Халық қаһарманы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына – 90 жыл. Биыл көрнекті театр және кино режиссерінің мерейтойы өзгеше форматта өтеді. Бұл жылы бас қалада осымен екінші рет өткізіліп жатқан II халықаралық TEATPALL театр фестивалі театр майталманының туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен болатын фестивальға Мәдениет және спорт министрлігі, Халықаралық түркі мемлекеттерінің ұйымы да қолдау білдіріпті.
22-30 қазан аралығында өтетін фестивальға келіп түскен өтініштерде шек болмаған. Алайда іріктеуден өткен санаулы ғана театр ұжымы қатысуға мүмкіндік алыпты. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар егжей-тегжейлі айтып берді. Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировтің айтуынша, фестивальдың символикалық мәні зор. Себебі Ә.Мәмбетовтің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол – қазақ театр өнерін әлемдік кеңістікке алып шыққан ұлы тұлға. Осылай деген ол: «Былтыр фестивальдың бірінші рет тұсаукесерін кестік. Сол кезде де фестиваль – шеберлікті шыңдауға септігін тигізген театр мерекесіне айналды. Биыл да игі шара жалғасын тауып отыр», – деді.
Театр апталығы туралы толыққанды ақпарат берген Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов фестивальға 8 отандық және 6 шетелдік театр қатысатынын жеткізді. Іріктеуден өткен осы 14 театр ұжымының жұмысына театр сыншысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, өнертану кандидаты, Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Мұқан, театр сыншысы, Ресей мемлекеттік сахналық өнер институтының профессоры Надежда Маркарян, театр сыншысы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Жаныш Осмонұлы, Башқұртстан театр сыншысы, өнертану кандидаты Айсұлу Сағитова секілді кіл мықтылардан құралған қазылар алқасы төрелік етеді. Көпшіліктің көңілінен шыққандар 8 номинация бойынша марапатталады. Атап айтқанда, қатысушылар «Үздік қойылым», «Ә.Мәмбетов атындағы үздік режиссерге арнайы сыйлық», «Үздік әйел адам бейнесі», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік сценография», «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі», «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі», «Үздік эпизодтық рөлі» бойынша бақ сынайды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының табалдырығына 1960 жылы бас режиссер ретінде келген Әзірбайжан Мәмбетов отыз жасында-ақ өнер саласына өзгеше леп әкелді. Оған дейін тек шетел азаматтарымен жұмыс істеп келген ұжым алғашында жас маманға жатырқап қараған. Алайда Әзірбайжан Мәмбетов келе сала «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы арқылы театр сахнасына төңкеріс әкелді. Осылайша, дәстүрлі қойылымдарға көзі үйренген ұжым да, көрермен де заманауи қойылымды бірден қабылдады. Тіпті, өзгеше стильде сахналанған қойылым туралы кезінде Мұхтар Әуезов «Сахнаға әдемі күлкі келді» деп жоғары баға берген. Ол қойған спектакльдер бұл күнде қазақ театр өнерінің парағында алтын әріптермен ғана жазылып қалған жоқ. Оның кез келген жерде жол тауып, аяқастынан ауырып қалған әртістің орнына сахнаға шыққанын біреу білсе, біреу білмес. «Бірде Арыстанның рөлін ойнайтын әртісіміз ауырып қалды. Әзірбайжанның өзі сол рөлді сәтті орындап шыққаны бар. Жалпы, оның театр өнеріндегі орнын басатын режиссер әлі жоқ. Бүгінгі режиссерлер оның деңгейіне жетті ме, жетпеді ме, белгісіз. Оның сахналық қойылымдарынан елдің есінде қалатын образ шықты. Қазір соңғы 40 жылда таңдай қақтырарлық бір кейіпкер шығара алмадық. Біздің алдымыздағы ендігі міндет – Әзірбайжан Мәмбетовтің даралығын дәріптеу арқылы көрнекті театр режиссерлерін дайындау. Біздің М.Әуезов театры да қарашадан бастап Ә.Мәмбетов атындағы фестиваль өткізеді. Қазылар алқасының барлығы шеттен келеді. Әзірбайжанның мерейтойы ары қарай жалғаса беруі керек. Бұл марапатқа ол әбден лайық. Кино таспаға түсіп қалса, театр өнерінің адам жүрегінен ойып орын алатын ерекшелігі бар», – дейді қазақ киносының корифейі, Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Ал Әзірбайжан Мәмбетовтің қарындасы, балет өнерінің сыншысы Ләйлә Мәмбетова ағасының атына берілген алтын шаңыраққа ақ тілегін арнады. Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының директоры Александр Майер 8 күнге жалғасатын фестивальға тек Әзірбайжанның шығармаларына арналған қойылымдар ғана қатысатынын айтты. Сондай-ақ фестиваль қарсаңында көрнекті тұлғаға арналған өзгеше форматтағы музейдің тұсауы кесілсе, шара шымылдығы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музкалық драма театрының «Ғасырдан да ұзақ түн» драмасымен ашылды.