Республика күні – ұлттық мереке
Республика күні – ұлттық мереке
Фото: abai.kz
1,416
оқылды
2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды.
Мемлекет басшысы: «1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Республика күні еліміздің мемлекеттілікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс» – деді.
2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде бүкіл халықпен аталып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды. Республика күні Жоғарғы Кеңестің Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күні, яғни 1990 жылғы 25 қазан күнімен байланысты. Бұл Декларацияның айрықша рөлі – Қазақстан алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ болашағының пайымдауы бар бірегей аумақтық субъект ретінде жариялануында болып отыр. 1990 жылғы Декларацияның саяси-құқықтық маңызы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңында да (1991 жылғы 16 желтоқсанда) белгіленген. Осылайша, Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту – бұл Жаңа Қазақстан өкілдерінің өз тарихи бастауын мойындауы мен ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символына айналды.