Ірі банктердің қожайыны кім?
Ірі банктердің қожайыны кім?
© коллаж: Елдар Қаба
1,149
оқылды
Қазақстандық ірі банктердің шын қожайындары кім екені жария етілді. Бұл Әділетті Қазақ­станның, мемлекеттің өркениеттілігінің бір нышаны болса керек. Отандық жетекші банктер өз акцияларын ұстаушылардың тізімін Қазақстан қор биржасына (KASE) ұсынды. Сонда қаржылық институттардың артында кімдер тұр? Жалпы, банк секторы қандай жағдайда? Осыны талдап көрсек. Оның үстіне сала жылдың алдын ала қорытындыларын шығарып жатыр. Үш соққыға есеңгіреп, құламады S&P Global Ratings рейтинг агенттігінің Қаржылық институттар бағытының директоры Сергей Во­роненконың байламынша, қазақ­стандық банк секторы 2022 жылы естен тандырар 3 соққыны өткерді. Алдымен жыл басында елді бейбе­рекетсіздік жайлап, Қасіретті қаң­тар оқиғалары болды. Бүліктен ең көп зардап шеккен Алматы мега­полисінде бірнеше ірі банктің бө­лімшелері тоналды, кеңселері қи­ра­тылып, өртелді. Ол шығындарды банктердің өзі көтерді. Әйтпесе, әлеуметтік нысан емес, мем­лекет­тен тағы көмек сұ­раса, жарамас. Артынша, 24 ақпанда Ресей көр­шісіне соғыс ашып, Батыстың ауыр санкцияларының астында қалды. Бұл қазақстандық банк секторына теріс ықпал етті. Себебі, Сбербанк сол кезде еліміздегі №2 банк атанып үлгерген: активі 3 трлн 166,8 млрд теңгеге жетті, онда мем­органдар, ұлттық компаниялар, биз­нес пен халық 2,2 трлн салымын сақтады. Бұл алпауыт банкрот бо­лып, қаржы секторын және ел эко­но­микасын алатайдай бүлдіргелі тұр­ғандықтан, оны амалсыз мем­лекет «Байтерек» холдингі арқылы сатып алып, ата­уын «Береке банк» деп өзгертті. Ресейлік Альфа банк те алыптар қатарында, 6-шы орында тұрған болатын: активі 758,7 млрд теңгені құрады, онда сақталған жинақтар көлемі 534,3 млрд теңгеге жетті. Санкциядан жүрелеп қалған ре­сейлік банктің 100% акциясын 2022 жылғы 6 сәуірде ЦентрКредит банкі сатып алды. 13 мамырдан бастап, ол «Eco Center Bank» АҚ атал­ды. Қыркүйектің басында бұл банк ЦентрКредит банкіне жұ­тылды: толық қосылудың аяқтал­ғаны мәлімделді. Тиісінше, Eco Center Bank қызметін тоқтатып, ли­цензиясының күші тоқтатылды. Яғни, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1994 жылы Қазақстан нарығын игеруге бірінші болып кіріскен ресейлік бұл банк өз та­рихын осылай абыройсыз аяқтады. Бүгінде Қазақстанда жалғыз ресейлік банк қалды, ол – ВТБ. Ол жабылмайтынға ұқсайды: Ресей мемлекеті қолдау көрсетуде. Өйт­кені қаржыгерлердің түсіндіруінше, Қазақстандағы Ресей елшілігі, кон­сулдықтары, РФ Үкіметі қаржы­лан­­дыратын түрлі ресейлік ұйым­дар, орыс православ шіркеуі осы банк арқылы қаржыландырылады екен. Банктер саны азаю үстінде Үшінші соққы – аймаққа сал­мағын салған санкция қауіп-қа­терлерінен және геосаяси дауыл­дардан ушыққан экономикалық дағдарыс болды. Жыл басында ха­лық, бизнес жинақтарының үлкен бөлігін банктерден әкете бастады: біразы үйінде сақтауға көшті немесе көлік сатып алды, енді бірі шетелге әкетті, өзге елдердегі жылжымайтын мүлікке салды. – Қаңтар оқиғалары, Ресей-Украина қарулы жанжалы, батыс­тық санкциялар аясында 2022 жыл­ғы қаңтар-мамыр аралығында банк секторынан клиенттер шама­мен 1,6 трлн теңгесін алып кетті. Бірақ банктер өздеріне деген се­німді тез қайтара алды. Жаздың үш айында банктерге 4 трлн теңге түс­кен. Бұл барлық клиенттің банк­тер­дегі жинағының 14%-ына