Қазақ күресінен "Turan Barysy" Азия кубогының жеңімпаздары анықталды
Қазақ күресінен "Turan Barysy" Азия кубогының жеңімпаздары анықталды
646
оқылды
29 қазанда Түркістан қаласында Olympic center спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен өткен «Turan Barysy» Азия Кубогында Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды. Жарысқа түркі мемлекеттері ұйымының алты елі – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысты. Спортшылар жеті салмақ санатында белдесті: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта.  width= Азия Кубогының финалына Қазақстан мен Өзбекстан командасы шықты. Қазақстандық балуандар өзбек спортшыларын 4:3 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды. Ақтық сында 90 келіден жоғары салмақта қазақстандық Ғалымжан Қырықбай өзбекстандық Мухсин Хисомуддиновты белдесуде жеңіп, Қазақстан құрамасына жеңіс әкелді. Қырғызстан балуандары 4:3 есебімен Әзербайжан командасын жеңіп, турнирдің 3-орын иегерлері атанды. Жеңімпаз командаларға жүлде қоры тағайындалып, кубок ретінде Түркістан символы тайқазан берілді. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан өтіп жатқан турнирдің маңызды екенін айта келе, министрлік әрдайым ұлттық спортты дамытуды қолдайтынын жеткізді. «Қазақ күресі түркі жұртына етене жақын өнер түрі. Байырғы бабаларымыз балуандықты нағыз жігіттің ерекше сипаты деп білген. «Turan Barysy» болашақта спортсүйер қауымның қызығып тамшалайтын үлкен жобасына айналады деп сенемін», - деді Дәурен Абаев.  width= Өзбекстан ұлттық құрамасының бапкері Носир Азизов финалдық белдесу жайлы ойын айтып, күміс жүлдені қанағат тұтатынын жеткізді.
«Бізді Қазақстан жақсы қарсы алды. Финалды бәріңіз көрдіңіздер. Қазақстаннан бұрын белдеспеген жас балуандар өнер көрсетті. Финалға көңіліміз толады, себебі үш жыл үзіліс болып жарысты сағындық. Желтоқсанда қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз», - деді Носир Азизов.
Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Ерлан Естек:
«Ұлттық құрамаға былтыр Қазақстан чемпионатында үшінші орын алған балуандар жиналды. Басқа балуандар желтоқсанда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Қазақ күресіне қызығушылық танытсын деп ұлттық спортымызды дамыту үшін құраманы осылай жасақтадық», - деді Ерлан Естек.
«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің Төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша: «Жалпы Қазақ күресі мыңдаған көрерменді жинайтын, ерекше құрметке ие, танымал спорт түрі. Осындай сұранысқа ие байрақты бәсеке біздің ұлтымыздың өзіндік ерекшелігін, салт-дәстүрін насихаттауда көп мүмкіндік береді. «Turan Barysy» секілді турнирлерді көбірек ұйымдастырған сайын қазақ күресіне деген қызығушылық артып, оның ауқымы да кеңейе түсері сөзсіз».  width= Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өтті. Бұдан бөлек, «Turan Barysy» жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды. Шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, «Qazaq kuresi» қауымдастығы, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, демеушісі – Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры.