Тарихи әділеттілік салтанат құрды
Тарихи әділеттілік салтанат құрды
529
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өт­кен Ұлттық құрылтай­да Рес­публика күнін қал­пына келтіруді ұсынған болатын. Бұл бастама көпші­лік тарапынан қолдау тауып, Парламент тиісті заң қабылдады. Осыған орай биылдан бастап бұл күн ұлт­тық мереке ре­тінде кең кө­­лемде аталып өтетін болды. Жалпы, 1990 жылдың 25 қазаны – еліміз үшін тарихи сәт. Себебі 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздік­тің басында дәл осы Егемендік туралы Декларация тұрды. Ол еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды саяси-құқықтық қадамы болды. Әйтсе де, бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын, тіпті қырық пышақ болып, қып-қызыл талас-тартыспен келгенін айта кеткен жөн. Дау-дамай Декларациядағы ұлттық мүд­деге қатысты тұстарына келгенде тіпті өршіп кетті. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен «Ұлттық мүдде» алаңының кезекті отырысында сол кездері Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, Декларацияны талқылауға қатыс­қан куәгерлер, осынау қысылтаяң шақта елдік істердің басы-қасында жүрген қайраткерлер айтып берді.
 – Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен ма­ңызына әрдайым баса мән беруіміз керек. Осы орайда Республика күнінің ұлттық ме­­рекеге айналуы тарихи әділет­тілік­тің сал­­­танат құрғандығы деп санай­мыз. Біз ұлт өмі­ріндегі тағдыршешті күн­дер мен оқи­ғалар­ды ұмытпай, ұлық­тауымыз қажет. Сол арқылы өткенге шы­найы көзқарас қа­лып­тастырамыз, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері еліміз үшін Тәуелсіздік күнінің рөлі аласармайтынына, бұл датаның қоғамдық-саяси өміріміз бен тарихымыздағы маңызы зор екеніне де назар аудартты. Оған қоса, әлемдік ахуал бүгінгідей шиеленісіп тұрған жағдайда біздің ең басты мақсатымыз мемлекет­тілікті нығайту екенін еске салды. Сон­дай-ақ ол Мемлекет басшысының бас­тама­сымен елімізде саяси жүйені жаңғыр­туға арналған ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын және Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Өкінішке орай, кейде қоғамда Дек­ларацияға қатысты атүсті көзқарас бой көр­сетіп қалатыны жасырын емес. Мем­ле­кет және қоғам қайраткері Өмірзақ Оз­ған­баев мұның себебін көпшіліктің бо­йында отансүйгіштік сезімнің жоқты­ғымен, ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқандығымен түсіндіреді. Бала тәрбиесіне аса мән беретін қазақ сәбидің жүрегіне бесік жырының әлдиі­мен бірге ана тіліне деген махаббатты да себездетіп сіңіре берген. Ал ертегі мен батырлар жыры арқылы әділеттілікті, елі мен жеріне қорған болуды, патриот болу­ды үйренеді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қолданып келген осы тәрбие тәсілдерінен ажырап бара жатуымыздың арты жоғарыда айтып өткендей, Егемен­дік Декларациясына деген құрметті солғындатып, немқұ­райлыққа соқтыр­ады. Ал болашағынан үміт күттіретін ел үшін Тәуелсіздік ең бас­ты құндылық болуы тиіс еді ғой. Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова Декларация қабылданған кезде Жоғарғы Кеңестің 360 депутатының бірі болғанын, сол тарихи сәтті басынан кешіргенін мақтанышпен айтты.
– Декларация – ғасырлар бойы қолы­на тізгін тимеген елдің өз тағдырын өзі айқындайтын деңгейге көтерілуінің белгісі. Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан өзін халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бекітті. Бұл шын мәніндегі еге­мендіктің көрінісі еді. Құжатта ел аума­ғының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы туралы стратегия­лық норма белгіленді. Сондай-ақ еліміз демократиялық құ­қықтық мемлекет құру жолымен жүретінін мәлімдеді. Декла­рация өркениетті билік жүйесіне көшудің негізін қалыптастырды. Сондықтан біз Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен маңы­зына әрдайым баса мән беруіміз керек, – дейді Бірғаным Әйтімова.
