп санаған жөн. Оның үстіне, Экология минис­трлігі қырғидай тигелі отырған қосалқы бөлшектер елімізде шығарылмайды. Ұлттық палата мен ауыл кәсіпкерлері Экология министрлігінің бұл тірлігі ауыл шаруашылығы техникасының қым­баттауына соқтыратынын, ауыл шаруашылығын дамытуға соққы беретінін ескертті. Ескі тә­сілден бас тартпаған жауап­ты­лар ауылды қаусатып тынбаса игі еді. Қорыта айтқанда, қазір «Жа­сыл даму» мен Экология минис­тр­лігінің бағыты ақылға қонбай тұр. Керісінше, көлікті болып, шаруа істеймін дегеннің жолына кедергі қоюмен көзге түсуде. Бұл әрекет ертеңгі күні қоғамда тағы дүмпудің тууына себепкер болса таңғалмаймыз. Жалпы, Экология министрлігінің соңғы кездегі бір де бір жоспары көптің көңілінен шыққан жоқ. Шамасы, Брекешов қол астындағы министрлікті бюджетке молдап қаржы түсіретін құрал ретінде ғана қарайтындай. Ал ескі жолды үлгі тұтқан «Жасыл даму» жаңа жолға түспейтінін анық аңғартты.