Astana Media Week: «Жаңа дәуір – жаңа медиа»
Astana Media Week: «Жаңа дәуір – жаңа медиа»
533
оқылды
Елордада Astana Media Week аяқ­талды. 26-28 қазан аралығында өт­кен медиа апталықтың негізгі тақы­ры­бы – «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Ақпарат және қоғамдық даму минис­трі Дархан Қыдырәлі Astana Media Week алаңында жаңа және дәстүрлі медианың негізгі проблемасы, коммуникация сала­сын­дағы маңызды мәселелер талқы­лана­тынын айтты.
«Аудиторияны сенімді ақпаратты тани білуге машықтандыру арқылы ғана фейк­нью­сті азайта аламыз. Дезин­формация­мен күресу үшін аудиторияны жалған мен шын ақпараттың аражігін ажыратуға үйрету, медиасауат ұғымын ұлғайту дұрыс. Жеке медиа, инфлюсер не редакциялар сөз жауапкершілігін, ақ­параттың салдары­нан болатын сал­мақ­ты сезінуге тиіс. Бұл орайда медиа мек­тептер ашу, оның ішінде медиасауат бойынша білім беру біздің тікелей мін­детіміз. Жаңартылатын бұ­қара­лық ақпа­рат құралдары туралы заң жобасында бір­қатар жаңалық болады деп күтілуде. Ақпаратқа қол жеткізу, журна­лис­тердің мәртебесін, кәсіби құзыретін арттыру және тағы басқа бірнеше өзгеріс енгізуді жос­парлап отырмыз», – деді Дархан Қыдыр­әлі.
Медиа апталықтың алғашқы күнінде «Медиа өлшемдер. Олардың дамуының халықаралық тенденциясы мен Қазақ­станда іске асыру мүмкіндігі» тақы­рыбын­да пікірталас өтті. MediaHills бас дирек­торы Андрей Бояринов бұрын қазақстан­дықтар тұтынатын негізгі контент болған­дықтан, бірінші кезекте телеарналарды талдау өзекті болса, қазір әлеуметтік желі, онлайн кинотеатр және мобильді қосым­шалар кең қолданыста. Бұл орайда MediaHills «Қазақтелеком» АҚ және ҚР АҚДМ-мен қазақстандық телеарналар мен хабарлардың рейтингін жасау бойын­ша бірлескен жобамен айналысуда. Қазір өлшемдер Қазақстан­ның 76 қаласында іске қосылып, 1,5 миллион халықты қам­тып отыр. Ресейде бұл көрсеткіш 20 мил­лион адамға жетеді. Meta – Astana Media Week-тің жеке тақы­рыбы болады. Метағалам – цифрлық шындық, миллиондаған адам желіде кез­десіп, виртуалды кеңістікте өзара әрекет­тесетін 3D виртуалды әлем. Метағалам интернет дамуының келесі кезеңі болады деп болжануда. Meta басқарушы дирек­торы Джордж Ченнің айтуынша, Қазақ­станда Facebook, Instagram, Messenger, топтар, WhatsApp және тағы басқа Meta қосымшаларын пайдаланатын 17 мил­лион­ға жуық белсенді қолданушы бар. Сондай-ақ «Жаңа дәуір – жаңа медиа» пленарлық сессиясы барысында Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы Анастасия Панина сөз сөйлеп, TikTok-тың қазақ тіліне аударылатынын хабарлады. Astana Media Week-тің екінші күні «Қазақстандағы жарнама медиа нарығы: қазіргі жағдайы, даму перспективасы мен драйвері» тақырыбында пікірталас өтті. Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылары мен ірі ТВ сейлз хаустардың өкілдері биылғы бірінші жартыжылдық­тың нәтижесі бойынша Қазақстанның жар­нама нарығы былтырмен салыс­тырғанда төмен нәтиже көрсетті. Оның негізгі се­бебі – саяси және экономикалық дағда­рыс, бірінші жартыжылдықтағы ішкі сая­си оқиғалар және тағы басқа. Сыртқы жағдайлар да кері әсер етті: логистиканың бұзылуы, бірқатар тауар мен қызмет құнының өсуі, валюталық ауытқулар. жаңа дәуір – жаңа медиа Сондай-ақ медиа шарада «Сериалдар индустриясының жаңа көкжиегі» тақы­рыбы талқыға түсті. Мұнда «Хабар» Агент­тігі» АҚ, «Қазақстан» РТРК» АҚ, «31 арна» және басқа да медиа өкілдері 2023 жылға арналған жаңа сериалдар бо­йынша идеялар мен ұсыныстарды ортаға салды. Жеке секцияларда жур­налис­тік кадр даярлау мәселесі талқы­ланды. Сондай-ақ Сенат пен Мәжіліс депутат­тары, АҚДМ және құқық қорғау ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Журналист мәртебесі» атты дөңгелек үстел, «Баспасөз трансфор­мациясы» тақырыбында панель­дік сессия өтті. Astana Media Week-тің басты ерекшелігі – жеке бір күн өңірлік БАҚ-ты дамыту тақырыбына арналды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастама­сымен еліміздің барлық өңірінен медиа сала өкілдері өңірлік медианы дамыту, сондай-ақ отандық БАҚ-ты нығайтуға қатысты отандық заңнамаға енгізілетін өз­герістерді талқылау үшін Қазмедиа орталығына жиналды. Астанаға 2 мыңнан астам қонақ, оның ішінде Қазақстан мен шетелдің медиа индустриясының 150-ден астам топ-менеджері және 50-ден артық продакшн-компания идея мен тәжірибе алмасуға келді. Күн тәртібінде медиа нарықты дамыту перспективасы ғана емес, соны­мен қатар медиа сауат пен білім беру, кадр­лар тапшылығы, кәсіби этика, теле­арна­ларды техникалық жарақтандыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мә­селе­лері де талданды. Коммуникация­лар, медиа-менеджмент, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу бойынша семинар­лар мен шеберлік сыныптары өтті. Бұл форумды Қазақстанның баспасөз қызмет­терінің өкілдері де асыға күтті. Сарапшы­лар олар­ға арнап баспасөзбен дұрыс қарым-қаты­нас жасау, дағдарыс жағда­йында жедел жұмыс істеу және медиа этика үшін қа­жетті біліктілік бойынша шеберлік сы­нып­тарын дайындады. Медиа апталық аясында бас редак­тор­лар форумы өтті, «Контент-маркет» көр­месі ашылды. Оған 15 телевизиялық ком­пания, 50-ден астам продакшн студия мен басқа да БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар медиа сала өкілдері үшін компанияның өңірлік серіктесі Рауан Кенжеханұлының Coursera for media шеберлік сыныбы, Nickelodeon телеарна­сы мен Turanews.kz жаңа ақпараттық порталының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Astana Media Week-2022 үздік баспасөз қызметі мен баспасөз хатшысы марапаттау, баспасөз, радио, интернет журналистика саласындағы үздіктер үшін берілетін «ҮРКЕР» сыйлы­ғын салтанатты түрде табыстау рәсімімен аяқталды.