Парламент Сенатының Ха­лық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Декла­рацияның жобасын дайындаудың алдын­да Кеңес Одағын сақтап қаламыз ба, қалмаймыз ба деген Одақтық шарт тал­қы­ланып жатқан. Осыған орай арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы бо­лып академик Салық Зиманов сайланған. Комиссия құрамына 25 адам кіріп, Декларацияның бір емес, үш жобасын қатар дайындаған.
– Декларацияны талқылау 6 сағатқа созылды. Талас-тартыстың алғашқы үш сағаты өткенде депутат Мұхтар Әлиев Зи­мановтың 70 жастағы ақсақал екенін еске­ріп, қалған пікірталасты орнында отырып жүргізуге ұсыныс жасады. Бірақ Салық аға оған да болмай, 6 сағат бойы тікесінен тік тұрып, құйтырқы сұрақтарға тегеуірінді жауап берді. Сонда қазақтың жерін басып, суын ішіп жүрген Жоғарғы Кеңестің 360 депутатының 71-і Тәуелсіз­дік Декларация­сын қабылдауға қарсы шықты. Қарсы сөз сөйлегендердің ішінде ірі-ірі мекеме басшылары, «Казахстанская правда» газетінің Солтүстік Қазақстан об­лысындағы тілшісі, тіпті мектеп мұға­лімі де болды, – дейді Мұх­тар Құл-Мұхаммед қынжылыс білдіріп.
Сол кезде Қарағандыдағы Кармет­комбинаттың басшысы болған Алексан­дар Христенкоға кейін, 1994 жылы «Халық хаһарманы» деген атақ берілді. Академик Салық Зимановқа бұйырмаған атақты соған берді. Нағыз масқаралық осы емес пе! Бұл атақты мінберге үш рет шығып, қазақтың мүддесін қорғап сөйлеген Семей өңірінен сайланған үлкен агрофирманың басшысы Александр Княгининге қимадық. Ал Декларацияға қарсы шыққан Христенко алып кетті. Өкініштісі сол, біздің тарихта лайықты ерлерге тиісінше құрмет бұйырмай, барлық атақ-даңқты көлденең біреулер­ иеленіп кететін кездері аз болмаған. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева кезегі келгенде сөзін Жұбан Молда­ғалиевтің «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлеңімен бастады. Декларацияның ел өміріндегі мәні мен маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жаңа Қазақстанның болашағы жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қарым-қабілеті мен тәлім-тәрбиесіне бай­ла­нысты екеніне баса назар аудартты. Сол себепті де жас ұрпақтың бойына отан­шылдық рухты сіңіре беру керектігін ескертті.
– Әлемге әйгілі ойшыл әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», сондықтан бала тәр­биесіне балабақшадан, мектептен бастап үлкен мән беруіміз керек. Әр баланың елімді, жерімді дамытамын, гүлдендіремін, қорғаймын деген сезіммен өссе, біз үшін алынбайтын қамал болмас. Ертең еліміздің қадірін асыратын да осы ұл-қыздар. Сондықтан жас ұрпақтың саналы болып өсуі үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, – деп сөзін тұжырымдады Наталья Дементьева.
Жиынға қатысқан мемлекет және қо­ғам қайраткерлері – Нина Каюпова, Қуаныш Сұлтанов, Жабал Ерғалиев те сөз сөй­леп, Декларацияны қабылдау кезінде қан­дай қиындық-кедергілер болғанын ай­тып берді. Сондай-ақ Қазақстан стра­те­гиялық зерттеулер институты дирек­торы­ның орынбасары Алуа Жолды­балина, Пар­­ламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері және басқа бірқатар талдаушылар да Республика кү­ніне қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдірді.