Тағдырдың тауқыметін тартып, шыр етіп дүниеге келгеннен мүмкіндігі шектелген әлжуаз жандар қоғамның қамқорлығына мұқтаж. Олардың жүрегі нәзік, көңілдері қаяу. Біреуінің жазылмайтын жан жарасы бар, ал енді бірін тән жарасы мазалайды. Осындай жарым көңілді жандардың көңілін аулап, жүректеріне жол тауып жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жүректің қалауы болмаса, қамкөңілдерге қарайласуға екінің бірі шыдамайтыны да сондықтан. Ол үшін адамға керегі – мейірімділік пен ізгілік.
Бүгінде елордадан 135 шақырым, ал Ақмола облысы, Ақкөл қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 370 емделуші бар. 2005 жылдан бері жұмыс істейтін орталықтағы қызмет алушылардың сырқаты да әртүрлі. Олардың арасында қаусаған шағында жалғыз қалғандар мен туғаны көзі тірісінде бас тартқан қарттар да бар. Мұндағы шизофрения, эпилепсия, аутизм, ақыл-есі кем, даун, альцгеймермен ауыратын науқастардың өзінде диагноздары сатылап бөлінеді. Аяқ-қолы жұмыс жасамайтын, төсек тартып, арбаға таңылғандар саны 32-ге жеткен. Ал осындай бір секундқа қараусыз қалдыруға болмайтын емделушілерді тәулік бойы күзетіп, сәт сайын жағдайын бақылау үшін әр емделушіге бір-бір күтушіден керек. Орталықтағы 270 қызметкер күн сайын оларды тәулік бойы бақылап қана қоймай, әрбір емделушіге мейірімділік танытуы тиіс. Мұндағы қызмет алушылардың ең көбі – шизофрения мен аздап ауытқуы бар, ақыл-есі кем диагноз қойылған адамдар. Көбісінен әке-шешесі бас тартқан немесе ата-ана құқығынан айырылғандар. Себебі, барлығы жеңіл сырқатпен ауырмайды. Яғни жыл өткен сайын олардың денсаулық жағдайы да нашарлай береді деген сөз. Сондықтан орталықтың әрбір қабатында медициналық пост қойылған. Ондағы маман тәулік бойы қызмет алушыларды кірпік қақпай бақылап отырады.
Осындай маңызды міндетті мойнына алып, емделушілерді ет жақынындай жанына жақын тартатын орталықтың медбикесі – Әсел Олжабаева. Жолдасы – Талғат Хизатұлы да жан-жары Әселмен бірге қамкөңіл жандарға қарайласып келеді. Айта кету керек, биыл Олжабаевтар әулеті Астана қаласында өткен «Мерейлі отбасы» сайысына қатысып, екінші орынға ие болса, Ақкөл аудандық «Толағай» отбасылық спорттық сайысына қатысып, үшінші орынды меже тұтты. Жеті баланы тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар отбасымен қатар орталықтың қоғамдық жұмысына да белсене атсалысады. Ізгілік жолында жүрген отбасының отанасы Әсел Жұмагелдіқызының орталықта қызмет істеп жүргеніне алты жыл болыпты. «Ақкөлге 2013 жылы көшіп келдім. Алғашқы үш жыл балабақшада мейірбике болып қызмет еттім. Бір күні осы орталық туралы, ондағы емделушілерге күтім керек екенін, ондағы жандарға адамдардың мейірімі мен жанашырлығы қажет екенін естіген бойда жұмысымды ауыстыру туралы шешімге келдім. Жүрегім қалады. Өзім жеті баланың анасы болғандықтан сауабын алайын, ертеңгі күні осы жасаған жақсылығым балаларымның алдынан шығарына сенемін деген үмітпен өзіме ауырлық тудыратынын біле тұра саналы түрде сауапты іс қылуға бел будым. Орталыққа тәжірибеден өтуге келген қызметкерлер алғашында қорқып жатады. Менде ондай сезім болған жоқ. Өйткені, олар да адам баласы. Әрине, жұмыс оңай емес. Жауапкершілік көп. Орталықтағы қызмет алушылардың барлығы қамқорлыққа зәру», – дейді Әсел Олжабаева.
Өзіне жүктелген міндеттің жүгі ауыр екенін білетінін, бірақ жүрек қалауымен таңдаған жұмысы қатты ұнайтынын айтқан ол: «Осы жұмысқа орналасар алдында емделушілердің психологиялық және физикалық жағынан кемтар екенін естідім. Олармен тіл табыса алам ба, жауапкершілігі мол жұмысты арқалап жүруге қауқарым жете ме деген қобалжу болды. Сол үшін ғаламтордан ондай адамдармен қалай тіл табысуға болатынын алдын ала біліп, моральдық тұрғыда үлкен дайындықпен келдім. Олардың сұрайтыны – байлық емес, мейірім ғана. Мейіріммен қарап, түсіністік танытып, қамқорлық көрсете білсең, олар үшін содан артық ештеңе керек жоқ. Жүрегіңнің жылылығын сезіндіре білсең, мылқау мен саңыраудың да ойын айтқызбай түсінуге болатын қабілетке ие болады екенсің», – деп ағынан жарылды.
Ғұмырын әлеуметтік қызмет көрсету саласына арнап, халықтың әл-ауқатын арттыруда аянбай еңбек етіп жатқан жандар аз емес. Осы салада бірге қызмет етіп жүрген отбасылардың бірі – Гильмановтар әулеті. Орталық ашылған жылдан бері әулеттің отағасы Такей Раисович сантехник болып жұмысқа орналасты. Кейін жылу беру қазандығының операторы ретінде еңбек ете жүріп, адал еңбегімен көзге түсіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі үшін сан алғысқа ие болды. «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі де оған мейірімділігі үшін берілген бағаның бір парасы ғана болса керек. Ал оның өмірлік қосағы Айнұр Нығыманқызы 14 жылдан бері шаруа бикесі болып жұмыс істейді.
Жарымжан жандарға жылуын беріп, қиын өмірлік жағдайды еңсеру үшін барынша қолдау көрсетіп келе жатқан әлеуметтік сала қызметкерлері өзгелерге үлгі, айналасына сыйлы. Себебі, әулетімен әлеуметтік салада еселі еңбек етіп, адамгершіліктің асыл үлгісін көрсетіп келеді. «Мейірім – жүректен, пейіл – тілектен туады» деп дана халқымыз айтқандай, қайырымдылықты қалтасынан да жоғары қойған аяулы маман иелері қандай мақтауға да лайықты.
Алғысқа бөленген мамандық көп. Бірі дертімізге дауа іздейді, бірі құқығымызды қорғаса, үшіншісі білімді ұрпақ тәрбиелеуде тер төгіп келеді. Өз ісінің хас шеберлері атақ пен абыройға да бөленіп жатады. Дұрыс қой, әрине. Еңбегіне сай абыройы артып, әлеуметтік статусы айқындалса, артық етпейді. Алайда осы тізімге қосыла алмай келе жатқан сала мамандары да баршылық. Соның бірі – әлеуметтік сала қызметкерлері. Әйтпегенде әрбір емделушінің бабын табудың өзіне табандылық керек. Мысалы, өзге түгілі өз баласының жөргегін ауыстырғанға жиіркенетін заманда ересектердің жөргегін уақытылы ауыстырып, жуындырып, төсекке таңылғандарға тапжылмай тәулік бойы қызмет ететіндердің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Саналы ғұмырын сауапты іс қылуға арнап, алғыс арқалаған аяулы жандардың еңбегі ескерусіз қалмаса дейсің.