Көк тудың желбірегені
Көк тудың желбірегені
1,854
оқылды
Алматы аспанында ең үлкен көк Ту қалықтады. Бұлай дейтініміз, кәсіби парашютші Олег Тощев ұшақтан парашютпен секіру кезінде көлемі 800 шаршы метр Туды әуеде ашты. Айтулы оқиға Қазақстан рекордтар кітабына енді. Республика күніне арналған «Ашық аспан» акциясы Іле Алатауы таулары аясында, Алматы облысының аумағында өтті.
«Тудың көлемі – 800 шаршы метр. Бұл Ту Астананың басты флагштогында (450 шаршы метр) орнатылған Тудан екі есе үлкен. Ол өте қысқа мерзімде – екі апта ішінде осы бірегей оқиға үшін арнайы жасалды. Ең үлкен Ту ретінде Қазақстанның рекордтар кітабына енеді. Секірудің биіктігі 3 000 метрді құрайды. Бұл ең танымал Шымбұлақ тау шаңғысы курортының деңгейінен жоғары», – деді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Тілек Каналин.
Ұйымдастырушылар акцияның мақсаты қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайту, сондай-ақ этносқа қарамастан бір-біріне деген толерантты қатынасты сақтау екенін айтты. Олег Тощев парашютпен секіру бойынша әлемдік рекордшы. 12 жыл ішінде ол 5 800 секіру жасады. Олег бұл іс-шараға бір ай дайындалған. Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов Тумен секіру орындалғаннан кейін ұйымдастырушыларға рекордты растайтын сертификат табыс етті.
«Рекордтың мәні – парашютші спортшылар 3 000 метр биіктікте Қазақстанның ең үлкен Туын желбіретті. Оның салмағы 90 келіге жуық және қатты материалдан жасалған. Дәл осылай биіктен оны төмен түсіру оңай емес. Акцияның өзі өте қауіпті, оны орындау да оңай емес. Тіпті, 100 метр биіктікте ауа ағындары болады, ал тәжірибелі парашютшілер бүгін 3000 метр биіктікте жұмыс істеді», – деді ол.

Айбике ЖАНАСЫЛ