тең. Әрине, оның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым­дар­дың, компаниялардың қаражаты бар. Жалпы алғанда, біздің рейтинг агенттігіміз Қазақстанның банк секторын орнықты деп санайды. Ол барлық стресті жағдайларға шыдас бере алды. Бұл қорытынды S&P рейтинг агенттігінің 10 қазанда жарияланған есебінде көрініс тап­ты, – деп жоғары бағалады қар­жыгер Сергей Вороненко. Оның тұжырымдауынша, ком­мерциялық банктердің капи­та­лизация және өтімділік көр­сет­кіштері биыл жақсы қарқынмен өсіп жатыр. Қаржыгер бұрынғы дағдарыстар тұсында басталған отандық банк секторының пробле­малық активтерін реттеу ісі аяғына таяп қалғанын айтты. Жалпы алғанда, әлемді және елді қанша күйзеліс қысқанымен, банктер баюын жалғастырды. Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төра­йы­мы Мә­дина Әбілқасымова да жа­сырмады. Оның дерегінше, банк секторының активтері 2022 жыл­ғы 1 қыркүйек­тегі жағдай бойынша 41,5 трлн теңгеге жеткен. Осы­лайша, жыл ба­сынан бері актив-ауқаты 10,3%-ға немесе 3,9 трил­лион теңгеге өсті. Бірақ бұл байлықтың 80 пайыз­дан астамы небары 9 банкке тиесілі. Яғни, саладағы активтер бір топ банктің қолында шоғырланған. Қазіргі кезде Қазақстанда 21 банк қалды. Оның 13-і – шетелдік үлесі бар банктер. Банктерге иелік еткен бақыттылар кім? Қазақстанның ең ірі мемле­кеттік емес қаржылық ұйымы са­налатын Халық банкі, ресми түрде «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ 2022 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша өз акционерлерінің ті­зімін Қазақстан қор биржасына ұсынды. Оған сәйкес, Халық бан­кінің жай акцияларының жалпы саны 25 миллиард дананы құрайды. Соның ішінде 13 447 544 782 жай акциялары биржада орналасты­рылған. Бұл банктің қос акционері бар. Соның ішінде «АЛМЭКС» Холдингтік тобы» АҚ бақылаушы пакетке ие: 7 583 538 228 жай акция немесе жалпы санының 69,52%-ы тиесілі. Ал екінші номиналды ұс­таушы The Bank of New York аме­рикалық холдингтік компания­сы­ның еншісінде банктің 3 109 033 040 акциясы немесе 28,50%-ы бар. Еліміздің тағы бір көшбасшы қаржылық ұйымы «Kaspi Bank» АҚ биржаға жай акцияларының жалпы саны 39 млн данасын шығарған. Оның артықшылықты-приви­ле­гиясы акцияларының саны – 500 мың. Каспи банктің қожайыны жалғыз – «KASPI GROUP» АҚ. Оның меншігінде 17 668 952 акция (банктің орналастырылған акция­ларының жалпы санының 88,34%). Мұндағы басты тұлғалар: Вячес­лав Ким және Михаил Ломтадзе. Атап өту керек, Kaspi.kz компа­ния­сында жағдай өзгешелеу: Baring Vostok қорына жай акциялардың 54 808 099 данасы немесе 28,67%-ы, В.К.Кимге – 46 380 152 данасы ­не­месе 24,26%-ы, М.Ломтадзеге 44 774 453 данасы немесе 23,42 пайызы тиесілі. «Bereke Bank» АҚ (бұрынғы Сбербанк) жай акцияларының жалпы саны – 18 млн. Соның 12 839 114-і биржада саудаланады. Бүгінде оның жалғыз қожайыны – Қа­зақстанның «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. «ForteBank» АҚ да өз ак­цио­нерлерінің тізілімін жария етті. Банктің жарияланған жай акция­ларының жалпы саны – 150 млрд дана. Соның ішінде 92 387 104 089 жай акциялары биржада орналас­тырған. Банктің жалғыз қожайыны – миллиардер, меценат, кәсіпкер Болат Өтемұратов. Оның менші­гінде банктің шамамен 80,8 млрд жай акциясы (жалпы санының 89,32%) бар. «Еуразиялық банк» АҚ-ында биылғы 1 қазанындағы жағдай ­бо­­йынша жай акцияларының жалпы саны 2 миллиардтан аса­ды. Ар­тық­шылықты акциялар саны – 3 млн. Банктің 20 960 389 жай акциялары биржада орналас­ты­рылған. Ал при­вилегиялы ак­ция­лары сатылмайды. Бұл банктің жалғыз акционері «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ. 