Ералы Тоғжанов елордадағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады
Ералы Тоғжанов елордадағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралады
286
оқылды
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды  аралады. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында Ералы Тоғжанов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасы аясында тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру бойынша жұмыс барысымен танысты. Орталықта  «бір терезе» қағидаты бойынша  12 мемлекеттік орган мен мекеме  70-тен аса мемлекеттік қызмет көрсетеді.  Орталыққа келушілер денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, балаларды кезекке қою, өз ісін ашу, жұмысқа орналастыру, атаулы әлеуметтік көмек алу, «Кәсіпкер ана» жобасы, психологиялық көмек беру сияқты мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап ала алады.  width= Жалпы алғанда орталық қызметкерлері орта есеппен күніне 250 адамға қызмет көрсетеді. Былтырғы жылдың тамызында ашылған орталыққа  бүгінгі күнге дейін 11 мың адам  24 мың сауалмен  жүгінген. Олардың 18 мыңына жүйелі кеңес беріліп, 6 мың адамның мәселесі бірден шешімін тапқан. Ералы Тоғжанов орталық қызметкерлеріне тұрғындар арасында көпбалалы отбасыларға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген мемлекеттік жәрдемақыны рәсімдеу мен төлеудің шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды. Қазіргі күні жәрдемақы 372 мың отбасына тағайындалған. Сонымен қатар, Премьер-Министрдің  орынбасары атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа тәсілдерімен танысты. Жаңа тәсіл бойынша атаулы әлеуметтік көмектің классикалық моделіне қайта оралуды да қарастырып отыр.(тоқсан сайын АӘК- ке жүгіну, 70 пайыздық өңірлік күнкөріс мөлшері критерийі бойынша) . «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы атаулы әлеуметтік көмекті алушыларға ешқандай оқусыз жеңілдетілген шағын несиелер мен гранттар қарастырылған. Ералы Тоғжанов атап өткендей, АӘК-пен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері   ашықтықты,  әділдікті  және еңбекке ынталандыруды көздейді. «Жұмыссыздарға міндетті түрде жұмыс ұсынылады. Егер бұл топтағы адамдар ұсынылған жұмыстан бас тартса, оларға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Бұны сіздер тұрғындарға жеткілікті деңгейде түсіндірулеріңіз қажет»,- деп тапсырды Премьер-министрдің орынбасары. Нұр-Сұлтан қаласы Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожинаның айтуынша, бас қалада  табысы аз отбасылардың  балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады.  Оның ішінде  тегін тамақ, мектеп формасы және жолда жеңілдікпен жүру бар.  width= Сонымен қатар, көпбалалы аналарға «Кәсіпкер ана» жобасы аясында цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік қарастырылған. Бұдан кейін Премьер-министрдің орынбасары елордадағы №2 қалалық емханасына барып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің (МӘМС) қалай енгізіліп жатқанымен танысты. Ералы Тоғжанов тұрғындардың тегін медициналық көмектің  кепілдендірілген көлемімен қаншалықты қамтылып отырғанын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көмектің қандай түрлері кіретінін сұрады. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықованың айтуынша,  алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен (АМСК) елорда тұрғындарының тек 1 пайызы ғана қамтылмаған. Бұл 35 434 адам. Олардың 22 мыңы сырттан келгендер санатында. 10 мың адам тіркеуден бас тартқан. Оның мәліметінше, бас қаладағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған 93 медициналық ұйымдардың бәрінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрі көрсетіліп отыр.  width= «Бүгінгі күні елордалықтардың 92 пайызы сақтандырылған. 35 мың адам қамтылмаған. Бірақ әлі уақыт бар. Қала бұл бағыт бойынша дайын. Пациенттерді қабылдап отырған кез-келген медициналық мекемеде оған қатысты ақпарат  автоматты түрде көрінеді. Егер адам сақтандырылмаған болса, ол бірден бақылауға алынып, қажетті медициналық қызмет көрсетіледі»,- деп атап өтті Премьер- министрдің орынбасары. «Көрсетіліп отырған медициналық қызметтің сапасына сараптама жасау маңызды.  Тұрғындардың арасында аурудың алдын алу, оның ішінде созылмалы ауруларды болдырмауға көңіл бөлу қажет.  Медициналық көмек уақытылы көрсетілуі үшін жедел жәрдем қызметіне  жүгінушілер  есепке алынып отыруы керек»,- деді Ералы Тоғжанов. Елорда тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мәселесі  қаладағы орталық теміржол ауруханасында жалғасын тапты. Ералы Тоғжанов бұл жерде былтыр жыл аяғында жөндеуден өткен стационар жұмысымен танысты. Премьер-министрдің орынбасары  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қазанда елорданы дамыту мәселелеріне арналған жиында  60 жыл бойы жөндеу көрмеген, медициналық құрал-жабдықтары әбден ескірген аурухана ғимаратын сынға алғандығын еске салды. «Бұл нысан Қазақстан Президентінің бақылауында. Ол жақында осында болып, нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Президент тапырмасы орындалды.  Жөндеу жұмыстары  аяқталып, аурухана қазір жұмыс істеп тұр. Хирургиялық блок қана жөнделіп жатыр. Осы жылдың аяғында дейін жоспарға сәйкес аяқталуы тиіс.  Бұны мен де жеке бақылауыма аламын»,-деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Орталық жол  ауруханасы 2018 жылдың 14 мамырында республикалық меншіктен  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің  коммуналдық меншігіне берілген. Оның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2 жылда әкімдіктен 1,2 млрд теңге бөлінді.