Өз биігімде қалғым келеді – Роза Аманова
Өз биігімде қалғым келеді – Роза Аманова
1,038
оқылды
«Мен сені сағынғым келеді». Осы бір лирикаға толы әдемі әнді білмейтін жан кемде-кем шығар. Бірде «Аралым – ай­дын шалқарым» атты ән кешінде аталған туындының үш тіл­дегі нұсқасын тыңдап таңдай қаққанымыз бар. Әннің орын­даушысы – Роза Аманова. Құдайдың өзі Роза есімді­лердің көмейіне бұлбұл ұялатып, халық ықыласына бөленуді маңдайына жаза ма, кім білсін?! Сондай бір хас таланттың бірі, Қырғыз Республикасының халық әртісі Роза Амановамен сұхбаттасудың сәті түсті. – Роза ханым, сіз өнер жолын ерте бастадыңыз. 25 жасыңызда-ақ ман­сабыңдағы биік марапатқа ие бол­дыңыз. Шығармашыл ортада жүрген қыз-келіншекке қандай кеңес бересіз? – Иә, 25 жасымда маған Қырғыз Респуб­ликасының еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бұл – жүгі ауыр марапат. Сол үшін халық пен мем­лекет алдындағы борышымды ұмытқаным жоқ. Сол шақта Анатай Өмүркановтың сөзіне жазылған «Мен сені сағынғым келеді» атты ав­торлық туындым ел-жұрттың ыс­тық ықыласына бөленді. Қайда барсам да құрмет пен қошемет көріп жүрген кезім. Осы биікте қалу үшін барынша тырысамын. Қырғыздың қыран ақыны Бай­дыла Сарногоев айтпақшы, елуді бағындырып, шы­ғармашылық кеште халыққа есеп беретін күн келсін. Ал уақыт, өмір ағысы, күйбең тіршіліктегі жағдай мен жол түрлі ойға жетелейтіні даусыз. Сол үшін халқымыз «керексіз ойдан сақта» деп бекер айтпаған. Мұны неге ай­тып отырмын? Шығармашыл орта­да жүрген әйелдерді таби­ғаттан бө­ліп қарау мүмкін емес. Та­би­ғаттың төрт мезгілі де әсерлі. Әр мезгіл жан­ға өзінше шуақ сый­лайды. Таби­ғаттың өзі ағартушы екенін, онымен үндестікте өмір сүру үлгісін көшпе­лілер өрке­ниетін құрған ата-баба­мыздың жүрген жолынан аңғара­мыз. Бұған дәлел болар тарихи де­ректер де бар. Олардың тіршілікпен гар­монияны сақтау моделін музы­калық шығар­малардан байқай­мыз. – Өнерде еркін көсілуге туған өлкенің әсері болған шығар? – Өз басым Тоқтоғұл, Еш­ман­бет, Бекназар, Қорғол, Туу­ганбай, Сейдана сияқты өнер­паздар шық­қан Кетмен-Төбе өңі­ріненмін. Өзгелер сияқты мен де туған жерімді аңсаймын, бара қалсам аунап-қунап еркелеймін. Балалық шағымның аспаны деп жатады. Бала кезімде көк аспанда бұлттардың қозғал­ғанын тама­шалағанды жақсы көре­тінмін. Олар маған төбешік арасын­да жиын өткізетіндей көрінетін. Сол жиынға өзімнің қатысқанымды, сөз сөйлегенімді елестетемін. Кейінірек бойжеткенімде бұлт­тардың жиы­нынан өзімді таппа­ғаныма өкіндім. Кейде сол аспан менің түсіме кіреді. Балалық шақ­тағы арман-тілек орын­далуы үшін білім алу керегін бі­лемін. Сол шақта ойға алған мақ­сатқа жеткен сайын қиялымда сол аспан, сол бұлт, тұрады. Бастысы, жарат­қан­ның қолдау білдіргенін сеземін. Ата-ана тақырыбына келсек, мені асырап алған. Дәлірек айт­қан­да, марқұм атам Асан Аманов неме­ресі (қызының қызы) бол­ға­ныма қарамастан, фамилиясына тіркеді. Қайтыс болған ұлдарының орнына ұл көріп, бала кезімнен ті­леуімді тілеп, үкілеп өсірді. Әкем мені тек мойнында көтеріп жү­ретіні есімде, ол алты жасымда дүниеден өтті. Анамның мені қа­лай тәрбиелеп, қалай өсіргенін айтсам, ол – бір кітапқа арқау бо­ларлық әңгіме. Уақыты келгенде кітап та жазылады. – Сіздің қырғыз дәстүрлі ән өнеріне қосқан үлесіңіз көпке белгілі. Осы орайда дәстүрлі ән тыңдарманы азайып бара жатқаны алаңдатады. Ел ықыласын төл өнерге аудару үшін не істеу керек? – Қырғыздар дәстүрлі әнді салт­ты музыка деп атайды. 