Шырайлы шаһардағы игі істер
Шырайлы шаһардағы игі істер
531
оқылды
Биылғы Республика күнінің маңы­зы зор. Себебі 13 жыл бойы қатардағы жәй мереке ретінде елеусіз қалып жүрген айтулы күнді биыл Мемлекет басшысы ұлттық мереке ретінде мәртебесін қайта алып берді.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында айтты. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мереке­сі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазан­да Қазақстанның егемендігі туралы дек­ла­рация қабылданды», – деді Президент.
Шымкент қаласында осынау ұлттық мереке кең ауқымда жоспарлы түрде аталып өтіп жатыр. Атап өтер болсақ, 19-25 қазан күндері аралығында қаладағы барлық кітапханада «Менің елім – Қазақстаным!», «Жаса, жайна, Қазақстан!», «Ерікті ел – Қазақстан» атты тақырып аясында мерекелік, патриоттық, тарихи, әдеби, концерттік іс-шаралары ұйымдастырылды. Ал 20 қазан күні қаланың әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Абай аудандарында тұрғындарға арналған сазды думанды іс-шарасы, 21 қазанда «12 шағын­аудандағы» жаңадан ашылған гүлзарда мереке­лік концерт болды. Республика күніне арналған салтанатты жиын «Көрме» орталығында өтті. Қайта салынған Көрме орталығының іші мерекелік сән-салтанатқа лайықталып керемет безен­діріліпті. Оған үшінші мегаполистегі түгелге жуық зиялы қауым өкілі, қалалық мәслихаттың депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ұлттық мерекеге арналған шара Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликпен басталды. «Егемен елдің» өткені мен келешегі сараланып, Ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көр­сетілді. «Сазген сазы» фольклорлық-этно­графиялық ансамблі «Бақтыбайдың күйімен» қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Бұдан соң қала әкімі сөз алып, барша жұртты тарихи датамен құттықтады.
«Аттай 13 жылдан соң дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда. Бүгінде елімізде Әділетті Қазақстан құру бойынша ауқымды реформалар қабылданып жатыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өткен қыркүйек айында Шымкентке келген жұмыс сапары аясында қала жұртшылығымен кезде­сіп, жан-жақты айтып берді. Биыл респуб­ликалық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Билік институттары арасында өкілеттіліктер қайта бөлініп, Парламенттің рөлі күшейтілді. Қазақстанда жаңа саяси басқару моделі қалыптасты. Осының барлығы Қазақстанда демократия қағидаттарына негізделген ашық әрі әділетті қоғам құру, республикамыздың егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау және мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін атқарылып жатыр», – деді қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар қала әкімі бұл күнге Шым­кент қаласының да зор жетістіктермен жетке­нін қысқа-нұсқа баяндап берді. Үшінші мегаполис басшысының айтуынша, қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына сеп­тігін тигізіп отыр. Тәуелсіздік жылдары қала­мызға тартылған инвестицияның тең жартысы, яғни 1,8 триллион теңге соңғы 5 жылдың ен­ші­сінде. Биылғы 9 айда Шымкентке 327,9 мил­лиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өт­кен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвес­тиция көлемі 530 миллиардқа жетеді деп күті­луде.
«Қала халқының іскерлігінің арқасында Шымкент – өндірістік орталық ретінде қалып­тасып келеді. Елде өндірілетін жеңіл өнер­кәсіптің 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Жалпы, бүгінгі таңда қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын құрылыс саласы құрайды», – деп атап өткен қала бас-шысы Шым шаһардың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен азамат­тардың бірқатарын сахна төрінде марапаттап, құттықтады. Соңы елімізге танымал эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ал үшінші мегаполистегі мерекелік шара­лар әлі де жалғасып жатыр. Олардың қатарында қалалық театрларда, цирк мекемесінде, опера және балет театрының сахнасында ән шырқалып, би биленуде. Ал 25 қазан күні Арбат демалыс аймағындағы концерттік бағдарлама сағат 11:00-де басталып, сағат кешкі 19:00-де Әкімшілік іскерлік алаңындағы қалалық басқармалардың жұмыстарына байланысты дайындалған көрмеге ұласады.

Шымкент қаласы