2021 жылғы 15 шілдеден бұл компа­ния­ның акционерлері болып, Му­ка­дасхан Ибрагимова, Патох Шо­диев, Александр Машкевич есеп­теледі. Әрқайсысының иелі­гінде 33,3% акциялар бар. «Банк ЦентрКредит» АҚ жай акцияларының жалпы саны 1 211 140 611 дана, ал артықшылықты акцияларының саны – 39 249 255 дана екені анықталды. Оның 188 029 035 жай акциялары және барлық артықшылық акциялары биржада орналастырылған. 1 қаза­нындағы жағдай бойынша оның екі қожайыны тіркелген: басты иесі, негізгі акционері 64 жасар қар­жыгер, тәжірибелі банкир, Қазақ КСРО қаржы министрі Рымбек Байсейітовтың ұлы Бақытбек Бай­сейітов 91 146 273 жай акцияларға (48,47%) ие. Ал экономист Вла­дислав Ли 20 984 491 жай акциясын (11,16%) қанжығалапты. Қазақстандағы ресейлік «Home Credit Bank» АҚ санкцияға түсіп қалмау үшін өз активтерін чехиялық акционерлеріне сатуға күш салып жатқаны хабарланған. Ол ниетін жүзеге асыра алыпты. 1 қазандағы жағдай бойынша банктің жария­ланған жай акцияларының жалпы саны 160 240 дана екені, оның 34 890 жай акциялары биржада орна­ластырылғаны белгілі болды. Қожайындары келесілер: «Хоум Кредит энд Финанс Банк» ЖШҚ (үлесі 25%), Home Credit Бас атқа­рушы директоры Иржи Шмейц (9,70%), Home Credit BV Бас дирек­торы Жан-Паскаль Пьер Александр Дювьесар (9,70%), Ладислав Бар­тоничек (9,70%), Павел Розегнал (9,60%), Катерина Йираскова (9,60%), Павел Горак (9,60%) және Карел Горак (9,60%. Бұлардың бәрі де – чехтар. Жусан банкке ие «First Heartland Jusan Invest» АҚ 2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жай акцияларының жалпы саны 110 млн екенін хабарлады. Ком­панияның 19 934 411 жай акция­лары биржада орналастырылған. Оның қожайыны жалғыз: «First Heartland Jusan Bank» АҚ: 18 937 691 жай акциясы (100%) соның мен­шігінде. Биылғы шілдедегі жағдай бо­йынша Jusan банкінің 78,23% акциясы «First Heartland Securities» (FHS) АҚ-ының, қалған 20,11% акциясы «Қазфосеаттың» және АТФ Банкінің бұрынғы қожайыны Ғалымжан Есеновтің еншісінде. «Bank RBK» Банкі» АҚ жай акцияларының жалпы саны 160,6 млрд екенін жеткізді. Артықшы­лықты акциялар саны – 500 мың. Банктің 1,6 млрд-тан астам жай акциялары және 450 000 артық­шы­лықты акциялары биржада орна­ластырылған. Оның 2 қожайыны көрсетілген. Біріншісі «КСС Фи­нанс» ЖШС 1,4 миллиардтан астам акцияны немесе 89,71%-ын мен­шіктеген. Оның ақырғы акционері – Владимир Ким. Компанияның басқарма төрағасы және ірі өкілі – Болат Жәмішев. Банктің қалған 104 228 751 акциясын, 6,49%-ын осы банктің басқарма төрағасы Наталья Акентьева қанжығасына бөктерді. Қорыта айтқанда, отандық банк секторында қуантарлық та, көңілге қаяу саларлық та жайттар жетерлік. Жақсысы сол, сала дағдарысқа төтеп беруде. Жаманы сол, банктер саны барған сайын азаю үстінде. Егер 1993 жылы елде 204 банк болса, қазір 21 ғана қалды. Салыс­тырсақ, қырғыз Ұлттық банкінің 2022 жылғы 3 қазандағы мәліметіне сай, 7 миллиондай ғана тұрғыны бар Қырғызстанға бүгінде 23 банк қызмет етеді. Қырғызда да банк саны бізден көп. Яғни, қожайыны кім болсын, әй­теуір қазақстандық банк секто­рын олигархтар басып алып, шек­тен тыс олигополияландырғаны байқалады.