1998 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консервато­рия­ны бітірдім. Саида Еламанқызы жетекшім бол­ды. Кейінірек 2006 жылы «Қыр­ғыз­дың ұлттық музы­касы» атты диссер­тациямды қор­ғадым. Сонда жанр өзгешелігі, класификациясы туралы бірқатар мәселе көтердім. Фоль­клордағы мысалдардың ұлттық му­­зыкамен үндесін, айырмашы­лы­ғын да зерт­тедім. Осы тұста айта­рым, ма­ған Қазақстандағы консер­ва­торияның берері көп болды. Дүл­­дүлдер мектебінен тәлім алғаны­ма ризамын. Әсіресе, ұстаздарға ал­­ғы­сым шексіз. Расында, қазір дәс­­түрлі ән тыңдарманы азайып ба­ра жатыр. Сондықтан оның жа­һан­дану зама­нында жұтылып кетпе­уіне ден қой­ғанымыз жөн. Өйткені дәстүрлі ән – кез келген ұлттың өнердегі визит картасы. Дәстүрлі музыканы наси­хаттап жүр­гендер ұрпақтар сабақ­тас­тығын сақтағаны жөн. Бірақ олар еркін жұмыс істеп, өркен жаюы үшін мемлекет ұлттық өнерді қана­тының астына алғаны абзал. Егер қан­дай да бір осыған қатысты мем­лекеттік бағдарлама болса, дәстүрлі ән өкілдері өзінің ма­ңызды тұлға екенін сезінуі керек. Неге? Себебі саф өнерді ғасырдан-ғасырға тара­тып, жаңғыртып жүр­гендер тек қошеметке лайық. – Халықаралық дәрежеде қыр­ғыздың дәстүрлі өнерін наси­хаттап жүрсіз. Шетел қалай там­санады, сах­на сыртына келіп сұ­райтын тың­дарман бар ма? – Жақында ғана Бельгияда өт­кен өнер симпозиумына қа­тыстым. Симпозиумды халық­ара­лық дәс­түрлі музыка жөніндегі ха­лық­ара­лық кеңес ұйымдас­тыр­ды. Аталған кеңес 1947 жылдан бері ЮНЕСКО-ның қолдауымен жұмыс істейді. Кеңес төңірегінде түрлі топқа бөлі­ніп, тақырып тал­қылаймыз. Кезекті жиын архив материалдарына ар­налды. Дәс­түрлі музыка үшін архив материа­лы нағыз құнды қазына. Мысалы, өзім архив материалын білім беру бағытында қолдану ту­ралы баян­дама жасадым. Әрине, оқушылар дәстүрлі өнерді наси­хаттап жүр­гендермен тікелей сұх­бат­тасса жақсы. Бірақ көбі дүниеден өтіп өткен. Сол үшін архивтегі бейне, жазба, ән – құндылық мәнін түсі­ну үшін таптырмас құрал. Атал­ған симпозиумға қатысқанымда бір дүниеге тағы да көзім жетті. Дәс­түрлі ән тек ұлттың өнердегі визит картасы емес, тілдің шұрайын, мә­йе­гін сақтап, этностың рухани қай­нар көзі болып отыр. Әсіресе, қыр­ғыз халқы үшін мұның маңы­зы зор. Бұл – Мәдениет министр­лігінде қаралып, Үкімет назар ауда­ратын мәселе. – Қомыз күйлеріндегі оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілі көпті таңдандырады. Ғылыми ізде­ніске неше жыл уақыт кетті? – Иә, бұл тақырыпта 2017 жы­лы докторлық диссертациямды қор­ғадым. Қомыз күйі шеберле­рінің арқасында бізге түрлі қағыс жеткен. Сол кісілермен кездесіп, мәлімет жинау арқылы оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тә­сілін қағазға тү­сірдім. Бұған қо­мыздағы «қол биі» деп атау берсек болады. Себебі мұн­да мнемотех­ника мен синкрезис бар. Ол музы­каның бірегейлігін біл­діреді. Көбіне еліміздегі қомыз күйлері, қағыс түрлері Ниязалы мек­тебінің арқасында ұрпақтан-ұр­паққа жеткен. Оның айтуынша, қолдың әр қимылының мағынасы бар. Мысалы, ертеректе аңға шық­қан қырғыздар жемтікті үркітіп ал­мау үшін бір-біріне қолмен ымдап сөй­леген. Байқасақ, сол кездегі ым-иша­раттар қомыз күйлерінде сақ­талып қалған. – Күй өнері мен аңыз-әңгі­мелерді жинақтап жүретініңізді білеміз. Оған қоса, дастаншы екеніңіз бір төбе. Сондай бір дастан оқиғасын әңгімелеп берсеңіз. – 2000 жылы батырдың 500 жыл­дығына орай «Құрманбек» ­дас­таны жайында айтқаным тас­­палан­ды. Қазір мұрағатта сақ­тау­лы. Әлеу­меттік желідегі оқыр­манның өті­ні­шімен арагідік жа­риялап жүрмін. Баяндар болсам, осыдан бір­неше ға­сыр бұрын қырғыз-қыпшақ хал­қының Тейітбек деген ханы ғұмыр кешкен. Тұрғылықты жері Ан­жиян бағытында, Елорда Жазы деген жерде орналасқан. Сол кез­де қырғыз-қыпшақ қалмақтардан көп