Өскеменде жалғызбасты ана 13 мың теңгеге күн көріп отыр
Өскеменде жалғызбасты ана 13 мың теңгеге күн көріп отыр
298
оқылды
Бір өзі ғана жұмыс істеп, бала тәрбиелеп отырған ана облыс әкімінің жеке қабылдауында болды. – Айлығым – 88 мың теңге. Пәтердің жалдау ақысы – 60 мың. Балам балабақшаға барады. Оған ай сайын 15 теңге төлеуге тура келеді. Күнкөріске қалатыны он үш мың теңге ғана. Тұрғын үй кезегінде тұрмын. Тезірек баспаналы болуыма көмектессеңіздер, – деп өтініш білдірді Сәуле Райымбекова. Аймақ басшысы Даниал Ахметов бірінші кезекте тұрғын үй кезегін жылжыту заңға қайшы келетінін айтты. Алайда, жалғызбасты ананың жағдайын ескере отырып қала әкіміне нақты тапсырма берді. – Жақсылық Мұқашұлы, бұл кісінің жағдайы шынымен қиын екен. Қалайда қол ұшын беру қажет. Меніңше, арнайы көмек тағайындау керек, – деді аймақ басшысы. – Арнайы көмекті міндетті түрде береміз. Баспана мәселесіне келетін болсақ, қала көлемінде құрылыс жұмысы қарқын алып келеді. Өткен жылы тұрғындарға 1911 пәтердің кілтін табыстадық. Сәуле ханым 2160-шы кезекте тұр. Яғни үш жылдың ішінде тұрғын үйге қол жеткізе алады. Дегенмен азаматша мемлекеттік қызметте істейді екен. Сол тұрғыда баспана алу мүмкіндіктерін де қарастырып көрейік, – деді қала әкімі Жақсылық Омар. Айта кетейік, кеше Даниал Ахметов жеке мәселелерін айта келген бірқатар облыс тұрғындарын қабылдаған болатын. Дәурен Аллабергенұлы,  Шығыс Қазақстан облысы