Министр 15 балаға 150 мың теңгеден астам жәрдемақы беру бастамасын түсіндірді
Министр 15 балаға 150 мың теңгеден астам жәрдемақы беру бастамасын түсіндірді
© Sputnik / Абзал Калиев
263
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жәрдемақыны 15 балаға дейін төлеу бастамасын түсіндірді. Парламент мәжілісінің кулуарында журналистерге сұхбат берген Нұрымбетов 15 баланың жәрдемақысына қатысты келеке сөз тарағанын білемін деді. Осы орайда министр бұл бастаманы дұрыс түсінуді өтінді. "2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа жәрдемақыны енгіздік. Ол баланың санына сараланады. Төрт бала болса, 42 500 мың теңге шығады, бес балаға – 53 мыңдай, алты балаға – 64 мың, ал жеті бала болса, 74 400 шығады. Ал өңірлерді аралап келген депутаттар 74 мың теңгемен шектелмеуді ұсынды. Орта есеппен бір балаға 10 600 теңге шықса, оны ары қарай сегізінші балаға да, тоғызыншы балаға да төлеу керек деді. Сөйтіп, заң жобасын әзірлеп, бүгін оны жұмысқа алды", - дейді Нұрымбетов. Оның айтуынша, заң жобасы қабылданса, жаңа жәрдемақы жеті баламен шектелмейді. Сөйтіп, 15 балаға 150 мың теңгеден астам жәрдемақы беріледі. Мәселен, қазіргі кезде республика бойынша сегіз және одан да көп баласы бар 2 451 отбасы бар. Ал Солтүстік Қазақстан облысында тұратын бір отбасы 15 баланы тәрбиелеп отыр.
"Осы отбасыда кәмелеттік жасқа толмаған және студент болып жүрген балалар бар. Егер жаңа заң қабылданса, осы отбасыға 159 000 теңгенің жәрдемақысы төленеді. Мен осыны айтқанмын. Негізгі мақсат – жәрдемақыны жеті баламен шектемеу. 15 бала тусаңыз ғана жәрдемақы беріледі деп ешкім айтып отырған жоқ. 74 мың теңгемен шектелмеу керек. Негізгі мәселе осы. Оны жасаған дұрыс қой", - деп атап көрсетті Нұрымбетов.
Министр бір балаға 10 600 теңгенің қалай есептелгенін де айтты. Оның сөзіне қарағанда, мамандар төрт баланың жәрдемақысын, яғни 42 500 теңгені алып, төрт балаға бөлген. Сөйтіп, бір баланың жәрдемақысын шығарды. "Ал осы ақшаға баланы қалай асырауға болады?" деген сұраққа Нұрымбетов: "Бұл – мемлекеттің тарапынан беріліп отырған қосымша жәрдемақы. Осыған ғана күндеріңізді көресіздер, басқа табыс табуға болмайды деген сөз емес қой. Қосымша қолдау ғана. Соған ғана асырауға болады деп ешкім айтып отырған жоқ. Бұл – қосымша жәрдемақы. Мысалы, бала туған кезде бір жәрдемақы, бала күтімі бойынша тағы бір жәрдемақы бар. Бұның барлығы – қолдау шаралары", - деп жауап берді ол.