жәбір көреді. Тейітбек ханның әйелі Зулайқа қырық жасқа дейін бала көтермейді. Тейітбек ойла­нып, мұңайып: «Баласыз өмір сүремін бе, жеті әйел алдым, еш­қайсысынан бала көрмедім, тағы жеті әйел ала­йын, он төрт әйелден бала болмаса, Құдайдың жазғаны деп қабыл­да­йын...» – деп тағы жеті әйел алады. Алдыңғы жеті әйелдің үлкені Зулайқа перінің қызы еді. Ойлана келе, «Тейітбектің сымбатына, нұ­рына қызығатынмын. Бала кө­тер­мегенімнен, он үш әйел алып­ты. Ешкімге ондай бақыт бұ­йыр­мады» деп мұңайыпты. Тейітбек хан бір жа­ғынан «баланың үнін естіп өл­сем» деп армандайды. Бі­раз уа­қыттан кейін Зулайка жүкті болып, ұл туады. Бірнеше күн той жасап, ұлына Құрманбек деп ат қояды. Құрманбек ойнап жүріп қатарлас­тарын оп-оңай жеңеді.12 жасында өзінен үлкен жігіттерді ұрып-соғатын болады. Қырғыз-қыпшақ халқынан қы­рық жігітті іріктеп алып, қол жи­найды. Жігіт санын қырыққа тол­ты­рып, жауға аттанады. Қы­рық жі­гітіне қырық қара ат да­йындап, қы­лыш, дулыға, қалқан, най­за, қы­лыш, бар­лық қару-жа­рағын сайлап, бас болады. Сондағы батырдың жасы он алтыда еді. Осы­лайша, Құр­ман­бек қырғыз-қып­шақтың қы­рық жігітіне «Қалмақтан кек ала­мын, қалмаққа барамын» деп ұрандатады. Осындай тәрбиелік маңызы зор дастанды ел ішінде таныту – әркез мәртебе. Әлі күнге оқырмандар сұрап, іздеп оқиды. – Қазақ пен қырғызды мәде­ниет, әдебиет, кинематография мен өнер тығыз байланыстырады. Қа­лай ой­лай­сыз, қазір бұл байланыс қай деңгейде? – Қазақ пен қырғыз – төс­кейде малы, төсекте басы қосыл­ған ел. Маған «саған қай ел жү­регіңе жа­қын?» деп жиі сұрақ қоя­ды. Сонда ойланбастан қа­зақ елі деп жауап беремін. Мә­дениеті, музыкасы, фольк­лоры, тіпті аңыз-әңгімесі бізге жақын ел. Жан дүниеміз бен руханияты­мыз да бірге тыныстап тұрғандай. Сол себепті кинема­тография, өнер болмасын байла­нысымыз үзілмейді деп ойлаймын. Осыған қатысты бірқатар жобаны жүзеге асырсақ құба-құп. Бірақ дәстүрлі өнер, ән әлемінде екі елдің музы­кадағы ерекшелігін, мәдени байланысын жеткізетіндей дүние әлі өмірге келмеді. Жалпы, бір-біріне ән сыйлау, композиторлар арасында байланыс бар. – Сүйінбай мен Қатаған, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов. Бұл тізімді шексіз жал­ғастыруға болады. Ал екі елдің ән әлемін байланыстыратын кім­дер? Әсіресе, дәстүрлі ән өнеріне тоқталсаңыз. – Әрине, аталған тұлғалардың екі елдің мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Осы турасында аңызға бергісіз әңгіме айтуға болады. Өз басым консерваторияда бірге оқыған курстастарыммен қарым-қатынасымды үзгенім жоқ. Қазір өнерде бірге жол салып жүрміз. Соның бірі – Елмұра Жаңа­бер­генова. Бізден бір курс төмен оқы­са да Бағлан Бәбижан, Айгүл Байбек, Раушан Малдыбаеваны да ерекше атап өткім келеді. Мы­салы, Айгүл Қосановамен шы­ғар­машылық бай­ланысымыз берік. Қызығы сол, қыр­ғыз қыздары да Роза Рымбаева мен Бағдат Сәме­динованы өнердегі әпкеміз деп атайды. Одан бөлек, Май­­ра Ілия­сова Қазақстанда қан­дай да бір мерекелік кеш ұйым­дас­тыра қалса, үнемі мені шақырады. Өзім де бауырлас елге барып ән шыр­­қап, арқа-жарқа болып қайтамын. – Білесіз, қазаққа Республика күні қайта оралды. Осы орайда ба­уырлас елге тілегіңіз болса, мархабат. – Республика күні – егемен­дік­тің айғағы. Ал егеменді ел болу – бақыт. Көкте желбіреген бай­ра­ғыңды көріп кеудеңді қуаныш кер­неп, рухың таситын мереке. Сон­дықтан Алатаудың етегіндегі қос елдің байланысы үзілмей, ме­рейі таси берсін. Қазақ елі, елдік мәңгілік, тәуелсіздік тұғырлы бол­сын! Барша қазақстан­дық­тарды ай­тулы мерекемен құттық­таймын! – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